Бизнес әліппесін үйрететін жарыс

0
52

Бүгінде компьютердің көмегімен жан-жақты ақпарат алуға, жұмысын жеделдетуге, кәсіби тәжірибе алмасуға, сол сияқты көптеген беймәлім дүниенің сырын ашуға мүмкіндіктер туып отыр. Сондықтан IT технологияның тілін білуге, осы салаға қызығушылықты арттыруға, өнертапқыштықты пайдаланып, оны әрі насихаттауға біздің қоғам өте мұқтаж. Ал дәл осы саланы жетік меңгерген жастар көп. Сондай тапқыр жастардың бірі — Алан Өтеғұлов. Алан қазір тың ойлардың ордасы, игі бастамалардың қазығы, жаңа жобалардың бастамашысы.
Болашақ IT шебері Алматы қаласында орта мектепті бітіріп, Мәскеудің Бауман атын­дағы мемлекеттік тех­никалық университетіне оқуға түскен. Онда радиоэлектроника және лазерлік техника мамандығы бойынша білім алған. Алан жастайынан ізденгіш болатын. Соның арқасында өз саласы бойынша едәуір жетістіктерге қол жеткізді. Жуырда Алматы қаласындағы №54 Қазақстан-Ресей мектеп-лицейінде тұң­­ғыш рет экономикалық тур­нир өткізді. Қазақстан бо­йын­ша алғаш өткен бұл сайыста Алан өзі ойлап тапқан «Beesiness. Ара ісі» ойыны бойынша жарыс өткізді. Бұған Алматы қаласынан №14, 54, 71, 79, 105, 130, 144, 165 мек­теп­терінің 8-11 сынып оқушылары қатысты. Шараны №54 мектеп директоры Гүлнар Маұтханқызы Карамендина ашып, жастарға сәттілік тіледі. Шараға құрметті қонақ ретінде қоғам қайраткерлері және еңбек ардагерлері Тамара Мухтарханқызы Шәкірова, Роза Имашқызы Кунирова, жасөспірімдерге арналған «i-MAP» бизнес инкубаторының директоры Жадыра Адасқа­нова және БАҚ өкілдері қа­тысты.
Ойынның мақсаты жастар­ды кәдімгі бал арасының ең­бек­қорлығына баулу. Сондай-ақ ойыншының кәсіпкерлік қы­рын ашуға, достарының достыққа төзімділігін, қарсы­лас­қа төтеп беру, банктегі өзінің қаражатын сақтап қалуға деген ынтасын көр­се­теді. Ойынға 2-ден 6 адамға дейін қатысуына болады. Ойын шынайы өмірге өте жақын. Онда кәсіпкер кәдімгі өмірде кезігетін түрлі кедергілерден жол тауып өтуі керек. Ойын адамның логикалық және стратегиялық ойлау қабілетін шыңдайды. Эконо­мика және қаржы әлеміне өте қызықты жолмен кірігуге жол ашады. Міне, осындай мақ­саттарға бағытталған ойынды оқушылар өте қызығу­шылықпен қабыл алды. Үш сағатқа созылған олимпиадада үздіктер аз болған жоқ. Елу бес оқушының ішінен сегізі жеңімпаз атанды, олардың төртеуі бірінші орынды иеленді. Олар №54 мектептің 8,9,10-сынып оқушылары. Екінші орынға №17 мектептің 8-11 сынып оқушылары жә­не №79 мектептің 10 сынып оқушылары ие болды. Ал үшінші орынды 79,144,130,17,165,144,105, 71 мек­тептердің оқушылары ие­ленді. Жүлдегерлерге сер­тифи­каттар мен жобаға демеушілік көрсеткен Pilot жапондық компаниясының атынан ба­ғалы сыйлықтар табыс етілді. Сыйлықты «Beesiness Ара ісі» жобасының авторы Алан Өтеғұлов өзі табыс етті.
Шара өте қызықты өтті. Қа­тысушылар ойыннан керемет әсер алып, игі істің жалғасын таба беруіне тілектестігін білдірді.

Бұл ойын жас ұрпақ үшін өте пайдалы екендігінде шүбә жоқ. Нарықтық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, мектеп бітірген жастар нарық талабына жауап бере алатындай, өмір сүруге икемді болуға тиіс. Ойын міне, дәл осыған үйретеді. Келесі жылдан бастап Қазақстан мектептерінде экономика сабағы енгізілмекші. Сол пәндердің әдістемелік негіздемесіне осы ойынды енгізсе, қандай тамаша болар еді. Сабақ тек теория жүзінде емес, ойын түрінде әрі балаға ұғынықты етіп жеткізілсе ол нәтижелі болатындығы сөзсіз.
Міне, Аланның «Beesiness. Ара ісі» ойыны аталмыш сабақта пайдалануға сұранып тұрған әдістемелік құрал десек болады. Бұл ойын қазіргі таңда Ресей мен Белоруссияда кең сұранысқа ие. Өз елімізде енді ғана қолданысқа ене бастады. Үлкен іске бастамашы болған жас таланттың еңбегін жастар жылы қабылдады. Олимпиадаға қатысқан жас­тар ойын туралы өте жылы лебіздерін білдіруде.
«Автор өзі айтқанындай, бұл ойында пайдалы әрі қызықты нәрсе әдемі үйлесім тапқан. Жастарды экономика және бизнес негіздеріне ойын арқылы үйрету тамаша тәсіл! Маған өте ұнады», – дейді ойынға қатысушы Самал Қуанышева. Міне, осы сияқты ондаған пікірлер айтқан шәкірттер ойын авторына алғысын білдіріп жатты. Іскер жасқа, алдағы уақытта тағы да талай игі істердің бастамашысы болуына тілектеспіз.

Раушан КАРШАЛОВА,
«Prezident & Halyq»

Жауап қалдыру