Қарияның қадірі

0
100

Бала кезімізде ауылда күмістей жарқыраған аппақ сақалы өзіне құп жарасқан жүзінен нұры, көзінен оты шашыраған қариялар болушы еді. Олар отыра қалып малақайын шешкенде, ішінен тағы бір жұқа тақия көрінетін. «Кімнің баласысың, ей»? – дейтін. Бірақ кімнің баласы екеніңді өздері-ақ сезіп тұратын. «Қайдан білдіңіз»?–десең. «Көзің айтып тұр»–дейтін. Қалталарынан уыстап кәмпит алып шығып жағалай тарататын.
Кейбіреуінің тіпті қоржынын­да ақ мата жүретін. Оны біз «ақыретігі», ойламаған жерден қисая қалса, елді әуре қылмай, шығындамай сол ақ матаға орап көмсін деп еститінбіз. Қоржынының бір басында өсиет жазылған бір парақ қағаз бен шүберекке түйілген азын-аулақ ақша жүреді (оны да өзінің артқы шаруасына жұмсау үшін қалдырған) дегенді құлағымыз шалатын. Әгарки оларды әлгі қарияның достары немесе алыс-жақын жегжаты болып келетін орта жастардағы адамдар дүкен немесе базар маңынан көре қалса қарияның алдынан қауғалақтап, мұзқант (науат) немесе өрік-мейіз секілді шай ішкенде жейтін жемектіктерді қоярда-қоймай алып беріп жататын.
Ал ол қариялар қонған жерін думанға бөлеп қисса-дастан оқып, өлең айтатын. Аналарымыз, әпкелеріміз олардың атын ести сала жаулықтарын түзеп, бүркеніп-қымтанатын. Қыздар алдынан өтпек тұрмақ, «бір әдепсіздігімізді көріп қалып ұрыспасын» деп, алыстан қашатын. Ол қарияларымыз болса әйел атаулыға көз салып қарамайтын. Арақ пен темекіні былай қойсын, «харам» деп мандарин мен апельсиннің өзін жемейтін қарияларымызды да көзіміз шалған.
Кейбір әулие шалыс қариялар да күні бүгінгідей есімізде. Басына теміреткі шығып, дәрігер емі қонбаған балалардың басындағы әлгі теміреткісіне құран аяттарын жазып емдегенін, көздің шиқанын, тағы басқа ауруларды дем салып жазғанына қайран қалатынбыз.
Ел болып етек-жеңімізді жинап, тәуелсіздікті бекемдеген бүгінгі таңда олар неге жоқ. Қайда? ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы «тілді оқығандар құртады» деген еді. Әлде оларға шынымен де оқу өтіп кетті ме? Қазіргі халы қалай өзі? Сәл аялдайық.
Алматыға алғаш келгенде вокзалдан бастап, өзіміз жүріп өткен Абай көшесінің бойынан бет-ауыздан сау-тамтық жоқ, араққа сілейіп тойып алған жасамыс кісілерді көріп көзіміз төртеу болған. «Балам, басымды жазып берші»? –деп алақан жайғанда алғашында түсінбегенбіз. «Қазақта да қайыршы бар екен-ау!», –деп қынжылғанбыз. Сосын көзіміз үйреніп кетті ме? Жоқ олар шетінен «О» дүниелік болып кетті ме? Азайғандай көрінді.
Сөйтсек, олар әлі де бар екен. Дискотекаларда, мейрамханаларда, қорқор (кальян) барларда тіпті түнгі клубтарда мекендеп жүріпті. Әнеу бір ұят жайлаған көшелерде өздерінің немересімен жасты, бұзылған қыздарға қылжақтап тұрады деп ақпарат көздерінен естіп яки оқып жатамыз. Өткенде 77 жастағы бір ақсақалдың «ЖИТС» жұқтырғанын естіп, бетімізді бастық. Әйелі бола тұра, өзінен 35-40 жас кіші әйелмен әуейі боп жүріп, осындай масқаралықпен әшкереленіп, күллі қазақтың бетіне күйе жаққаны тағы бар.
Өткенде осы Алматы қаласындағы бір 70 жастар шамасындағы қарияның үйінде болдық. Аузы жабылмай күллі қазақты, күллі адамзаттың қасіретін шешетіндей көрініп шарап ішіп гәукіп отырған. Бірде сырттан дәрет алып келген немересі одан «Ата, құбыла қай жақта»? деп сұрамасы бар ма? Атамыз болса түйеден түскендей етіп «мен қайдан білейін» деді. Артынша кеңк-кеңк күліп, мысқылдап, құбыланы білмегендігі үшін, жүзінен мақтаныш сезімі ұшқындап тұрды.
Біраз жылдар ілгері, аты дардай мемлекеттік мекемеде істеп жүрдім. Сабылып кеп жататын адамдар өте көп. Әсіресе қыздар. Жасы алпыстан асып, жетпіске тақаған, бірді-екілі лауазымды ағам болды. Қашан көрсең жас қыздармен дәлізде оңаша шүйіркелесіп тұрады. Және осыны әдетке айналдырған. Әйтеу бір қыз келе қалса, тоқтатып алады да, кім екенін, қайдан, кімге келгенін сұрау ол кісінің әдетіне айналған. Ал өзі кітабын оқып тәнті боп жүрген бармақтай қызы үшін ағасын аттап өту әбестік. Мейлі, руханият туралы сөз болсын. Бәрі бір. Қыз бен шалдың бұрышта сағаттап тұрып әңгіме дүкен құруы – сөлекет. «Етімді шал сипаған құрт жесін деп, жартастан қыз құлапты терең суға», –деген намысты өлімнен жоғары қоятын Абайдың кейіпкері және жоқ бұл күндері.
Кейде көшеден, базардан немесе тойдан жас қыздарға өмешегі үзіле, тамсанып қарап тұрған аталарымызды көргенде, Құнанбайды сағынасың шіркін. Тамақты сол қолмен жеп, белуардан жоғары жалаңаш, дастарқаннан бетін сипамай аттап өткенде қынжылғаннан шыдай алмай, бірдеңе деген боласың. «Сен ана жаққа барып келіп пе едің? Жүрегің таза болса болды емес пе!» дейді бітті. Аузың жабылады.
Бір жолы бір қария үйінің алдында, бір көзін қысып аспанға қарап тұр екен. Мені көре салып: «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп, мына аяз неге әлін білмейді ей»,–демесі бар ма. Мәнісін түсіндірдім де, іштей қазақты бір ауыз сөзбен тоқтатқан қайран қарттарым-ау деп қатты жабырқадым. Мұндайларды ақсақал деуге келе ме өзі. Ақсақал деп қазақ қариялардың ішіндегі ең абыройлысын айтқан. Бірінші мағынасы қарттықты құрметтеуді білдірсе, екінші мағынасы тұтас бір ауылды аузына қаратқандығын аңғартқан. Халықтың құрметтегені сонша олардың алдын кеспейтін, өздері шақырмаса дастарқандас болуға да батып бара бермейтін. Үйленген жастар, сапарға, оқуға, жорыққа кеткендер олардан бата алмай аттап баспайтын. Жаңа туылған сәбилерге сол кісілерге азан шақыртып ат қойдыратын, аузына түкіртетін. Ал қазір «ақсақал» деген киелі есімді оларға арнай аламыз ба? Егер атай қалсақ, қалай қабылдайды? Оған да күмәндімін.
Бір жолы зиялы қауым өкілдерімен дастарқандас болдым. Асаба жігіт ел мақтанышы болған, сол дастарқанның гүлі боп жайнап отырған, 70-тен асқан, алмаған атағы жоқ бір ағамызды мадақтап берді. Анығы атамыздың күллі атағын тізбелеп келіп сөз берді. Атағы айтылғанда күлімсіреп тыңдап отырған әлгі атамыз, «ақсақал» деген киелі атауды естігенде, өзін «жас» сезінетіні соншалық, асаудай тулап, асабаның «ит-терісін» басына қаптады. Осындай үлкендерге не деуге болады?
Бата бер десе тост айтып кететін үлкендер жастардың мазағы болып жүр. Кейінгі ұрпақ кімнен үлгі алады? Кімге қарап бой түзейді? Қастерлейтін қарияларымыз өстісе қалғандарына не жорық? Осындай ойлар қамалап құлазитын кезіміз көп. Әйтеуір ел тәуелсіздігі аман болсын, жастар жетілер, солар елге тұтқа болар деп қана өзімізді жұбатамыз.

Ерболат ӘБІКЕНҰЛЫ.

Жауап қалдыру