Жылдың үздік мұражайы

0
83

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейі Директоры  Болат ЖҮНІСБЕКОВ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің сексен жылға жуық тарихы бар. Бүгінде ол Қазақстандағы іргелі танымдық зерде орталығы.
Қорық-музей құрамына Семейдегі Бас мұражай мен «Алаш арыстары – М. Әуезов» мұражайы, Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі мен «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициясы, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражай-үйі, Құндыздыдағы халық ақыны Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі, Тақырдағы Көкбай Жанатайұлының мұражайы және Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының мұражайы кіреді. Тарих тереңінен тамыр тартатын музейдің жеті бөлімінің бір шеті орталықтан 600 шақырым, екінші қиыры 270 шақырым шалғай орналасқан.
Ұлылар елі – киелі Жидебай (қорық алқабы – 6400 га) мен Бөріліде, Семей қаласында төл мәдениетімізді танытатын 31 тарихи ескерт­кіш шоғырланған. Абайдың мұражай-үйі, «Абай-Шәкәрім» кесенелер кешені, Би-ата мазары, Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы мен Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйі көпшілік ерекше қастер тұтып, зиярат ететін киелі орындар.
Қорық-музейдің негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығармашылығына, оның ақындық-өнер айналасына, сол замандағы тарихи, қоғамдық, мәдени үрдістерге және соған қатысты заттық, құжаттық жәдігерлерді жинақтау, сақтау, зерттеу, насихаттау болып табылады.
Музей қорына алынған жәдігерлер саны мен сапасы, құрамы мен құндылығы жағынан қолжазбалар, құжаттар, ескі басылымдар, этнографиялық заттар, бейнелеу өнері туындылары және фотосуреттер болып табылады. Қазір мұнда 20 791 жәдігер сақтаулы, оның 11 797-і негізгі қорды құрайды. Ғылыми кітапхана қоры – 14 мыңға тарта кітаптан тұрады. Атап айтқанда, ұлы ақын Семейдің өлкетану музейіне тапсырған тұрмыстық заттар (17 дана), ұрпақтары сыйлаған дүниелер, Абайдың тұңғыш жинағы, ақынның ұлдары Ақылбай, Турағұлмен (1896 ж.) және отбасымен (1903 ж.) Семейде түскен суреттерінің түпнұсқалары, ұлы ақын білім алған Ахмет Риза медресесінің 252 кітабы, қолжазбалар мен естеліктер, сирек кітаптар, Абайдың ұлы Мағауияға жазған хаты – ақынның көзіндей, ұлттық құндылықтар.
Жарғылық талаптарға сәйкес республи­калық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның қызметі негізгі үш бағытта жүргізіледі. Бұл: біріншіден – ғылыми-зерттеу мен көрме; екіншіден – қор жинау, сақтау мен насихаттық жұмыстар; үшіншіден – экскурсиялық жұмыстар мен музей педагогикасы. Бұған қоса музей қызметін қамтамасыз ету бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылады.
Елордамызда биыл өткізілген «ЭКСПО-2017» көрмесі Абай музейінде де үлкен серпіліс туғызды. Халықаралық көрме аясында Абайдың мемлекеттік қорық-музейі Астана қаласындағы Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық академиялық кітапханасында үш тілде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты көрме ұйымдастырды. Жұрт назарына Абайдың өз қолымен 1885 жылы Семей қаласындағы Өлкетану музейіне тапсырған заттары, әлем тілдеріндегі ұлы ақын шығармаларының бірегей басылымдары, Абай музейінің баспа өнімдері қойылды.
Сонымен бірге, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» әдеби-мемориалдық қорық-музейі «ЭКСПО-2017» көрмесіне арнап арнайы сайт ашты. «Visit-abaisemey.org» деп аталатын сайттың мақсаты шетелдік қонақтарға Семейді онлайн жүзінде таныстырып, олардың ұлылар еліне деген қызығушылығын арттыру болды. Сол үшін сайтта Семейдің барлық көрнекті жерлері мен тынығу, тамақтану орындары жеке бағандар бойынша беріліп, бүкіл ақпарат орыс және ағылшын тілінде жарияланған.

Жауап қалдыру