Баланы қырқынан шығарудың өз жөні бар

0
22

Шыр етіп жарық дүниеге келген бала өміріндегі ір маңызды шақтың бірі – сәбиді қырқынан шығару.
Баланы қырқынан шыға­ру­дың өзі жайдан-жай шыққан нәрсе емес. Қырық күнге дейін баланы «тіл тиеді», «сұқ өтеді» деп тіл-көзден сақтаған, көрсете бермеген. Яғни ана үшін де, бала үшін де қырық күн – қауіпті кезең. Қырқынан шықпаған бөпені көруге үлкендер де талпынбаған. Сол сияқты қырқынан шықпаған баланың көзі де біртүрлі тұманданып, қайда қарап тұрғаны белгісіз болып тұрады. Қырқынан шықпаған бала әлі жердің баласы болып есептелмейді.
Баланы қырқынан шы­ғар­ған соң-ақ оның екі көзі жылтырап, жан-жағына көз тоқтатып қарай бастайды. Білегін ұстағанда ет пен сүйегінің біріге бастағаны байқалады, яғни сәбиді қырқынан шығару – ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет. Сонымен бірге халқымызда қайтыс болған адамның қырқын беру деген бар. Қайтыс болған адамның қырқын беру – аз болсын, көп болсын, біріне-бірі серік болған ет пен сүйектің ажырауына берілетін құдайы, өлімнің артын күту ғұрыптарының бірі. Өйткені дүниеден өткен адамның қырық күннен кейін еті мен сүйегі ажырайды екен…
Әдетте ұл баланы қырық күнге жеткізбей (37-39 күнде), қыз баланы міндетті түрде қырық күн толтырып барып, қырқынан шы­ғарады. Тіліміздегі «әйел қырық шырақты» деген сөз де осы жаймен байланысты айтылса керек. Қалай болғанда да, ұл мен қыздың дене бітімі екі түрлі. Әйел мен ер адамның күш-қуатында, жаратылысында, дене құрылысында өздеріне тән ерекшеліктері бар, бір есептен қыз бала ұлға қарағанда нәзік қой. Ұл бала болмысынан төзімді, қайсар дегендей, сондықтан ұл баланы қырық күнге жеткізбей шығара береді. Бала өміріндегі кез келген қуаныш тойларының әрқайсысының ізгі тілегі, мақсаты, танымдық үлгі­сі бар.
Бала мазасызданып жы­лағанда, дұрыс ұйық­та­мағанда әжелеріміз «бала қырқын күтіп жүр» деп жатады. Шынында да, құдайдың құдіретіне шек жоқ, жаңағыдай мазасыз жылаңқы баланы бар­лық жөн-жоралғысымен қыр­қынан шығарса, жылауы тоқ­тап, тынышталатын бол­­ған. Мұндағы тағы бір ерек­шелік, баланы қыр­қы­нан шығаруға арнап ша­қы­рылатындар – әйел адам­­дар, осындағы жөн-жорал­ғыларды әйелдер ат­қарады. Бүгінде «әйтеуір қыр­қынан шығару керек» деген түсінікпен, оның аста­рына мән бермей жүр­ген­дер бар.

Зейнеп АХМЕТОВА,
жазушы,
Бауыржан Момышұлының келіні

Жауап қалдыру