Агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамуда

0
29

Елбасының халыққа жолдаған әр Жолдауы – тарихи құжат. Олардың барлығы да стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында жүзеге асуы тиіс 10 негізгі бағытты айқындап берді.
Осы он негізгі міндет аясында өндіріс үдерістерін сандық негізге көшіру арқылы индустрияландыруды өрістету, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуды қолға алу, білім беруді жаңа сипатта дамыту, қаржы секторын қайта қалыптастыру, көлік-логистика инф­ра­құ­рылымының тиімділігін арттыру, сыбайлас жем­қор­лықпен күрес және тиімді мемлекеттік басқару жүзеге асуы тиіс.
Жолдауда атап өткендей, агроөндірістік кешен эконо­ми­каның жеделдетілген тех­нологиялық модерни­зациясы басымдығының алдың­ғы сапына кіреді. Себебі, бұл – еліміздің эконо­микалық және тағамдық қауіп­сіздігін құрайтын эконо­микадағы маңызы зор сала. Сондықтан, аудан­дағы ауыл шаруашылығы сала­сының мамандары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, қызу қолдауда.
Ауыл шаруашылығын да­мыту жолында Елбасы қолдауымен бұған дейін де кешенді жоспарлар жа­сақ­талып, қабылданған бағ­дарламалар жүзеге асырылуда. Осы бағдарла­малар аясында «Құрман» шаруақожалығы төрт түлікті асылдандыруға бет бұ­рып, сүт өнімдерін өңдеуді қолға алса, «Аян» шаруақожалығы асыл тұ­қымды абердин-ангус сиыр­ларын өсіруде. Алда­ғы уақытта асыл тұқым­ды айғырды үйірге қосып, жыл­қыны да асылдандыруды көздеп отыр. Бұлардан басқа да көптеген шаруақожалықтары табындарына асыл тұқымды бұқалар, отарларына асыл тұқымды қошқарлар қосып ауданда мал басын асылдандыру бағытында еселі еңбек етуде. Өткен жылы құрылған «Бірлік Миялы» ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысы ілгері басып, бүгінгі күні өз қызметін облыс көлемінде көр­сетуде. Ал, Мұқыр ауылдық округінен құрылған «Болашақ-А» кооперативі Атырау қаласынан мал сою және ет өнімдерін өңдеу цехын салу жұмыстарын қолға алуда.
Дегенмен бұдан басқа да кооперативтердің жұмы­сын жандандырып, өз өнімдерін шығару үшін жан-жақты қолдау көрсету керек. Сонда ғана отандық өнімді ұлғайтуға мүмкіндік берумен бірге әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендіне өз үлестерін қоса алады. Сонымен бірге, Елбасының мемлекет пен бизнес өкілдері бірлесе отырып, отандық өнімді ілгерілету керектігі туралы айтқан сөзі ауыл шаруа­шылығы өнімдерін ұлғайтуға әзір жергілікті өнім өндірушілерге қанат бітіретіні даусыз.
Бүгінгі күні ауыл шаруа­шылығы саласында жұмыс жасайтын малшы, механизатор, агроном және басқа мамандардың тапшылығы бұл саланың қарқынды дамуына қолбайлау болып тұрғаны жасырын емес. Сондықтан, ауыл шаруа­­шылығы мамандарын да­йындау күн тәртібінен түспеуі қажет. Ендеше, Елбасы тапсырмаларын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір кісідей атсалысып орындау арқылы ауыл шаруашылығын көр­кейту әрбір ауыл тұрғыны парызымыз деп түсінген жөн.
Мәрзия ӘБІШЕВА,
«Назгүлім» шаруақожалығының төрайымы.

Жауап қалдыру