Мағриб қорғаушысы

0
23

Әл-Ашраф Салах ад-Дин Халил ибн Қалауын мысырлық мәмлүк империясынан шыққан даңқты қолбасшы сұлтан. Сұлтан Бейбарыстың майдандас досы Қалауынның ұлы. Билік еткен жылдарында ғасырларға созылған крест жорықтарын мұсылман әлемінің пайдасына шешіп, кресшілердің соңғы қамалы Акра мен Палестинаны жаулап, крест жорықтарына соңғы нүктені қойды.
Әл-Ашраф Халил сұлтан Қалауынның шаңырағында 1262 жылы дүниге келген. Қалауын сұлтанның сүйікті ұлы ас-Салих Әли тақ мұрагері ретінде саналатын. Сондықтан Халил ханзада бар уақытын әскери өнерге арнап, көптеген жорықтарға қаты­сып, Таяу Шығыстағы әске­ри-саяси «ойындарға» жас­та­йы­нан араласты. 1285 жылы әкесі Қалауын бастаған мысыр­лық мәм­лүктер Иерусалим корол­дігіне қарсы жорыққа шығып, Марабу, Лаодикея және Триполи қалаларын басып алды. Енді кресшілердің Таяу Шығыстағы соңғы тірегі Акра қаласы қалған болатын. Күллі иеліктерінен айыры­латынын сезген Генрих II (Иерусалим және Кипр королі) 1289 жылы Қалауынға баға­лы сый­лықтармен салық төлеуге және мұсылман елдеріне шабуыл­дамауға уәде беріп бітім жа­сал­ғандықтан жорық аяқт­а­лады.
1290 жылы кресшілер королі Генрих II өз уәдесін бұзып, мұсылмандардың шекаралық аумақ­тарына шабуыл­дап, халқын аяусыз қырып, қалаларды талан-таражға түсірді. Мұны естіген сұлтан Қалауын кресшілерге соғыс жариялап, жорыққа дайындалды. Алайда сұлтан Қалауын аяқ астынан қа­за болуына байланысты жо­рық тоқтатылды. Қалауынның тақ мұрагері ас-Салих Әли 1288 жылы ауыр науқастан қай­тыс болғандықтан таққа кім оты­ратындығы белгісіз бола­тын. Қалауын сұлтанның бас уәзірі Хосам ад-Дин Турунтай билікке қол жеткізу мақсатында Халилдің мұрагерлігін растайтын әкесінің жарлығы жоқтығын алға тартты. Әскер арасында Халил­дің беделі жоғары болған­дықтан, әскери күшпен көп ұзамай сарай ақсүйектері толы­ғымен қамауға алынып, Халилге қарсы шыққандары жазаланды. Осы­лайша билікке келген Халил барлық ақсүйектер мен халық­қа «Әкем Қалауынның емес, Құдайдың пәрмені бойынша сұлтан болдым» деген екен. Сарай­дағы ақсүйектердің қарсы­лығын біржолата жойған соң, әкесі орындай алмай кеткен крес­шілерді Таяу Шығыстан қуу арма­нын орындау мақсатында жорық­қа шықты.
Әкесі Қалауын Триполи граф­тығын 1289 жылы жаулап алғанымен, Иерусалим корол­дігінің астанасы ең мықты тірегі саналған Акра қаласын басып ала алмаған. Халил осы қаланы басып алса, бүкіл кресшілерді маңызды тіректен айыратындығын жақсы түсінді. Себебі, крест жорықтары батыстан келгенімен осы Акра қаласынан басталатын еді. Бұл кресшілердің Таяу Шығыстағы көзі мен құлағына айналған бекініс тұғын. Халил жорыққа аттанардан бұрын алдын ала тамп­лиерлер магистрі Гийом де Божеге хат жолдап, соғыс жариялағанын және әкесіне жі­бер­гендей уақытша сыйлық пен алтын артылған елші жібер­меуін сұрады. Генрих II сұл­тандарға алтын мен бағалы сый­лықтар жіберіп, ашық со­ғысқа шықпағанымен шекара аймағындағы мұсылмандардың қала мен сауда керуендеріне шабуыл­дар жасап, шығындарын еселеп қайтаратын. Мұны Таяу Шығыста ұзақ жылдар жорық­та болған Халил жақсы білетін. Сыйлық пен салықтан бас тарт­қанына таңырқаған ақсүйек­терге. «Келіп жатқан бай­лық Генрих II емес, мұсыл­ман­дарға тиесілі, ол енді бізді бұл айласына түсіре алмайды», – деген екен. Магистр Гийом де Боже ескертуге қарамастан Филип Мэнбефом бастаған алтын мен күміс сый­лықтарға толы елшілерді Каир қаласына аттандырып, бітім­ге келуді сұрады. Халил бітімге келуден бас тартып, елші­лерді түгел қамауға алады.
Әл-Ашраф Халил Мысыр мен Сириядан шешуші шайқасқа орасан қол жинауға кірісті. Нәти­жесінде мұсылман әлемі бірте-бірте Халилдің әскеріне қосыла бастады. Шам қаласынан Ләджин, Хамнан аль-Музаффар, Триполиден Билбан, және Аль-Карка қаласынан Бейбарыс аль-Деуадар бастаған қолбасшылар одаққа қосылды. Бұдан басқа кресшілерден жәбір көрген ерікті жорыққа шығушы мұсылман шаруалар да келіп жатты. Осылайша мұсылман әлеміндегі ең күшті әскери қол жасақталды, деректер бойынша 60 мың атты әскер, 160 мың жаяу әскер мен 92 қала бұзатын машина құраған қол Акра қаласына аттанды.
Акра қаласына Генрих II мұсылмандарға қарсы соғысуға Еуропадан көмек сұрағанымен, айтарлық дәрежеде көмек кел­меді. Швейцариядан Отто де Гран­дисон бастаған рыцарлар мен королдерден аздаған әскер­лер ғана келді. Негізгі қала қорғау­шылары Генрих II аттан­дырған інісі Аморидің жасағы болатын. Акра қаласы Таяу Шығыстағы қорғанысы мықты қаланың бірі болатын. Еуропа королдері берген қаражат пен алым-салықтан түс­кен қаржыға салынған, қала­ның бір емес екі қорған қабыр­ғасы, он екі мұнарадан тұратын тас атқыш машиналар жауды қақпаға жолатпайтын. Жалпы саны 20 мыңнан асатын өте жақсы қаруланған тәжірибелі кресшілер Акра қаласын қорғауға кірісті.
1291 жылы сәуір айында Халил әскерлері Акра қаласын қоршауға алды. Хама қаласынан келген әскер тамплиерлер мұнарасына қарсы орналасса, мысырлық әскер монмузар деп аталатын қабырғаға қарсы шабуылдауға келісілді. Ал Халил ордасы биіктеу жаға­жайға орналасты. Акра қаласы жан-жақтан қоршауға алы­нып, қабырға бұзатын тас атқыш ма­шиналармен қалаға бір ап­тадан астам шабуыл жасал­ды. Нә­тижесінде қаланың қабыр­ғалары аздап бұзылып, екі әскер арасында шайқастар болып жатқанымен қалаға кіру мүмкін болмады. Мұсылман қолының тоқтаусыз шабуылынан рухы түскен қорғаушылар Кипрдегі Генрих II королден көмек сұрай бастады. Қаланы тек іштен қорғау мүмкін еместігін түсінген тамплиерлер басшысы Жан Грайи мен Отто де Грандисон мұсылман әскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, жау қолындағы тас атқыш машиналарды жоймақ болды. Алайда шабуылға шық­қан тамплиерлер мұсылман ордасындағы атты әскерге арнал­ған тұзақтарға түсіп, аттары­нан айырылып, орасан зор шығынға ұшырады. Соған қарамастан Акра қаласы бір айдан астам уақыт берілмеді. Мамыр айында қалаға Кипрден Генрих II король бастаған 40-тан астам әскери кеме көмекке келді. Көп ұзамай бұл көмектің де аз екендігін қала қорғаушылары түсініп, қаланы кейбір қолбасшылар тастап қаша бастады. Үміті үзілген Генрих II король жауды айламен алуға көшіп Халилге елшілер жіберді. Елшілер Халил алдында тізе бүгіп бітімге келуді сұрағанымен, Халил қала қақпасын ашуды одан барлық христиан әскерлерін алып кетуді талап етті. Бұл талапқа көнбеген елшілер соғыс қала ішінде бола қалса, қаладағы жас балалар мен әйелдерді, қарттарды жәбірлемеуді сұрады. Халил қаланың барлық тұрғындары мен әскерлеріне өз еркімен берілсе кешірім беретіндігін елшілерге уәде етеді. Мұсылмандар әміршісі мен елшілер арасында осындай келісім-шарт жасалып жатқанда, Акра қаласынан тура сұлтан шатырына қарай тас атқыш машинадан алып тастар атылады. Олардың ешбірі сұлтан шатырына тимегенімен бір алып тас дәл жанына келіп құлады. Генрих II король елші жіберу айласы арқылы шатырға сұлтандар мен қолбасшыларды жинап оларды тас атқыш машиналармен көзін жоюды ойлаған екен. Мұның айла болғандығын түсінген Халил басында елшілерді дарға асуды ұйғарғанымен, кешірім жасап босатады.
Мамыр айының ортасынан бастап қана Акра қаласының мұна­ралары бірінен кейін бірі құлатыла бастайды. Мұнаралар құлатыла бастағанда Халил барлық әскерге қалаға жан-жақ­тан шабуыл жасауға бұйрық береді. 300-ден астам түйеге артылған дауылпаз бен кернейдің даусы жер-көкке тарап, бүкіл Акра қаласына естіліп, христиан әскерлері үрейлене бастады. Мұсыл­ман әскерлері енді соң­ғы «Қарғыс» деп аталатын мұна­раға шабуылдауға көшті, мұнара қорғаушылары әулие Анто­ния қақпасына қарай шегін­ді. Мұсылман әскерлері қала қабыр­­ғаларын алып Хали­фат жалау­лары ілінді. Қабыр­ғаны қай­тар­ғысы келген тамплиер­лердің шабуылы сәтсіз аяқталды. Корол Генрих II мен бірқатар қолбасшылар Акра қаласын тастап қашып кетеді. Гийом де Боже, тамплиерлер магистрі және Матье де Клермон секілді рыцарь қолбасшылар қаза табады. 100 жылдан астам кресшілер қолында болған Акра 43 күндік қоршаудан соң мұсылмандар қолына өтеді. Қаланың орталығына бекінген тамплиерлер қолбасшысы Пьер де Севари мен Халил сұлтан келісімге келіп, қала орталығын бейбіт беруге, ал мұсылмандар тамплиерлерді Кипрге дейін аман-есен жетуіне кепілдік бе­реді. Алайда тамплиерлер қол­бас­шысы Теобальд Годен түн жамылып күзеттегі мұсыл­ман әскерлерін өлтіріп қолына түскен қала байлығын кемелерге тиеп қашып кетеді. Таң атысымен бұл жағдайды естіген мұсылмандар мен христиандар арасында қақ­тығыс қайта шығып Пьер де Севари қаза табады. Қолбас­шы­лары­ның бірі қаза тауып, қалған­дары байлықты артып қашып кеткен екі мыңға жуық тамп­лиер­лер қала орталығына бекініп он бес күндей қорғанады. Нәти­жесінде барлығы да қаза тауып, Акра қаласы толық мұсыл­ман­дар қолына өтеді.
Акра қаласының құлағаны күллі Еуропа елдеріне тарап, енді олар шығысқа жорық жасау мүм­кіндіктерінен толық айырыл­ғандықтарын түсінеді. Халил Шам қаласына жеңімпаз және кресшілерді Таяу Шығыстан бір­жолата қуып шыққан сұлтан ретінде танылды. Халил Каир қаласына келісімен қамаудағы елші Филип Мэнбефті босатып, оны Кипрге дейін күзетпен шығарып салады. Оның бұл әді­леттілігін көрген елші оған өмір бойы риза болып әділетті, сөзінде тұратын ел билеушісі ретінде Еуропаға таратқан.
Таяу Шығыстағы христиан­дардың тірегі болған Акра қаласын алған Халил енді кресшілерді біржолата қумақ ниетте Тир, Сидон, Бейрут, Хайф, Тартус қалаларын жаулап алуға кірісті. Акра қаласы құлағанын естіген бұл қаладағы қолбасшылар мұ­сыл­­мандармен соғысудан қа­шып, тегеуірінді қарсылық көр­сете алмады. Нәтижесінде барлық қала түгел мұсылмандар қолына өтті. Осылайша әйгілі Салах ад-Дин бастаған мұсылмандардың кресшілерге қарсы соғысы Халилдің тұсында аяқталып, хрис­­­тиан әскерлері толықтай шы­ғыс­тан қуылды. 300 жылға со­­зыл­ған мұсылмандар мен хрис­тиандар арасындағы қиян-кескі ұрыс-тартыс Халилдің тұсын­да мұсылмандар жеңісімен аяқ­тал­ды.
Халилдің жеке бас қасиетін тарихшылар ақылды, алғыр, тақ үстінде емес, ат үстінде отырып ел қорғаған қолбасшы сұлтан ретінде сипаттайды. Халил сарай ақсүйектерін ұната бермейтін, оларды ел басқару ісіне араластырмай, жеке-дара шешім қа­былдайтын. Сондықтан оны ақ­сүйектер мен әмірлер ұната бер­мейтін. Мысалыға өзінің бас уәзірі етіп ақсүйек тобына жат­пайтын, шам саудагері Ибн аль-Салюсті тағайындауы әмір­лер мен мәмлүктер, одан қал­ды ақсүйектердің ашу-ыза­сын келтірді. 1293 жылы аң­шы­лық кезінде Байдары бас­таған ақсүйектер Халил сұл­танға қастандық жасап, өлті­реді. Байдары өзін сұлтан деп жа­риялағанымен, мәмлүк сұл­тан­дары мен наразы әскер оны тұт­­қындап, басы шабылады. Ха­­лилді өлтіруге қатысы бар бар­лық қолбасшы, ақсүйектер тұт­қын­­далып, ауыр жазаға тарты­лады. Халилдің қазасынан соң мәм­лүктердің қолдауымен 9 жастағы інісі Ан-Насир Мұхаммед таққа отырады.
Әл-Ашраф Халил үш жыл екі айға жуық қана билік еткенімен, мұсылман әлемі үшін тартысты үш ғасырлық соғысты жеңіспен аяқтады. Ол ел басқару ісінде әділдігі мен қарапайымдылығы, уәдеге беріктігі мен ерлігі арқылы есте қалып, мұсылман әлемінің  Ескендір Зұлқарнайыны атанды.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру