Қарбыздың емдік қасиеттері

0
65

Тамыз айы елімізде қауын-қарбыздың пісіп-жетілетін уақыты. Жаз айының сәніне айналған қарбыздың денсаулыққа пайдасы туралы білесіз бе?
Калориясыз, тәтті қарбыз­дың ағзаға тигізер пайдасы көп. Диетологтар қарбызды құнды диеталық тағам ретінде ұсынады. Алайда, күніне 2-3 кг-нан артық жеуге болмайды.
Қарбыздың емдік қасиеті ту­ралы ең алғаш арабтар анықтаған. Олар тамақтың алдында қарбыз жеген адамның ағзасы толығымен тазарады деп сенген. Медицина мамандары да қарбыздың аурудан айық­тыратын қасиеті бар екенін дәлелдеген.
Халық медицинасында қар­быз­ды шемен мен сарыауруға қарсы қолданады.
Қарбыздың дәндері, қабығы мен шырынды бөлігі дәрілік мақсатта қолданылады. Шырыны жаздың күні шөл басу үшін де пайдаланылады. Тәтті бөлігі мен шырыны несеп жүргізуге көмектеседі.
Ертеде халықтық медици­нада қарбыздың дәндерін қан тоқтату үшін де қолданған.
Қарбыз бүйрек және бауыр ауруларына, тас, тұз жиналған ішкі құрылыс мүшелеріне шипа болады.
Қарбыз темірге бай. Қаныаз­дық (анемия) кезінде де пайдасы көп. Сонымен қатар адам бойындағы артық холестеринді шығаруға, атеросклероз ауруына да көмектеседі.
Дәрігерлер жаз айында подагра, артрит, қант диабеті ауруларымен ауыратындардың ас мәзіріне қарбызды қосу­ды ұсынады. Семіздікпен күре­сетіндерге арналған қарбыз дие­тасы нәтижелі болатыны дәлелденген.
Безгек ауруына шалдыққан­дар қарбызды сусын ретінде қолданса болады.
Тіпті, қарбыз көздің көру қабілеті мен мидың белсенді­лігін арттырып, ультракүлгін сәу­­лелерден қорғай алады. Оның құрамындағы «С», «А» дәру­мендерінің адам ағзасына пайдасы мол.
Қарбыздың қабығымен бас ауруын лезде жазып алуға, дә­нін қайнатып, сусын ретінде қолдануға да болады.
Алайда қарбыз науқанымен қатар адамдардың улануы да жиілейді. Мысалы, Қазақс­­­­танда жаз айында та­мақтан улан­ғандардың саны был­тыр­ғымен салыстырғанда екі есеге көбейген. Оған қар­быз­дың химиялық қоспа­лар­дың көмегімен жылдам пісуі, же­містің көктей жұлынуы себеп болады.
Қарбыздың пісіп-піспегенін тексеру үшін сауда орындарында белгі салдырып кескен соң, қарбызды 1 сағаттың ішінде жеу керек. Әйтпесе, тағамдық құндылығы жойылып кетеді.
Көп адамдар қарбыздың дәнінің көп болмағаны дұрыс деп ойлайды. Алайда, бұл қате тұжырым. Қарбыздың дән­де­рінің көп болуы оның табиғи ортада өсірілгенін аңғартады. Және қарбыздың дәндері ақ емес, қара-қоңыр түсті, жетіл­ген болуы керек.
Қып-қызыл, тым тәтті қар­быздар да денсаулыққа зиян. Табиғи жолмен өсірілген қар­быздар әсіре қызыл болмауы керек.
Күннің ыстығында ұзақ тұ­рып қалған қарбыз да адам ағзасына зиян келтіріп, түрлі ауруларға себепші болады. Сондықтан, қарбыз таңдауда аса сақтық танытқан жөн.
Дана МАРАТОВА

Жауап қалдыру