0
249

Мұсылмандар үшін қасиетті рамазан айындағы қадір түні мың айдан да қайырлы түн деп айтылады. Қадір түні – Құран кәрімде мадақталған түн. Ең алғаш Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға Құран аят­тары осы түнде түсе бас­таған.
Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды кезең – қадір түні. Ал адамның ең қорқынышты кезеңі қабірге орналастырылған кезі. Қадір түнін құлшылықпен өткізу, қабірдің жарқырап, нұр­лануына жол ашады.
Қадір түні өзінің осындай атауын Ұлы Алланың алдын­дағы алатын ұлы дәре­жесі мен басқа күндер мен түн­дердің алдындағы артық­шылығы үшін және бұл түні адамдардың өмір мерзімі мен несібелері, жыл бойы орын алатын нәрселер тағдырға жазылатындығы себепті алған.
Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады», – деп айтқан.
Қадір түні – сөзсіз ең қадірлі түн! Алла Тағала оны берекелі етіп, басқа түн­дерден ерекшеледі. Сондай-ақ осы түнді мың айдан да маңыздырақ (қайырлы) етті. Ал мың ай сексен үш жыл­ға тең келеді екен. Есепте­сек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құл­шы­лығымыз 83 жылдық ғиба­даттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адам өмірінде бір қа­дір түніне дөп ке­лу, бүкіл өмірін құл­­шылықпен өт­кізгендей сауап­қа кенел­теді.
Олай бол­са, Ис­лам ғұла­ма­лары қасиетті Қа­дір түнінде Ал­лаға жақын­дата­тын төмендегідей амал­дарды жасаған абзал деген.
1. Бұл түнде Алланың ри­за­шылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық се­зім­дерімізді арттыруымыз ке­рек.
2. Құран Кәрім оқылып, тың­далып, түсінуге ынта қойылып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байла­ныс­тар орнатылуы тиіс.
3. Пайғамбарымыз (Алла­ның Оған салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмметінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт.
4. Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылуға тиістіміз.
5. Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру керек. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшілік­терін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.
6. Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болуы шарт.
7. Алланы зікір етіп, Ұлы Жаратушының шексіз құдіре­тімен жоқтан бар болған жа­ратылыстың сырларына ой жүгіртіп, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, има­нымызды күшейтуіміз қажет.
Бұл Қадір түнінің құр­метіне Раббымыздан бүкіл мұ­сылмандардың күнәлары­ның кешірілуін тілеуіміз керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арт­тырып, Ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт.
Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Кім Қадір түнін Алланың сауа­бына иман келтірген және үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі».
Иә, шынында да, Қадір түні атына заты сай, адамзат баласының келешегі үшін аса Қадірлі һәм маңызды. Хақ Тағала адам баласына шайтанның арбауына тез көнетін нәпсіні берік сынап, өзінің аса мейірімділігімен бұл тығырықтан сытылып шығатын даңғыл жолды да меңзеген.  Ол даңғыл жол – қасиетті Қадір түні тәубеге келіп, ықыласты түрде кешірім сұрап, жан-тәнімен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үміт артып, Тәңірінің жасыл бақтары бар жұмағына жетелейтін рақым жолы. Лайым, осы жол барша адамзатқа нәсіп болғай!

Асылхан Түсіпбеков

Бөлісу
Алдыңғы бетСын түзелмей, шын өмір жоқ
Келесі мақала

Жауап қалдыру