Ақша үнемдеудің жапондық тәсілі

0
126

Жапон халқы өзінің үнемшілдік қасиетімен танымал. Сауда-саттықпен ерте кезден шұ­ғыл­данған жапондықтар бұл өнердің қыр-сырын ертеден игерген. Сондай тә­сілдердің бірі Какэйбо деп аталады. Бүгінде қалтаңыздағы қаржыны бас­қаруға көмектесетін көптеген электрондық бағ­дарламар бар. Бірақ оларды біріміз білсек, кө­біміз бейха­бармыз. Одан қал­ды ондағы ма­тематикалық есептер жүй­кені шаршатып, соңында қол сілтеп кетуге мәж­бүрлейді. Ал Какэйбо тәсілі барлық әлеуметтік топтарға арналған қарапайым.


Какэйбо тәсілінің көз­дегені адамға үнем­шіл­дікті үйрету. Бұл үшін сіз отбасылық бюджетті ба­қы­лап, жазатын дәптер ар­найсыз. Дәп­терге кіріспе ретін­де мынадай сұрақ­тар­ды жазып қойыңыз:
1. Бір айда табатын табыс мөлшері қанша?
2. Бір айда үнемдегіңіз келетін қар­жы мөлшері.
3. Бір айдағы шығындар.
Осы сұрақтарға жауап жазғанда сіздің бір айлық шығындар мен кірістеріңіз көз алдыңызда тұрады. Таны­мал қаржыгер Фу­мико Чиба «Какэйбо: Ақша үнемдеудің жа­пон­дық тә­сілі» атты кітабында: «Бұл тәсіл көпшілікке тым қа­ра­байыр шаруа болып түйілері хақ. Алайда көп­шілігіміздің шығын­дары­­­мыздың басым бөлігі осы көзге ілінбейтін дүние­лерде. Мысалыға, 10-15 минуттық жерге такси­мен жету, сырттағы ар­зан жерлерден тамақ­тану, дүкеннен 2-3 мың тең­гелік зат сатып алу және т.б. Бұлардың бәрі түк­­ке тұрғысыз қаржылар. Алай­да бір айға есептесек қомақты 10-20 мың теңге шығуы ғажап емес», – дейді.
Мінеки, осындай болма­шы шығындар қал­та­ңызға біраз салмақ салып жүргенін көргенде ой­ланып қаласыз. Пси­холог ғалымдар адам шы­ғын­­дарын ойша есеп­те­геннен гөрі көз­бен көргенде қатты әсер алады деген пікір білдіреді. Демек, отбасылық кіріс пен шығын дәптерін бүгіннен бастап арнағаныңыз дұ­рыс.
Бүгінгі уақыт тапшы за­манда бәріміз дайын дү­ниеге қызығатынымыз рас. Әсіресе, жас отба­сылар сырттан тамақ­тануды жиі әдетке ай­нал­дырған. Ка­кэйбо тәсіліне сүйенсек, бұл әдет­терді дереу тыю шарт. Жа­пон елінде жыл сайын жүз­де­ген жур­налдар мен кі­тап­тар дәл осы әдіс жай­лы шығады екен. Әр­бір отбасы осы тәсілді ұс­тануға барынша күш салады. Артып жи­налған қаржыға зәулім үй мен қым­бат көлік те сатып алмай, ше­тел­дерге сая­хат­тап де­мал­ғанды ұна­тады. Ой жүгіртер бол­сақ аста-төк дас­тар­ханды туылған күннен, тойға дейін жа­йып ысырап­шыл­дыққа жол беретін мына бізге керек-ақ.
Расында, көзіне түскен кез келген нәрсеге қызы­ғып, лездік мауқын басу үшін сатып ала беру – ол кедейшіліктен шыға алмаудың басты себебі. Жал­пы бұл ысы­рап­шылық­қа жете­лері де сөзсіз. Сон­дықтан, үнем­­шілдік қа­шан­да әуелі кедей­ліктен сақтап, сізді бай­лыққа жет­кізеді. Асыл дініміз Ислам­да үнемшілдік ұғымы Алла Тағала берген нығметті орынды жұмсап, ұқсатып пай­да­лануға саяды. Осы тұрғыдан келгенде, адам біткен үнемшілдік ар­қы­лы кедейліктен құты­лары белгілі. Сүйікті Пай­ғам­­барымыз Мұхам­мед (с.а.с.): «Сабыр­лылық, үнем­­ділік жә­не қажетсіз ысы­рап­кершілікке жол бермеушілік, пайғамбарлық си­па­тының жиырма төрт қа­сиетінің бірі. Ысырапкер­шілікке жол бермеңіз», – деп қатаң ескертеді.

Асан ШАҢБАЙ

Жауап қалдыру