Ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма?

0
119

Ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма?
Наушабай дейтін кісі жол жүріп келе жатып, Абайдың үйіне түсіпті. Жай­ғасып отыр­ған соң ол:
— Абай­жан, өзіңе асыл сөз, алғыр ой тауып айтқан кісі болды ма? – деп сұрапты. Абай сәл ойланып отырыпты да:
– Менің Әбдірахман деген балам бар еді. Оны тоғыз жасында Семейдегі орыс мектебіне оқуға бердім. Оны бітірген соң, Петерборға жібердім. Қыс оқып, жаз демалысқа үйге кел­ді. Сұрастырып байқасам, оқуы жақсы көрінеді. Баламның алым­дылығын сынап білейін деп ойладым да, бір күні жай әңгімелесіп отырып:
— Қалқам, Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма? – деп сұраған едім. Ол іркілместен:
— Ақ зат асыл ғой, – деді.
— Неге, қара зат асыл емес пе? – дедім мен. Әбіш бетіме қарап күлді де:
— Қараны қалай асыл дейсіз? – деді. Мен:
— Бірін­ші­ден, адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен көреді емес пе, – дедім, – Бірақ көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы ғана көреді. Қараның асылдығына осы дәлел. Екіншіден, қағаз ақ, одан адам оқып білім ала алмайды, үстіне жазған қара сиядан өнер-білім алады. Үшіншіден, жас шақта адамның сақал-шашы қара болады. Осыған байланысты жас күнде адамда ақыл, білім, қайрат көп болады. Қартайғанда шаш-сақал ағарады. Ал, адамда ақыл, білім, қайрат та азаяды. Сондықтан ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын, – дедім.
Сонда Әбіш:
— Оның бәрін қалай білдіңіз? – деді.
— Ақылмен білдім, – дедім мен.
— Олай болса, ақыл мида болмай ма, ал ми ақ зат емес пе!
Екіншіден, ақыл – нұр, жарық зат. О да аққа ұқсамай ма? – деді.
Мен баламның тауып айтқан сөзіне риза болып, маңдайынан иіскедім.
Достықтың қанша түрі бар?
Бір данагөйден: – Достықтың қанша түрі бар? – деп сұраған екен. Сонда ол: – төртеу деп жауап қатыпты. – Бір дос бар, тамақ сияқты күнделікті қажет етесің, енді бір дос бар дәрі-дәрмек секілді жан-тәнің қиналғанда шарқ ұрып іздейсің. Бір дос бар, ауру сынды сені өзі іздеп табады. Ал енді, төртінші дос бар, ауа іспетті. Көзге көрінбейді алайда қашанда сенімен бірге, – деген екен.

Жауап қалдыру