Гаймориттің табиғи емі

0
163

Әдетте созылмалы гайморит деген дерт жаныңды жеп, дегбіріңді қашырмаса да сыздатып басты, желкені қысады, мұрын бітеліп мазасыздау жүресің.
Әрине, асқынған кез­де жаныңды қоярға жер таппай­сың. Дәрігердің кө­мегінсіз ем жа­сауға ондай­да әсте бол­майды. Не керек, бас қыс­қан­да өзім амалсыздан екі танауыма ине шаныштырып, маңдай кеңістігімді таза­лап, же­ңілдеп қалғаным бар. Одан бері 7-8 жыл өтті. Бұл дерт одан бері қатты асқы­нып көрген емес. Тек сыздата бергесін жуырда ауруханаға бардым. ЛОР дәрігер рентгенге жіберді.
Рентген дәрігері бірден «Гаймориттен табиғи жолмен мүлде құтылғың келе ме?», – деді.
– Әрине.
– Негізі мен дәрігер болға­сын табиғи тәсіл­дерге сен­бей­тінмін. Бірде поезда мұ­ры­ным бітеліп, ба­сым сыз­дап ауырып, дұ­рыс дем ала алмай келе жаттым. Бір қа­зақтың кемпірі қарсы қарап отыр­ған. Сәлден кейін әлгі кісі:
– Балам, басың ауырып келе жатыр ғой се­нің. Мұрының бітелуіне қара­ғанда гайморитсің, – деді.
– Иә.Қайдан білдіңіз?
– Біліп тұрмын. Сен былай істе, екі түйір сарым­сақты (чеснокты) үш күн жұмыстан келгеннен кейін танауыңа сиятындай етіп салып жүр. Арасында сарымсақты инемен жаншып, өткір иісін көтер. Мұрныңнан «ақбоз ат пен көк боз ат» қоса «шабады». Одан кейін үш күннен кейін жуаны майдалап турап, езгілеп танауыңа шүберекпен таңып жүр. Қысқасы алма-кезек үздік­сіз осылай 10 күн жаса, гайморит жоқ болады, – депті.
– Содан….
– Содан үйге келіп істедім. Сегізінші күн дегенде мұрынымнан шаранадай сіңбірік ысырыла жерге түсіп жарылды. Сол сәттен бастап мұрыным, маңдайым бір жеңілдеді-ау. Содан бері мен гайморитты ұмытқанмын, – деді.
Үйге келіп толық қайта­ла­масам да сарымсақпен сырқатты демде сескендіріп қоямын. Сап тиылады. Бәлкім сізге де көмегі болар. Негізі ем зиянсыз табиғи заттан болғасын ғана ұсынып отырмын. Бұл тәсілден шипа болмаса дәрігерге баратыныңыз мәлім ғой.
Сарымсақты пайдаланарда одан күйіп қалмау жағын да қаперде ұстаған жөн. Сары­м­сақ күшті күйдіруші қасетке ие. Мамандар сарым­сақты теріде 20-25 минуттан артық, шырышты қабатта 5-15 минуттан артық ұстамау керектігін айтады. Бірақ әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан оның күйдіруші күші сізге әсер етпеуі де мүмкін. Дейтұрғанмен сарымсақты емдік мақсатта қолданарда аз мөлшерден бастаңыз.
Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ

Жауап қалдыру