Махмұд Ғазнауи

0
369

Махмұд Ғазнауи – мұсылман түркі тайпаларынан шыққан ең ұлы тұлғалардың бірі. Асқан батыр, кемеңгер қолбасшы, парасатты саясаткер және данышпан әмірші ретінде танылған. Махмұд Ғазнауидің билігі тұсында қазіргі Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Иран, солтүстік Ирак жерлерін алып жатқан алғашқы түркі-ислам мемлекеттерінің бірі Ғазнауилер династиясы едәуір өркендеді. Өмірінің 45 жылы соғыс майдандарында өтті. Үндістанға 17 рет жасаған жорығымен мәшһүр. Ислам дінін Үнді жарты аралына және Оңтүстік Азияға жайды.
Махмұд 971 жылы Ғазнауилер мемлекетін құрушы Себук Тегиннің шаңырағында дүниеге келді. Әкесі Себук Тегин түбі түркі тайпасынан шыққан. Себук Тегин 12 жасында құлдыққа түсіп, саманидтер әулетіне сатылады. Құлдықта жүріп қолбас­шылық дәрежесіне дейін көтерілген Себук Тегин қазіргі Ауғанстан жерін­дегі Ғазна қаласына билеуші ретінде тағайындалады. Осылайша Себук Тегин Ғазнауилер мемлекетінің ірге­тасын қалады. Өзі құлдықтың ауыр да машақатты сынағынан өткен Се­бук Тегин балаларының тәрбиесіне өте қатал қарады. Махмұдты есі кіргеннен бастап әскери өнер мен дін ілімін үйренуге тапсырды. Оны басқа шәкірттерден әміршінің баласы болғандықтан бөліп-жармай теңдей қарауға бұйырды. Махмұдты үлде мен бүлдеге орамай барынша қарапайым өмір сүруге үйретті. Балалық шағы оқу мен жаттығуда өткен Махмұд діни білімге жетік, қарапайым, әскери өнерде алдына жан салмайтын тұлға болып өсті.
997 жылы Ғазнауилер мемлекетін құрушы Себук Тегин көз жұмды. Бұл кезде Махмұд әскери қолбасшы болатын. Ол әкесінің бұйрығымен Иран жерінде орын алған бүлікті басу үшін жорыққа аттанған еді. Махмұдтың билікке келуіне қарсы сарай уәзірлері бұл мүмкіндікті қолдан шығармас үшін оның інісі Исмаилды «арбап» таққа отырғызды. Уәзірлер Исмаилдың атынан Махмұдты қолбасшылық қызметінен босатып, сатқын деп жариялаған бұйрық шығарады. Шалғайда жүрген Махмұд бұл істерден бейхабар болатын. Көп ұзамай Махмұдқа бұйрықты жеткізу үшін сарайдан арнайы елшілер келеді. Махмұд қолбасшылық қызметтен кететінін мәлімдегенмен, өзіне тағылған «сатқын» айыбымен келіспейді. Сарайға әділ тергеу жүргізілмей бармайтындығын да ескертеді. Араларында абырой-беделі жоғары Махмұдты тастап, сарайға қайтудан әскерлер де бас тартады. Нәтижесінде Ғазнауи мемлекеті екіге бөлінді. Бірақ арада 6 ай өткен соң, Махмұд бар әскерімен Ғазна қаласына шабуыл жасап, ел астанасын басып алады. Билік тізгіні қолына тиген Махмұд басқа билеушілердей алғашқы ісін өзіне қарсы шыққан шенеуніктерді қырып-жоюдан бастаған жоқ. Ол көптеген шенеуніктерге кешірім жасап, тек ауыр қылмыс жасағандарын ғана зынданға тастады. Оның бұл ісіне таңырқаған жақтастарына Махмұд: «Әмірші қоластындағыларын жазаға тартарда өзі қайтарып бере алмайтын жандарын алудан сақтанғаны абзал», – деген екен. Осылайша Махмұд билікке таласта орын алатын қантөгістен бас тартып, көргенділік танытады.
Сұлтан Махмұд Ғазнауи мемлекетін басқаруға келгенде Ауғанстан бек­тері мен Пәкістан, Үргенш, Систан билеу­шілері жан-жақтан шабуылдар жасап, елдің берекесін қашыруда еді. Ал Ғазнауи мемлекетінің қазынасы босап, тұрақты әскер жасақтауға шамасы келмейтін. Сұлтан Махмұд осы кезде тарихта алғашқылардың бірі болып бай-жуандарға салық салу әдісін енгізді. Қазынаға түскен қаржыға 15 мыңдық атты әскер жасақтады. Бұл тәуелсіздігін қорғамақ болған мемлекет үшін өте аз әскер болатын. Алайда Сұлтан Махмұд көп ұзамай өзінің кемеңгер қолбасшылық қабілетін көрсете білді. Ол 15 мыңдық әскерін үш қолға бөліп, алдымен Ауғанстан бектеріне қарсы соғыс ашты. Сұлтан Махмұд қолының әр жерден бектерге шабуыл жасауы көп ұзамай өзінің жемісін берді. Көптеген Ауғанстан бектері: «Сұлтан Махмұд қолы орасан үлкен, ол әртүрлі майданда соғыс ашуда сондықтан өзіміз берілгеніміз жөн», – деп санады. Нәтижесінде Сұлтан Махмұд аз уақытта Ғазануи мемлекетінің тұтастығын сақтап қалды. Мұнан соң Шығыс Иран мен Пәкістан жеріне жорық жасап, оларды да тас-талқан етіп жеңді. Бұл кезде Сұлтан Махмұд бүкіл мұсылман әлеміне аты шығып, билігі нығая түсті. Оның шешім қабылдаудағы шапшаңдығы мен әскери өнердегі жетістіктерін көрген Хорезм патшалығы да тіс батыруын тоқтатты.
Ғазнауи мемлекетін ішкі және сыртқы жаулардан тазартқан Сұлтан Махмұд ендігі басты мақсаты Үндістан жеріне ислам дінін жаю еді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Сұлтан Махмұд 1001 жылы Үндістанға жорыққа аттанды. Сұлтан Махмұдқа қарсы Үндістан билеушісі Жайпал раджа 40 мыңнан астам қолмен 300 жауынгер піл бастап шықты. Ал Сұлтан Махмұд қарамағында 20 мыңға жуық атты әскер болды. Екі қол Пешавар қаласы маңында бетпе-бет кездесті. Жайпал раджа Сұлтан Махмұдтың ат төбеліндей қолын көріп «бүкіл мұсылман әлемі басына көтеретін қолбасшы осы ма? Оны бұл жерге ажалы айдап келген екен», – деп кемсітеді.
Сұлтан Махмұд жау қолын зерттей қарап олардың 15 мың ғана атты әскері барын біледі. Сондықтан қолбасшыларына ең алдымен жаудың атты әскерімен шайқасуды тапсырады. Ол үшін Сұлтан Махмұд жау қолына бар күшімен шабуылдап, көп ұзамай кері шегінеді. Жайпал раджа мұны қорқақтыққа балап мұсылмандар қа­ша жөнелді деп, атты әскеріне со­ңынан түсуге бұйырады. Сұлтан Мах­мұд болса, Жайпал раджаның негізгі қолынан тым алыс шегініп өзінің соңына түскен жаудың атты әскерін күтеді. Шегінген мұсылмандарды ентігіп қуып жеткен жаудың атты әскері қарсы шабуылды мүлде күтпеген еді. Сұлтан Махмұд осы сәтті пайдаланып олардың жан-жағынан тарпа бас салды. Мұсылмандар қолын қуып бол­дырған үнді әскерлері айтарлықтай қар­сылық көрсете алмады. Аз уақыт­тың ішінде Жайпал раджаның 15 мыңдық атты әскерінен небәрі 5 мыңы ғана аман қалып, кері шегінді. Өзіне қарсылық көрсетер жаудың атты әскерін талқандаған Сұлтан Махмұд енді үнді әскерінің соңына түсті. Бұл кезде «мұсылмандар қолын бытырата қуып шықтық» деген оймен жеңісті тойлай бастаған Жайпал раджа май­дан­дағы жеңілістен бейхабар болатын.
Тап осы кезде үнділер өздеріне мұсылман әскерлерінің шабуылдап келе жатқанын естіп дал болады. Сұлтан Махмұд үнді қолының шашыраңқы күйін көріп, дереу Жайпал раджаны қолға түсіруді тапсырады. Тасыған өзен суындай қарқыны күшті Сұлтан Махмұд қолы көп ұзамай Жайпал раджаны қолға түсіріп, шайқас аяқталады. Сұлтан Махмұд Жайпал раджадан Үнді жерінде Ислам дінін кедергісіз жаюға және Ғазнауи мемлекетіне салық төлеп тұруға уәде алып, босатып жібереді. Үлкен жеңіліске ұшыраған Жайпал раджа «мұндай абыройсыздықта өмір сүре алмаймын», – деп өз-өзіне қол салады.
Жайпал раджа көз жұмысымен, Үндістан билеушілері қайтадан мұсыл­мандарға шабуыл жасап, оларды тонауды бастайды. Осыларға жауап ретінде Сұлтан Махмұд 1026 жылға дейін Үнді түбегіне 14 рет жорық жасайды. Алайда барлығында да мұсыл­мандарға жәбір көрсеткен билеу­шілердің жазасын берісімен, кері шегініп отырады.
Осылайша Үнді әлеміне Сұлтан Мах­мұд атауының таралғаны соншалық, қандайда бір жерге жорыққа шықса, даңқы өзінен бұрын жетіп қалалар қорқыныштан беріле беретін халге түседі. Сұлтан Махмұд ең мәшһүр 16-шы жорығын Сомнат қаласына жасады. Себебі, Сомнат қаласындағы шива пұты Үндістандағы бүкіл пұттардың басшысы саналатын. Сондықтан пұтқа, отқа табынатын үнділердің көзінде бұл қала өте маңызды орында еді. Бұл шива ғибадатханасында 300 ер әнші және 500 биші болатын. Мұнда келетін мыңдаған табынушылар ең сәнді, ең қымбат бұйымдарын, асыл тастарын осы шива пұтына сыйға тастайтын. Сондай-ақ тек осы пұтхананың қызметіне арналған он мыңнан астам ауылдар болатын. Үнділер Ислам елдеріндегі пұттардың басына келгендерді (яғни қиратылуын) осы ең үстем шива пұтының оларға берген жазасы деп сенетін, сондай-ақ Махмұд Ғазнауидің сол күнге дейін бұл қалаға шабуылдамауын да сол басшы пұттың қолдауы деп сенетін. Осы себепті Сұлтан Махмұд үнділердегі бұл қате сенімді жоюды, Ислам дінін таратуды қалап, үнділердің осы пұтын құлатуды көздейді. 1025 жылы Мултанға келіп, кейін Тар шөлін мың бір қиыншылықпен бір ай дегенде өтеді. 1026 жылы қаңтар айында Сомнат қаласына келіп жетеді. Қала жылтыр тас төбешік бетінде орналасқан биік қамалды болатын. Сұлтан Махмұд бұл қаланы алуға тыңғылықты дайындықпен келген еді. Қамал бұзатын техникадан бастап, қабырғаға өрмелеп шығатын құрал-жабдықтарға дейін бар болатын. Нәтижесінде Сұлтан Махмұд қамалды және мәшһүр пұтхананы екінші шабуылда қолға түсірді. Үнділердің бұл пұттарына тоқтаусыз жалынып, жалбарынулары нәтижесіз қалды. Үнділер өздері қасиетті санайтын пұттары мұсылмандар қолына түскен соң, Сұлтан Махмұдқа елші жіберіп оны қыруар байлыққа сатып алуды көздейтіндерін жеткізеді. Сонда Сұлтан Махмұд: «Мен пұт сатушы емеспін. Бүгін сендер сенген осы пұттың кәдімгі тас екенін баршаға көрсетем», – дейді. Мұнан соң, Сұлтан Махмұд Шива пұтын халықтың алдында төртке бөлдіріп, Ғазнаға жібереді. Пұттарды қиратып, азан оқытты. Бұл жеңісі Ислам әлеміндегі Сұлтан Махмұд Ғазнауидің атын асқақтатты. Оның бұл ерлігінен кейін барша мұсылман әлемі Сұлтан Махмұдты «Ислам қорғаны» атап кетті.
Сұлтан Махмұд қолбасшылық қабі­ле­тімен қоса білімге құмарлығымен де тарихта қалды. Ол сарайында төрт жүзден астам ғұлама және қолөнер­шілер ұстаған. Оларға қамқор болып, ғылымның өркендеуіне көп мән беретін. Ислам ғалымдарын жиі-жиі мәжі­лістеріне шақырып, сұрақтар сұрайтын. Хадистерді жақсы білген. Ғалымдарға, дін адамдарына, қолөнершілерге және әскерлерге қатты мән берген және оларға көп жақсылық жасаған.
Ислам ғалымдары Сұлтан Махмұд туралы көп дастандар жазғандығы соншалық бұлардың жаңғырықтары осы күнімізге дейін жетіп келген. Солардың қатарын Мәуләна Жәла­леддин Руми, Фаруреддин Аттар, Шәйх Саади Ширази және Фирдауси секілді ғалымдардың еңбектерінен және халық ауыз әдебиеттерінен де көруге болады. Солардың бірі атақты «Аяз би» ертегісі. Сұлтан Махмұд жанынан үнемі тастамай ертіп жүрген атақты уәзірі Мәлік Аяз болғаны тарихтан белгілі. Ол Мәлік Аязға сенім артқаны соншалық барлық кеңестерін екі етпей жүзеге асырып отырған. Сондықтан да Сұлтан Махмұд бірде: «Әлемдегі ең беделді билеуші Мәлік Аяз. Ол ақыл-білімімен бір мемлекеттің билеушісін аузына қаратты», – деген екен.
Сұлтан Махмұд қаншама байлық пен беделге ие болса да қарапайым өмір сүрді. Ол өзінің жеке қазынасынан кедей-кепшіктерге, жоқ-жітіктерге ар­нап қаржы бөлетін. Бүгінге күнге дейін жеткен Сұлтан Махмұдтың және бір даналығы «Мен жүрегім мен қолымды байлықтан тыйдым. Нәтижесінде бұл өмірдің де, ахиреттің де шынайы байлығын көре алдым», – депті.

Жүсіп ЖҰБАТ.
«P&H»

Жауап қалдыру