ТҮРКЕН ХАТУН

0
448

Шыңғыс ханның қанқұйлы шапқыншылығын әңгіме еткенде Қайыр ханның өшпес ерлігі мен Түркен Хатунның Хорезм мемлекетіндегі өлшеусіз билігі туралы айтпай кету мүмкін емес. 1206 жылы Шыңғыс хан таққа отырып, «Ұлы Қаған» атанған сәтінен бастап жан-жағындағы тайпалар мен мемлекеттерді өзіне бағындыруды мақсат етіп, отаршылдық саясатты жүзеге асырды. Ол кезде басы бірікпеген көптеген кішкентай мемлекеттерден тұратын қытайлар да, Сібір мен Алтай өңіріндегі өзге ұсақ мемлекеттер де Шыңғыс ханға бағынышты болып, өмір сүрді.
Өзінің ата жауы меркіттерді жер бетінен жойып жіберуді мақсат еткен Шыңғыс олар паналаған тай­паларға қарсы соғыс ашты, аяусыз қырды. Әбден күшейіп, өзіне деген сенімі нығайған сәтте ол Батыстағы ірі мемлекет, күші мен байлығы өзінен кем емес Хорезмге көз тікті. Ұланғайыр жерге, миллиондаған халыққа ие бо­лып отырған Хо­резмшахқа, оның бағынышты ел­деріне бір емес, бірнеше рет ел­шілері мен саудагерлерін жібер­ді. Талай­ларды аузына қарат­­қан мәдениеті мен әдебиеті дамыған ұлы халық­тарды өзіне тәуел­ді еткен Хорезм мемлекетінің ты­ныс-тір­шілігін бі­луге күш салды. Жан­сыздары жайы­­лып жүрді. Оның осындай әрекет­теріне қар­сылық ретінде Хорезм мемле­кеті қа­рауындағы ұлыс­тарға жат жұрт­тардың елшілері мен сауда­герлеріне еркіндік берме­ді. Тарих­тан белгілі «Отырар ойраны» деп аталатын оқиға сол кезде шығыс пен батысты шарлап кетті. Шыңғыс ханның батысқа аттануы Отырар әкімі Қайыр ханның іс-әрекетінің салдары дейтіндер ауық-ауық айтылып қалады. Бүгін де осы тақырып айналасында та­лас то­лас­таған жоқ. Қайыр хан Хо­резм­шахтың бұйрығымен моң­ғол­дар­дың 450 саудагерін тың­шылығы үшін өлтір­сін, өлтір­месін Шыңғыс ханның Хорезм мемлекетіне соғыс ашып, оны жаншып, Орталық Азия мемле­кет­теріне басып кіруі оның бастап­қы арманы болғанын жоққа шығару қиын. Бұл жөнінде де деректер өте көп.
Түркен Хатунның ықпалы зор болды. Төркіні күшті, артында арқа сүйер батыр бауырлары бар Түркен Хатун шын мәнінде Хо­резм мемлекетінде елеулі тұлғаға айналып, қажет десеңіз билігін жүргізіп отырды. Көзі ашық, кө­кірегі ояу болмаса, ол күйеуі Те­кеш ханға да, ұлы Мұхаммед Хо­рез­м­шахқа билігін жүргізе алмас еді. Хорезм мемлекетінде Түр­кен Хатун­ның билігі ерекше болды. Оның шаһтарға ғана тиесілі бола­тын сарайы, әскері, аула шаруа­­шылығы болды. Оның айна­­ла­сында түрік ұлыстарынан шық­қан әскери қолбасшылар мен игі жақсылар топтасты. Оның билігі Хорезмшаһтан кем болған жоқ. Тарихшылар шаһтың анасы негізінен ішкі саясатпен айналыс­қанын жазады. Сондықтан да ол бауырларының Хорезм мемле­кетіне қарасты ұлыстар мен қала­лардың, бекіністердің билігіне тағайындалуына тікелей араласты. Көрші мемлекеттермен ол шаһтың келісімінсіз-ақ қарым-қатынас ор­натты. Осыдан-ақ Түркен Хатун­ның кім болғанын, оның билігі қандай деңгейде болғанын аңғару қиын емес. Өзін әлемнің пади­шасы деп санаған Түркен Хатун мұндай билікке оңай жолмен келмегені де түсінікті. Оның билік басына, ықпал жасаушы күшке айналуына шыққан тегі де үлкен әсер еткені сөзсіз. Атының тарихта қалуының өзі оның заманында ықпалды күшке ие болғанын көрсетеді. Тарихшылардың ай­туын­ша ол өз бетімен Шыңғыс хан­ға қарсы тұрар күшті біріктіруге ұм­тылды. Бауырларын жауға өл­мей беріспеске үндеді. Соның нәтижесінде оның бауырлары мен ол қойған билеушілердің барлығы моңғол шапқыншылығына тегер­уінді қарсылық көрсетіп, үлкен шы­ғынға ұшыратты. Сондықтан да оған Шыңғыс хан өлердей өш болды. Болмаса Түркен Хатунның тұтқынға түскеніне, оған қорлық пен зорлық көрсеткеніне соншама масаттанбас еді ғой.
Қанша мықтымын, күштімін де­генімен, Хорезм мемлекетінің ішін­дегі бірлік пен ынтымақтың сақталмауы алауыздыққа соқтыр­ды. Тарихшылардың айтуын­ша сол кезде бүкіл Хорезм мемлекеті бір жұдырық болып түйілгенде Шың­ғыс ханға қарсы тұрар күшке айналатыны сөзсіз екен. Алайда, Шың­ғыс ханның басқыншылық сая­сатындағы залым, құйтұрқы әре­кеттері мемлекеттің бірлігін ыдыратты, ішінен ірітіп, шірітті. Соның салдарынан сатқын да, қорқақ та, өз басының қамын ғана ойлап, жан сауғалап қашқан қашқын да пайда болды. Шыңғыс хан Хорезм мемлекетінің ішінен іруіне өзінің жансыздары мен мол қаржысының нәтижесінде қол жеткізгені жөнінде де тарихшылар айтып, жазып жүр.
Хорезм мемлекеті қирап, Шың­ғыс ханның табанының астына түскеннен кейін Түркен Хатун­ның өзінен бастап, өзге де бауырлары тұтқынға түсті. Біразы майысып, сынып кетті. Бірнеше сіңлілерін Шыңғыс хан Үргенішті басып алғаннан кейін бауыздаса, біраз бауырлары Мысыр асып, Бей­барыстан сая тауып, бас­қыншыға қарсы шайқасқан. Ал, Түркен Хатун мен оның бауыры Қайыр хан қайтпас қайсарлықтың өнегесін көрсетіп, Шыңғыс ханның алдында «өмірімді сақта» деп жалынып жалбарынған жоқ. Бұл жөнінде Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев «Талайғы Тараз» кітабында өте жақсы жазған. З.Буниятовтың айтуынша «қаша­йық, пәленшеге барайық» деген­дерге Түркен Хатун өзімен «терезесі тең емес, біреудің алдына барып жақсы­лық көргенімше, осылай Шыңғыс ханның есігінде жүріп өлгенім әлдеқайда жақсы!» деген. Осы­ның өзі-ақ оның тектілі­гін, қай­­сар­лығын көрсетеді. Шыңғыс хан­ның оған көрсетпеген қор­лы­ғы жоқ. Зынданда, одан кейін есігінің алдында иттермен бірге шынжырлап ұстаса да, иттер­мен бірге бір аяқтан тамақ ішкізе алмады. Бұл Шыңғыс ханның ұлылығы емес, тұтқында болса да Түркен Хатунның еркін жүруінен қаймыққаны болса керек. Себебі, ол кезде оның әскерінің құрамында түркі тайпаларының ұландары көп болатын. «Сұлтан сүйегін сатпайды» деген қағиданы ұстанатын олар жарты әлемнің падишасы атанған Түркен Хатунн­ың басының азаттығына күш салуы әбден мүмкін еді. Себебі Түркен Хатун қазақ тайпаларын өзгенің емес, өздерінің басқаруына жағдай жасағанын ұмыта алмайды.
Тарихтан белгілі Шыңғыс хан таққа отырғаннан кейін мемлекет­тер мен жекелеген тайпаларды өзіне бағындыруда екі түрлі саясат ұстанды. Алғаш мемлекеттер мен тайпалардың салт-дәстүрін сақтап қалуына жағдай жасап, олармен құда-құдандалы болып, достық қарым-қатынас арқылы күшейсе, бұрын құлақ естіп, көз көрмеген жауыздық арқылы шексіз билікке ие болды. Бұл туралы көптеген мәліметтер бар. Бірақ жан түршігерлік оның бәрін айтып жатудың қажеті шамалы. Отарлау саясатын ұстанғандар қашанда болса зорлық-зомбылыққа бара­тын­дығы, қатыгездік жасай­тындығы айдан анық.
Біздің мақсат бұл мақалада Түркен Хатунның заманына сәйкес қандай тұлға болғаны жөнінде ой толғау. Осы орайда, академик Әбдуәли Қайдардың «Қаңлы» деп аталатын тарихи шежірелі кітабындағы мына деректерді келтіруді жөн санадық. Француз ғалымы К. Д Оссон Түркен Хатун туралы былай деп жазады: «Сұлтан Мұхаммедтің анасы – Тұрқан Хатун өте беделді, мінезді, баласымен тең билік жүргізген айлалы да ақылды әйел еді. Ол рулас генералдардан тұратын топқа (партияға) басшылық етті. Империядағы екі жарлықтың бірі және орындалуға тиісті соңғысы Түркен Хатундікі болатын. Оның бір өзі сегіз хатшы ұстады және олар ең мәртебелі адамдардан тұратын. Өзі шығарған жарлықтың соңына өз қолымен: «Барша дүние мен сенімнің қамқоршысы (пірі, иесі), әлем әйелдерінің патшасы Тұрқан» деп жазатын еді. Оның ұраны: «менің сенетінім – бір ғана Құдай» болатын.
Ғалымдар мен тарихшылар хал­қы­мыздың тарихи тұлғасы, елдігі­міздің сақталып қалуына ықпал еткен, бауырларының басы аман, бауыры бүтін болуы үшін күрескен, қайраткер анамыз тұт­қында жүрсе де еңсесін түсір­меген, басын имеген қайсар­лығы заманында талайлар­ды таң­ғалдырған. Сондықтан да оның аты мәңгі есте қалған. Әрине, келіні Болған Ананың араша түскеніне көңілі босап, кеудеге тол­ған ащы запыранды лық етіп төге салмағаны да анық. Өзегі жа­сық, бөркемік болса анамыз за­ман­дас­тарының құрметіне бөлен­­беген, тарихта аты қалмаған бо­лар еді.
1223 жылы Түркен Хатун Шыңғыс хан мен Жошы хан қазасынан алты жылдан кейін өмірден озды. Артында өшпес сөз, іс қалдырған Түркен Хатун сияқты тұлғалар жүз жылда бір рет туады. Аты тарихта нақты ісімен қалған анамызды құрметтеу, қадірлеу – бүгінгі ұрпақ­тың парызы. Қалаларымыз бен ауылдарымызға Түркен Хатун­ның есімі беріліп жатса айып па?! Бұл тұлғаларымызды ардақтау арқылы тарихымызды тануға жол салады.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
жазушы

Жауап қалдыру