АДАМЗАТ ӨРКЕНИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТСІЗДІК АРАСЫНДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС

0
27

ИШИМ сынды басқа да лаңкестік топтардың бүкіл әлемге көрсетіп отырған жабайы, мәдениетсіз қылықтары туралы сөз ету оңай емес. Бұл топтар өздерінің азғындаған және адасқан идеологияларымен дін атын жамылып лаңкестік әрекет жасауы бір жарым миллиард мұсылман қауыммен бірге мені де жаралады. Осы себептен мұсылман ретінде басты міндетіміз — адамзатты лаңкестіктен құтқару үшін бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеу және дініміздің нұрлы келбетіне жағылған күйе­ден тазарту үшін қызмет ету.
Фетхуллаһ ГҮЛЕН, ойшыл

Біршама сөз бен ым-ишаралар арқылы мұсылман екен­­дігіңізді теориялық түрде жеткізуіңіз бек мүмкін. Алайда ниеттегі шынайылықтың амал жүзінде көрінетіні бесенеден белгілі. Шынайы иманның және адамгершіліктің белгісі ұран тастау не болмаса, түрлі-түсті киім-кишек киюде емес, барлық әлемдік дәстүрлі діндердің негізге алған адам өмірін сақтау және әрбір адамды құрметтеу сынды қағидаттарға мән беруде жатыр.
Сондықтан лаңкестердің әлем­нің түкпір-түкпіріне жайып отырған тоталитарлық идеологиясынан бас тартып, оның орнына салиқалы, әртүрлілікті байлық деп санайтын сананы насихаттау — міндетіміз. Этникалық, ұлттық және діни сипатымыздан бұрын адамгершілік пен адамдық қасиеттер лайым биік тұрады. Әлгіндей жабайы әрі мәдениетсіз ша­буыл­дардың кесірінен құрбан болатын да адамның асыл қасиеттері. Парижде құрбан болған Франция азаматтары, Бейрутта зардап шеккен ливандық шииттер, Иракта сол лаңкестердің қолынан өлген сунниттер — барлығы адам баласы емес пе? Зардап шеккен әрбір адамның діні мен ұлтына қарамай, тартқан азабын сезінбей және сол азапты тоқтату үшін қажетті жұмыстар жасамайынша мәдениет пен өркениеттің дамуы мүмкін емес.
Мұсылмандар ретінде өзі­міздің шешілмей келе жатқан маңызды ішкі мәселелерімізге назар салып, өз-өзімізге есеп бергеніміз жөн. Есептесудің орнына біздерге ұсынып отыр­ған әртүрлі қастандық теория­ларына сенуден, тіпті сыйынудан баз кешуіміз керек. Ойланып көрейік: Іші­мізде орныққан жасырын озбыр­лық күштер, физикалық зор­лық­тар, жастардың азғын­дауы мен білім жүйесінің құл­дырауы сынды себептердің нәти­жесінде тоталитарлық са­наға ие топтардың өздеріне адам қосып алып жинауына өзіміз жол ашып бергеніміз жоқ па? Адам құқығы мен бос­тандыққа, хақ пен әділдікке, салиқалы саясат пен бірлікке үндейтін сананы қалыптастыра алмағандығымыздан, бос жүріп құр қиялға берілген кісілердің, әсіресе жастардың қоғамнан күдер үзуіне және басқа да ізденістерге бет бұруына себепші болған жоқпыз ба?
Парижде орын алған соңғы қанды шабуыл, біздерге дінмен қатысы бар сияқты етіп көрсетілген лаңкестіктен күллі мұсылман қауымы бас тартып, айыптау керек екендігін тағы бір мәрте еске салды. Алайда лаңкестік белең алған осы бір күрделі кезеңде тек қана айыптау не лағынет айту жеткіліксіз. Мұсылман елдерінде лаңкестердің өз топтарына адам жинауына қарсы мемлекеттік органдар, діни көшбасшылар және үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп күресуі керек. Лаңкестердің шығуына не пайда болуына жол ашатын барлық факторларды назарға алып, қоғамды тұтасынан қамтитын жобаларды жүзеге асыру қажет.
Қоғамның ішінде бос, жұмыссыз жүрген жастарды қауіпті оқиғаларға ұрынбай тұрғанда құтқарып алатын, отбасына кеңес беретін және басқа да қызметтер арқылы қолдау көрсететін негізгі іс-шараларды қолға алғанымыз жөн. Мемлекеттік органдар лаңкестікке қарсы күрес жүргізгенде зиялы қауым өкілдерімен, халық­пен бірлесіп, қажетті ақпараттармен бөліскені абзал. Сондықтан да жастарға өз ой-пікірлерін демократиялық жолдармен ашық айта білуді үйретуге зәруміз. Мектеп бағдарламасына демократиялық құндылықтардың енуі болашақ ұрпақтың саналы түрде өсуіне ықпал ететіні сөзсіз.
Адамзат тарихында мұндай трагедиялық оқиғалардан кейін қоғамдық толқулардың болғаны рас. Мұсылманға қарсы, дінге қарсы ұран тастаудың пайдадан гөрі зиян болары анық. Батыс пен Шығысты жайлаған иісі мұсылман жұрт бейбіт және тыныш өмір сүргісі келеді. Жағдайдың қиын­дығына қарамастан, мұсылман жұртшылығы мемлекет­тік органдармен етене тығыз байланыс құрып, діндар азамат­тардың қоғамға сіңісіп кетуіне мүмкіндік беретін салиқалы саясаттың дамуына үлес қосу керек.
Осы себептен исламның өкілдері ретінде «Дінді қалай түсініп жүрміз, мұсылмандықты қалай орындап жүрміз?» деген сауалдарға жауап іздеп, уақыттың талабына қарап, өз-өзімізді қайтадан есепке тартуымыз қажет. Бұл — исламдық дәстүрден алыстау емес, керісінше болашақта жолығуымыз ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алып, кем-кетігімізді толық­тырып, ұлы ұстаздар мен саңлақ сахабаларымыздың ұстан­ған Құран және Сүннет қағи­датының рухына сәйкес өмір сүру.
Діни дереккөздердің контекстінен ажыратылып, басқа мақсат-мүддеге қызмет ететін талдауларын шеттетіп, жою керек. Ислам ойшылдары мен ғалымдары және зиялы қауым өкілдері діни деректерді тұтасынан сараптап, талдауға көпшілікті ынталандырғаны абзал. Өткен ғасырлардағы саяси және діни көзқарастардың шиеленіскен, кейінгі уақытта қақтығыстарға ұласқан сұрапыл кезеңдерде қабылданған шешімдер мен берілген үкімдерді қайтадан сарапқа салған ләзім. Өйткені негізгі құндылықтарға сену және кейбір сенімдерге ие болу догматизмге жатпайды. Мұсылмандарға бір кездерде Ренессанстық кезең жасатқан ой бостандығын діннің өзегінен ажырамай, қайтадан жан­дан­дыруға мүмкіндік бар. Зорлық пен зомбылыққа жүгін­ген радикализм мен терроризмге қарсы тек қана осындай жағдайда күресуге болады.
Соңғы қанды оқиғалардан кейін, өкінішке орай, кейбір жерлерде «өркениеттер қақтығысы» туралы қайтадан сөз қозғала бастады. Бұл теорияны алғашқы ұсынғандар сәуегейлікпен айтты ма екен, немесе қақтығыстардан құ­тылудың жолы болады деп үміттенді ма екен, онысын білмеймін. Алайда «Өркениеттер арасында қақтығыс бар» десек, лаңкестік ұйымдарды рухтандыратын боламыз, яки жеген тамағына майлы жілік қосып беретіндей боламыз. Сондықтан мәселені анықтаған жөн: Шынтуайтында, бүгінгі келеңсіз оқиғалар өркениеттердің қақты­ғысын көрсетіп отырған жоқ. Бұл — адамзат өркениеті мен мәдениетсіздік арасындағы, вар­варлық әрекеттер арасын­дағы қақтығыс.
Мұсылман қауымы ретінде қиын жағдайларға душар болсақ та, біздің басты жауапкершілігіміз — күрмеуі күрделі мәселенің шешімін тауып, сол шешімнің бөлшегіне айналу. Иісі мұсылман жұрттың құқығы мен бостандығы қор­ғалып, сақталуына, сенім-нанымына қарамастан әлем жұрт­шылығының бейбіт өмір сүруіне үлес қосқымыз келсе, саяси, экономикалық, әлеумет­тік және діни тұрғыдан терроризмге үңілуіміз шарт. Шамамыз келгенше, қоғамның ең үлгілі азаматтары ретінде жастарды тура жолға үндеп, діни дереккөздердің радикалды талдауларынан бас тартып, мұндай талдаулардың жастарға зиян тигізетіндігін үнемі есте сақтап және еске салып отыр­ған абзал. Демократиялық құндылықтарды жастайынан, мектеп қабырғасынан үйретіп, лаңкестікке және лаңкестікке бастайтын тоталитарлық идео­логияға қарсы күрес жүр­гізуіміз қажет.
«Монд» газеті (Франция) 17.12.2015
Аударған: Нұргүл Жамбылқызы

Жауап қалдыру