Кім неден үнемдейді?

0
67

Қымбатшылық қанат жайып, экономикалық ахуал төмендеген тұстарда мерзімдік БАҚ-да  барды ұқсату, әр нәрседен үнемдей білу туралы ұсыныстар мен талпыныстар байқалып жатады. Әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Батыс елдері де бар, үнемдеуге айрықша маңыз беріліп жатады. Бұл әр адамның өзінің экономикалық жағдайын өзі реттеп отыруынан туындайды.  Іс жүзінде  үнемдеу дегеніміз – ысырапшылдыққа жол бермеу. «Үнемді адамдар ешқашан кедей болмайды» дейді азиялықтар. Ал біздің қазақта «қоя жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады» деген сөз тараған. Өкінішке қарай қоғамымызда кейбір адамдар үнемдеу дегенді сараңдық деп ұғатындары бар. Жомарттықты дарақылықпен шатастыратындар да жетіп жатыр.  Шынтуайтында бұл екеуі екі басқа дүниелер. Реті келіп тұрғанда оқырмандарымызға азды-көпті ой салсын деген мақсатпен әлемдегі үнемшіл елдер туралы баяндап бергенді жөн көрдік.
Статистикалық деректер бо­йынша салыстырып көргенде  әлемде ең үнемшіл халық  азия­лықтар көрінеді.  Олар  жылдық табысының ширек бөлігін, еуро­палықтар 15 пайызын, ал америкалықтар 10 пайызын үнемдейді екен. Азиялық ел­дер­дің ішіндегі ең үнемшілдері болып  Жапония, Үнденезия, Сингапур, Тайланд, Филиппин, Вьетнам, Қытай, Тайвань, Малайзия, Оңтүстік Корея саналады. Ал Еуропадағы үнемшіл елдер:  Германия, Шведия, Франция екен. Соңғы  жылдарда үнемшіл мемлекеттердің қатарына АҚШ та қосылған. Азиаттардың ішінде жапондықтар әлемдегі ең үнемшіл халық болып есептелінеді. Олар өз бюджетінің 25 пайызын үнемдеп қалады. Қаржыны табушы – ерлер болса, үнемдеуші – әйелдері. Олар бірінші кезекте коммуналдық  қызметтен, оның ішінде судан қатты үнем жасауға ұмтылады. Суды ваннаға жинап, сол суға отбасы мүшелерінің барлығы жуынып, одан қалған суға кір жуады екен! Жапондықтар суды оттегімен байытатын құрылғы ойлап тауып, су мен электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік туғызды. Бұл елдің өнертапқыштары үнем­­деуге қатысты түрлі инно­вациялық бағдарламалар ойлап табудан жалыққан емес. Жапон­дықтар үнемделген қаржысына құнды қағаздар сатып алады немесе банктегі есеп шотына салады.
Үнемшілдік жағынан екінші орында тұрған вьетнам­дық­­тардың 77 пайызы өзінің жеке қорын үнемі толық­тырып отырғанды жөн санайды. Бұл халық тәуекелге барғанды ұнат­­пайтын көрінеді. Қаржы­ларын  үстеме пайыз әкелетін банк есепшотында немесе алтын құйма күйінде сақтайды. Вьетнам­дықтардың 60 пайызы үйінен тыс жерде көңіл көтергенді ұнатпайтын көрінеді. Өйткені, бұл да артық шығын шығармаудың амалы.
Үнемдеуден үшінші орынға табан тіреген кәрістер жылудан үнемдейтіні соншалық, бөлмелеріне шатырлар қойып соның ішінде отырып жылынады екен. Кәріс әйелдері кір ұнтағын үнемдеу мақсатында әрі киімді жиі жумас үшін күйеулеріне түрлі-түсті жейде сатып алып бергенді жөн көреді.
Қытайлықтар ертеректе әлем­дегі ең үнемшіл халықтар­дың санатында болатын. Бүгінде экономикасы қарыштап дамыған елдің біразы ескі әдеттерін тастаған емес. Қытайлықтар өте қарапайым өмір сүреді. Үйлеріне тек өздеріне қажетті ғана  отандық жиһазды алады. Ал кедей отбасыларында мұндай да жоқ. Бай қытайлар дәрігерге ақша төлемес үшін саламатты өмір салтын ұстанады. Биоқоспалармен тамақтанып, спортпен айналысады, ине салдыртады.
Енді Еуропадағы үнемшіл елдердің алдында тұрған Шве­дияға келейік. Мұнда салық пен коммуналдық қызмет баға­сы­ның тым жоғарылығынан швед­тер бәрінен де үнемдеуге тыры­сады. Өйткені бұл елде тапқан қаражатының 60 пайызы салыққа, 20 пайызы қызмет көрсетуге кетеді. Тек білім алу ғана – тегін. Олар киімдерін жиі жумас үшін өте ұқыпты әрі таза жүруге тырысады. Киімдерін арзан сатылымынан алып, ол ескіргесін қайта сатып жіберуге тырысады. Шведтер бір-біріне сыйлық жасағанда тек қажетті заттарды сыйлайды. Балаларына туылған сәтінен бастап есепшот ашып, ақша салып отырады. Кәмелеттік жасқа жеткен бала оны өз қажетіне жаратады. Сондай-ақ шведтер қырықтан асқан шағында қосымша зейне­тақы есепшотын ашып, соған қаражат салып, қартай­ғанда бір емес, тағы бірнеше зей­­нетақы қорынан қаражат алу мүм­кін­дігін қарастырады екен.
Шведтерден кейінгі үнемшіл халық немістер. Олар да тап­қан табысын оңды-солды шаша бермейді.  Өздерінің жыл­­дық табысының 10-15 пайызын  зей­нетақы қорына,  инвести­ция­лық қорға салады немесе тиімділігі жоғары, құны үнемі өсіп тұратын  акциялар сатып алуға жұмсайды. Әдетте бірнеше банкке борыштар болатындықтан  немістер көп нәрседен үнем жасайды. Олар киім-кешек аларда атақты брендтерге құмар болмайды, көбіне арзан  сатылымдардан алады. Көнерген киімдерін  қа­йырымдылық қорларына тапсырады. Немістер коммуналдық қызметтен де үнем жасауға құмар. Түнгі тариф арзан болғандықтан, кірлерін тек түнде ғана жуады. Есік алдындағы газон шөптерін  жаңбыр суын жинап, сонымен суарады. Қыс мезгілінде жылуға көп қаржы жібермес үшін үйлерінде жылы киініп жүреді. Тамаққа да көп ақша жұмсамайды. Осындай үнем­шілдіктің арқасында жыл бойында қаржысының 15 пайызы қалталарында қалып отырады.
Еуропаның тағы бір үнемшіл халқы француздар. Олар да басқа еуропалықтар сияқты киімді арзан сатылымнан киеді. Олар арнайы арзан сатылымдар кезінде жұмыстан сұранып, киімдерді  80 пайыз жеңілдікпен алуды әдетке айналдырған. Француздар сыйлыққа ақша жұмсағанды қош көрмейді, кейде тіптен өздеріне сыйланған сыйлықты келесі біреуге сыйлап, болмаса сатып жібереді. Жұмысқа бара жатқанда көлігіне жолай әлдебіреуді  отыр­ғызып,  ақылы ала кетуді шығарғандар да осы  француз­дар. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.  Мұндай мақ­сатта олар арнайылап сайт ашып, өз қызметтерін ұсынып оты­рады.
Ал Америкадағы үнемшіл­діктің  басқалардыкінен жөні мүлде бөлек. Бұл елде екінің бірі­нің басында               адам нанғысыз бір­неше несие жүреді. Сондық­тан олар автокөліктен үнем жасайды. Бір көлікті он жылдай пайдаланады. Америкалықтар киімге көп қаражат жұмсамайды. Олар бөлмелерін студенттерге жалға беріп, жеңілдік купондарын пайдаланады. Балалары туылғанда бірден есепшот ашып, қаражат жинап отырады.
Мысырлықтардың үнемшіл­дігі тіпті таңғаларлық. Мұнда адамдар үйлерін шатырсыз салады, себебі мемлекет халықтан бітпеген үй үшін салық алмайды екен. Қарап отырсаңыз, мінеки, әр жерде адамдар әртүрлі жолдармен үнем жасап отыратыны байқалады. Біздің қазақ халқы ғана бүгінімен өмір сүретін сияқты. Әрі көрнеу мақтаныш төмендемей тұр. «Қазақ осы – дүние мен малыңды, оңды-солды шашу үшін жинайтын», – деп  Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, біздің қазекең күнделікті тұр­мыс­тан тиындап үнемдегенін той-томалақ, қонақ шақыру кезінде төгіп тастайды. Оны мақтан көретініміз тағы бар. Тегінде біздің қазақ халқының да дарақылықтарға ұрына бермей үнемдеуді үйренгені, үнем­дегенін  өзінің игілігіне жаратуға дағдыланғаны тиімді болар еді.

Раушан КАРШАЛОВА

Жауап қалдыру