Алаңғасар асаба абыройды төкпесін!

0
81

Қазақты тойсыз қөзге елестету мүмқін емес. Қазақта той жасаудың сылтауы қөп. Дүниеге бала келсе шілдехана, бесік той, мұсылмандыққа аттаған күні – сүндет той, алғаш оқуға барса тілашар той, оқу бітірсе диплом алу тойы, балалары отау құрса үйлену тойы, қыздары тұрмысқа шықса қыз ұзату тойы. Ал оның сыртында мерейтойлар немесе жасқа толса той, жұбайлардың күміс тойы, алтын тойы тағы басқа тойлар баршылық. Той деген – қуаныш. Шіркін, қуанышқа не жетсін. Алла тағаланың берген жасын да тойлап өту бір ғанибет қой. Оның үстіне қазақтың басқа ұлттарға қарағандағы бір ерекшелігі – қонақжайлылығы.
Қазақтың белгілі ақыны Қадыр Мырзалы:
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Жасап жатыр анық той.
Тұңғыш рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы міне, танып қой – деп бастайды да:
Қазақ осы көргенінен танбайтын,
Той-думансыз оты түзу жанбайтын, – десе
Дүние мен малыңды
Оңды-солды шашу үшін жинайтын, – деп толғайды.
Ақын бүкіл қазақтың болмысын осы өлеңде дәлдікпен ашып берген. Ақын бұл жерде қазақты дарақы деген пиғылда емес, қазақтың кеңпейілді екенін айтқан. Кітаптардан қазақтың тойы қалай болғанын оқып, кинолардан көріп жүрміз. Қазір заманның өзгеруіне байланысты той жасау да өзгерген. Менің байқауымда қазіргі той жасауда бақталастық басым сияқты. Кредит алып той жасаған талай таныс адамдарды білемін. Өйткені оған бәленшеден қалуға болмайды. Біз­дің бір таныс айтқанға көнбей кредит алып той жасаған соң, үш айдан кейін жас­тар ажы­ра­сып кетті. Не келін жұмсап қызығын көрмеді. Айына алпыс мың төлейтін кредиті бар, қазақша айтқанда бармағын тістеп, тақырға отырып қалды.
«Тойда қайтады» деп жоспарлау да дұрыс емес. Тойда қайту үшін қолыңда билік болуы керек. Сонда жағымпаздар мен күні қарап тұрғандар көзге көрініп қалу үшін бірінен-бірі көп әкелуге тырысады. Ал қарапайым халық оған иек артпауы керек. Сондықтан той жасарда ойланған абзал деп ойлаймын.
Оның үстіне қанша тойға барып жүріп тойдың шақырылған уақытында басталғанын көрмедім (ешкім де көрмеген шығар.) Жарты сағат кешігіп басталса жақсы ғой, кейде екі сағаттан асып барып басталатынын қайтерсің. Бұған бойымыздың үйреніп кеткені соншалықты өзіміз де тойға «ақыр кеш басталады» деп бір сағат кешігіп баратын болдық. Бұл бойға сіңіп, өкінішке орай әдет болып кетті.
Той жасаудың арнайы шыққан заң мен ережесі жоқ. Бірақ әр асаба той жүргізуді өзіндік сценариймен өткізуде. Бір тойда шақырылған қонақ сөз бергенде жоқ болып, сөзден кейін кешігіп келді. Сонда асаба оған екінші рет сөз бергенде:
– Сіз қешіріңіз, тойға сіз кешіккен жоқсыз, біз тойды ертерек бастап жібердік, – деп әзілдеп қойды. Өткір әзіл, бірақ түйсігі бар адамға келешекте сабақ болатын сөз.
Үйлену тойы әлбетте беташар салтымен басталады. Келіннің қайын аталары мен апаларына, қайынағалары мен үлкен абысындарына, енелеріне сәлем жасауы үлкен жолдастарына, көршілерінің бала-шағасына сәлем беруі біздің ешқандай ата салтымызда жоқ. Өкінішқе орай асабалар сәлем салуды бизнеске айналдырып жіберген. Қарап отырсаң келін байқұстың сәлем салмайтын адамы жоқ. Менің түсінігімде келінге сәлемді жасауға тиісті жақындарына ғана салғызғаны дұрыс. Негізінде сәлем салудан түскен ақшаны келінге беру керек. Өйткені аталары сәлем салғызған асабаға емес, сәлем салған келінге көрсеткен құрметі ретінде ақша береді. Ал асабалар той басқарып бергені үшін тиесілі еңбекақысын алады. Оның үстіне аз ақша алмайды. Келешекте асабалар осы жайлы ойланғандары дұрыс.
Елді күлдіреміз деп асабалар кейде артық сөздерді айтып жатады. Мәселен:
– Қазақ пен қасқырды ет жегенде мазалауға болмайды, – деп сол тойда отырған (тойда басқа ұлт өкілдері де болуы мүмкін ғой) бүкіл қазақты жыртқыш қасқырға теңеп тастайды. Сөздің байыбына бармаған қазақтар оған мәз болып қалады. «Елді күлдірдім» деп оған асаба да мәз. Егер басқа ұлтты қасқырға теңесең тұмсығыңды бұзып жіберуден тайынбайды.
Бір тойда Қарағанды­дан келген қонақ­тар­мен бірге отырып қалдық. Келген қонақ құдалардың жолдастары екен. Сөз арасында байқап қалдым қонағымыз тұтығып сөйлейді екен. Жалпақ тілмен айтқанда кекеш. Құдалар сөзге шыққанда ол сөз сөйлемеді. Мен әрине, жағдайды түсіндім. Осы кезде асаба екі кекештің әңгімесін айтпасы бар ма. «Елге күлкі керек» деп асаба ұятты қонақты мазақтап берді. Құдалардың ешқайсысы да күлмек тұрмақ, өздерін ыңғайсыз сезініп отырды. Олар емес жандарында отырған біздің бетіміздің оты шықты. Мен оларды басқа әңгімеге бұрмақ болғансыдым, олар да сол басқа әңгімеге қосылған сыңай танытты. Бірақ іштерінен ренжіп отырды. Сонда асаба «осынша елдің ішінде сондай адам болуы мүмкін» деп ойлауы керек емес пе? Ол бірнеше сағат болса да сол дастарханның басшысы болғандықтан аталы, тәрбиелі сөз айтуы керек қой. Өкінішке қарай осындай алаңғасар, қалай болса солай сөйлейтін асабалар кездесіп қалады және аз емес.
Біздегі тойлар көбі­несе жиналыс болып өтеді. Кейбір сөйлеу­шілер әңгімені тарихтан бастап, елді жалықтырып жібереді. Оның сөзін көпшілік тындай да бермейді. Бірақ сол «шешен» өзінше «жақсы айтып жатырмын» деп қате ойлайды. Өзіңіз ойлап көріңізші тойдағы кемінде жүз-жүз елу адамның әрқайсысы үш минуттан сөйлесе кемінде бес-алты сағат сөйлейді екен. Бірде қытайдың Үрімші қаласына барғанда бір таныстың баласының сүндет тойына қатысқаным бар. Той иелері қонақтарды есік алдынан қарсы алады екен. Келген қонақтар тиісті сыйлықтарын беріп орындарына отырады. Той бірде ән, бірде биге жалғасып өте береді. Ал Қаражорға биіне бүкіл келген қонақтар билейді екен. Келген қонақтар ішінен ән айтатындар ортаға шығып әндерін айтып жатады. Оларда біздегідей жиналыс жоқ. Тойда демалып қайтасың. Ал біздегі бір сарынды тойлардан шаршап қайтасың.
Кейбір асабалар сөзге шыққандарға сөзді шектеудің небір жақсы әдістерін тауып жатады. «Қысқа сөйлегендерге сыйлық немесе қонақтардың арасынан бір-екеуі ғана сөйлегелі тұр, аз сөйлегендер бай болады» деген сөздермен сөйлеушілердің сөзін реттейді. Қысқасы асабаның тапқырлығы қажет. Құдайға шүкір ондай асабалар да жоқ емес.
Тойдың алдында асабаға ескертіп, жұмысына баға беретін «комиссия» құрылғанын айтып қойған да артық болмайды. Ондай «комиссия» болса сол асабаның келешекте өзі байқамаған кемшіліктерін түзетуге әсерін тигізері сөзсіз. Кейбір ақындығы бар асабалар сөз берерде бірауыз өлең құрастырып жатады. Бұл да тойда өзінше рең беріп тұрады. Орнымен айтылған мақтау өлең сөйлеушінің көңілін көтереді.
Тойға шақырылған әншілердің де көп болғаны елді жалықтырады. Кейде асабалар елді күлдіру үшін дөрекілеу анекдоттарды да айтып жібереді. Мәселен сөзді ажалмен теңеу, қысылған қария адамның «енді бәрібір, кептіріп отырмын» деген сияқты анекдоттардың мәдениетсіздік екенін ескерген жөн. Сондықтан да әр нәрсенің орнымен болғанына не жетсін.

Беркін ӘКЕБАЕВ

Жауап қалдыру