Киімге жабысқан сағызды қалай тазалауға болады?

0
74

Мұндай қолайсыз жағдайға тап болған жан араларыңыздан міндетті түрде табыларына еш күмәніміз жоқ. Әсіресе, қоғамдық орындарда киіміне сағыз жабыстырып алып, одан қалай «құтылудың» жолын таппай жататындар көп кездеседі. Ендеше, киімге жабысқан сағызды тазалаудың жолдарын қарастырып көрелік.
Жалпы, сағызды киімнен таза­лау үшін ол киімнің материалына, түр-түсіне, сапа­сына аса мән берген жөн. Мысалы, түсі оңып кететін маталарға сағыз жабысқан жағдайда ацетон немесе спирт, сондай-ақ ыстық суды қолданбаған жөн.

1. Тоңазытқышқа салу
Ең оңай, әрі тиімді тәсіл сағыз жабысқан киімді полиэ­тилен қапқа (пакет) салып, тоңазыт­қыш­қа 1 сағатқа қою. Осы уақыт ішін­де сағыз қатып, өзі түсіп қа­лады.

2. Мұз басу
Бірінші тәсіл көмектеспесе, егер киім үлкен, тоңазытқышқа сыймайтын болса, онда сағыз жабысқан жерге мұз қойыңыз. сағыз қатқан уақытта қатты щеткамен тазалаңыз. Кілем мен төсеніштерге, пальто мен тонға сағыз жабысқанда да осы тәсілді қолданыңыз.

3. Ыстық су құю
Ол үшін жаныңызда көмекшіңіз болғаны дұрыс. Біреуіңіз ыстық суды сағыз жабысқан жерге құйып, екіншіңіз оны дереу щеткамен тазалап тұруларыңыз керек. Ол үшін ескі тіс щеткасын пайдалануыңызға болады. Егер көмекшіңіз болмаса, ыдыс­қа ыстық суды құйып, киімнің сағыз жабысқан жерін суға ба­тырып салыңыз. Судан шығар­май тұрып, сағызды үшкір зат­пен тазалап алыңыз. Одан кейін киімді қатты ысқылап жібері­ңіз. Тазаланған киімді жуып, жа­йыңыз. Егер сағыз толық та­заланбаса, процесті қайта­лаңыз.

4. Үтік қолдану
Сағыз жабысқан жердің үстінен дымқыл дәке қойып, үстінен үтіктеңіз. Сағызды тазалаудың бұл әдісінің кемшілігі киімге жабысқан сағыз тазаланғанымен, одан дақ қалуы мүмкін. Ал оны дақ тазартатын арнайы құралдармен тазалай аласыздар.

5. Шаш кептіргішпен кетіру
Киімнің сағыз жабысқан жерін шаш кептіргішпен біраз үрлеңіз. Содан кейін ескі тіс щеткасымен сағызды тазалап тастаңыз.

6. Сірке суы
Деним материалдарынан сағызды тазалаудың ең оңай тәсілі – сірке суын қолдану. Ол үшін аздаған сірке суын кішкене қыздырып алып, оған ескі тіс щеткасын батырып, сірке суы суып қалмай тұрып, тезірек сағызды сүртіп жіберіңіз.

http://anabol.kz

Жауап қалдыру