І Сәлім сұлтан

0
134

Мұсылман әлемін біріктіруші
І Сәлім тарихта ең кемеңгер қолбасшы, стратег, мұсылман әлемін бір тудың астына біріктіруші тұлға ретінде қалды. Оның өмір жолының басым бөлігі соғыс майдандарында өтті. Ол Ирак, Иран, Араб түбегін, Мысыр, Таяу Шығыс жерлерін толық Османлы сұлтандығына қаратты. Тәртібі мықты, заманауи әскер құра білді. Мұсылман әлемінің іргесін бекітіп, оған сырттан екі-үш ғасыр ешкім тіс батыра алмастай қорғаушы мемлекет қалдырды.
І Сәлім 1465 жылы Османлы сұлтаны II Баязиттің шаңырағында дүниеге келген. ІІ Баязит сұлтан ел басқаруды үйрету мақсатында ұлдарын әр өңірге басшы ретінде тағайындайтын. Сондықтан І Сәлімге Балқан өңірін басқару ісі жүктелген еді. ІІ Баязит бейбітшіліксүйгіш және діндар сұлтан болды. Көрші мемлекеттермен қақтығыстан барынша қашып, ішкі саясатқа үлкен мән беретін. Алайда еуропалық ірі державалар мен парсы шаһы І Ысмайыл өз иеліктерін кеңейту мақсатында Османлы сұлтандығына көз салуда еді. Осындай дүрбелең кезеңде ІІ Баязит сұлтан өз мұрагері ретінде екінші ұлы Ахметті тағайындамақ болады. Көптеген тарихшылар бұл шешімді «ІІ Баязит сұлтан соғысты жек көрді. Сондықтан І Сәлімге билік берсе ол көрші елдермен қақтығысып Османлы сұлтандығына қауіп төндіреді. Ал Ахмет ханзада әкесі секілді бейбітшіліксүйгіш момын. Сол үшін де оны тақ мұрагері ретінде бекітті», – деген болжам айтады. Бұл шешімге наразы болған І Сәлім ханзада қол жинап әкесіне қарсы шықпақ болған. Алайда бұл ісінен береке таппайтынын біліп, елден біржолата кетуге шешім қабылдайды. Осылайша І Сәлім Қырым хандығына көшіп кетеді.
Ұлының бұл шешімге наразы бо­лып, елден кеткенін естіген ІІ Баязит сұл­тан монархиялық билікте өте сирек кез­десетін шешім қабылдайды. 1512 жы­лы ІІ Баязит өз билігінен бас тартып, ор­­нына Қырымда жүрген І Сәлімді сай­лайды. Оның бұл шешіміне тарихшы ға­лымдар «ІІ Баязит көз жұмбай тұрып елде болатын билікке талас-тартыстың ал­дын алды. Османлы сұлтандығын күл-талқан ететін азаматтық соғыстан сақ­таған кемеңгер сұлтан», – деген баға бе­реді.
І Сәлім таққа отырысымен ел шека­расын бекітуге кірісті. Ең алдымен ба­тыс еуропалық елдерге елшілер аттандырып, Османлы иеліктеріне қарақшылық шабуылдарды доғаруды талап етті. Еуропалық державалар І Сәлімнің бұл талабынан соң Османлы сұлтандығына шабуыл жасаудан аяқ тартты. Алайда сол кездегі парсы шаһы І Ысмайыл бұл талапты орындаудан үзілді-кесілді бас тартады. Бұған жауап ретінде І Сәлім Анадолыдағы 35-40 мың шииттерді парсы тыңшылары деп айып тағып дарға асты. Оның бұл ісінен шошынған халық оған «жауыз Сәлім» деген атақ берді.
І Сәлімнің басты арманы жеке-жеке сұлтанаттарға бөлінген мұсылман мем­лекеттерін біріктіру болатын. Оның бұл мақсатына кедергі келтіретін де осы парсы патшалығы еді. Сондықтан да І Сәлім көп ұзамай оларға соққы беріп талқандауды ұйғарды. 1514 жылдың мамырында I Сәлім Таяу Шығысқа аттанды. Сивас пен Эрзурумға соқпай өтіп, парсы шаһы I Ысмайыл иеліктеріне басып кірді. Парсылар ашық шайқастан қашқақтап, Османлы жауынгерлерін шаршату үшін шегінумен болды. Алайда І Сәлім парсы әскерін талқандау үшін соңына дейін баратындығын көрсетіп, соңдарынан қалмай қуып отырды. Бұлай қаша берсе бүкіл иелігінен айырылатынын сезген І Ысмайыл Шалдырын даласында шешуші шайқасқа дайындалды.
Шалдырын алқабы таулы қыратты дала болатын. Сондықтан бұл жер атты әскер саны басым парсылықтарға қолайлы еді. Ал І Сәлім әскерінде жақсы қаруланған жаяу әскерлер (янычар) басым болса, атты әскерлері (сипахи) жеңіл қаруланған және саны аз болатын. Парсы шаһы І Ысмайылға қолбасшылары «Османлы әскеріне түн жамылып шабуылдайық» дегенде «Мен түнде алысатын қарақшы емеспін, І Сәліммен күндіз бетпе-бет соғысамын» деп бұл ұсыныстан бас тартады. Таң сәріден басталған соғыстың басында Османлы жаяу әскері жеңіске жеткенімен І Ысмайылдың өзі бастаған атты әскерлерге тойтарыс бере алмады. Енді жеңіс туы парсылықтар қолына өтті. І Ысмайыл Османлы әскерін түгел талқандау мақсатында бүкіл қолын майданға аттандырды. Сырт көзге Османлы әскерін ешкім де құтқара алмастай көрінді. Парсы атты әскерінің адуынды шабуылы барған сайын үдеп бара жатты. Міне, осы сәтте І Сәлім еуропалықтардан алған зеңбіректі артиллерияны іске қосты. Зеңбіректің ауыр оқтары мен үрейлі даусынан шошынған парсы әскерлері әрі-сәрі күйге түсіп, жауынгерлік сабы бұзылды. І Ысмайыл шаһтың әскері бұйрыққа бағынудан қалды. Осы сәтте Османлы сапындағы жаяу әскер мен атты әскер бірлесе шабуылдап парсы қолын тас-талқан етіп жеңді. Жеке басының амандығын ойлаған І Ысмайыл шаһ соғыс даласын тастап қашты. І Сәлім сұлтан қашқан шаһтың ізіне түсуден бас тартып екі аптадан соң парсылардың елордасы Тебризге басып кірді. Бірақ алдағы қыстан сескенген І Сәлім бүкіл әскерін ертіп кері шегінді. Қайтар жолында Ереван, Карс, Эрзурум, Сивас және Амасья арқылы өтіп, І Ысмайыл шаһтың қазынасын және гаремін алып, Константиниеге мыңдаған шебер қолөнершілерді өзімен бірге алып келді. Осындай ірі жеңілістен соң І Ысмайыл көрші елдерге шабуылдау мүмкіндігін толықтай жоғалтты. Ал І Сәлімге бұл жеңіс Шам, Мысыр мен Хижаз өлкелеріне жол ашып берді.
1515 жылы І Сәлім сұлтан Мысыр билеушілеріне арқа сүйеп Елбістанды билеген Аладин сұлтанға шабуыл жасады. Аладин сұлтан Османлы шекарасына емін-еркін кіріп билік жүргізетін. Шекарадағы саудагерлер мен қалалардан салық алатын. Сондықтан бұл бассыздықты жою мақсатында І Сәлім сұлтан оның басын алды. Бұл шабуылдан соң көп ұзамай Мысыр билеушісімен арада қақтығыс болатыны белгілі еді. Себебі, Аладин сұлтан Мысыр билеушісі Қансухпен өте жақын болатын. Осыдан кейін Мысыр сұлтаны Қансух соғысқа дайындала бастады. Ал І Сәлім сұлтан Мысыр билеушісімен бейбіт келісімге келуге барынша тырысты. 1516 жылы І Сәлім сұлтан Каирге елшілер жіберіп сауда-саттық бойынша келіссөздер жүргізді. Алайда бұл қарым-қатынастардан ештеңе шықпады. Таяу Шығысты уысына түсіргісі келетін екі ірі мемлекеттің майданда кездесуі уақыт өткен сайын белгілі бола бастады.
1516 жылы І Сәлім сұлтан шека­ралық аймақтарды бақылаймын деген желеумен 65 мыңдық қолын бастап Мысырға аттанады. Егерде Мысыр билеушісі Қансух атты әскерімен Османлы иеліктеріне бірінші болып шабуылдар болса, оны тоқтату қиынға соғар еді. Сондықтан І Сәлім сұлтан өзі алдымен соққы жасауды ұйғарады. І Сәлім сұлтанның сенгені парсы әскерін талқандаған зеңбіректер еді. Ол арбаға артылған зеңбіректерді құпия сақтап әскер соңынан ертіп отырды. Ал Мысыр билеушісі Қансухтың қолына 85 мыңға жуық жауынгер жиналды. Олардың дені атты әскер болатын. Бірақ Қансух парсы әскері жіберген қателікті қайталамау үшін қолын үшке бөліп ұстады. Ал негізгі қолды өзі бастап майданға бірден кірмеудің амалын қарастырды. Мысыр билеушісі Қансух Османлы қолымен соғысу үшін жазық дала Мардж Дабикке тоқтады. Бұл жазықтан Османлы қолының қалай қозғалғанын айқын көруге толық мүмкіндік болды. Осылайша екі әккі қолбасшы бастаған орасан үлкен қол соғыс майданында жолықты. Қансух Османлы қолына лап бермей қашқақтап соғысты. Оның шошынғаны Османлы әскерінің зеңбіректері болатын. Бірақ І Сәлім сұлтан да зеңбіректерін көрсетпей майданға тек жаяу әскерін салды. Қансух сұлтан мұның айла екенін сезіп, атты әскерінің бір бөлігімен ғана шабуыл жасады. Күн ұзаққа созылған шайқаста Қансухтың қолы басым түсе бастады. Алайда ол негізгі қолын бәрібір майданға салмады. І Сәлім сұлтан бұлай жалғаса берсе мысырлық атты әскерлер құрт секілді қолын жеп бітіретінін сезіп, тасқамал қорғанысқа көшті. Османлы қолы жарты ай секілді шеп құрып ашық соғысқа шығудан бас тартты. Ал Қансух сұлтан болса «Османлы әскері жанына тым жақын барсаң бір-ақ жұтатын әпжылан секілді. Сондықтан біз оның басын тез шауып алуымыз керек», – деп қоршауды қатайта түсті.
І Сәлім сұлтан да «Қансух сұлтан өте кемеңгер қолбасшы екен. Тым жақын келсе күйерін сезіп, алыстан жемтігін аңдыған жыртқыштай бақылап отыр. Оны қалай да шақыру керек», – деп ой түйеді. Ақыр соңында І Сәлім сұлтан шегінетіндей кейіп танытып қорғанысын бұза бастайды. Оны көрген Қансух «Әпжылан ініне қайта қашпаққа бекінді. Оның басын алып келіңдер», – деп бұйырады. Өздеріне лап қойған мысырлық әскерлерді көргенде І Сәлім сұлтан зеңбіректерін іске қосып, атқылай бастайды. Османлы зеңбіректерін көрген Қансух негізгі қолға сол тұсқа шабуылдауға бұйрық береді. Осылайша екі қол арасындағы қиян-кескі шайқас басталып кетеді. Қансух Османлы әскерінің зеңбіректерін қолға түсіруге қанша тырысқанымен оған жақындауға еш мүмкіндік табылмады. Бірақ негізгі басымдық мысырлықтар қолында еді. Олар барған сайын Османлы қолын ығыстырып, қоршауға ала түскен кез болатын. Осы сәтте Қансух сұлтан мерт болыпты деген хабар соғыс даласын шарлап кетеді. Билеушілерінің мерт болғанын естіген мысырлық әскер толықтай кері шегіне бастайды. Жеңіс қолыма тиді-ау деп тұрған Қансух сұлтан не болғанын білмей қалды. Ал темірдей тәртіпке бағынған Османлы әскері қалған мысырлықтарды тез арада күйрете жеңеді. Қансух сұлтан шегінбей соңына дейін күресіп, майданда қаза табады.
І Сәлім сұлтанның бұл жеңісі оған Таяу Шығысқа толық билік жүргізуге мүмкіндік берді. 1516 жылдың тамыз айында Хижаз өлкесі де оған бағынып, «Қасиетті екі мекеннің қызметшісі» деген атақ алады. Яғни, Медина мен Мекке қаласының билігі қолына тиді. Ал бір жылдан соң екі қаланың қасиетті кілті І Сәлім сұлтанға табысталып, «Мұсылман әлемінің қорғанышы» деген лақап ат алады. Осылайша І Сәлім сұлтан тек Османлы мемлекетінің шекарасын ғана кеңейтпей күллі мұсылман әлемін қайта бір тудың астына біріктіре алды. Бұл мұсылман әлеміне еуропалық отарлаушылардың емін-еркін енуіне үлкен тосқауыл болды. Одан қалды І Сәлім сұлтан Хайреддин Барборасса секілді теңіз көкжалымен бірігіп Жерорта теңізіне де өз билігін жүргізді. Венгрия, Балқан түбегі, Шығыс Еуропа елдері толық оның билігін мойындап, салық төледі. Ал Испания, Англия, Франция секілді алып державалар онымен санасуға мәжбүр болды. Бұл державалардың ешбірі де онымен майданда кездесуге дәті бармай, тек салық пен сыйлық арқылы қарым-қатынас құрды.
І Сәлім сұлтан 1520 жылы 54 жа­сын­да ауыр науқастан көз жұмды. Ол артынан алып мұсылман империясын қалдырды. Ол Османлы мемлекетінің шекарасын 70 пайызға ұлғайтты. І Сәлім дүниеден өткенде Османлы мемлекетінің көлемі 1,494 млн шаршы шақырымды құрады. Бұл тарихтағы ең ірі империя ретінде сақталып қалды.
Жүсіп ЖҰБАТ,
«P&H»

Жауап қалдыру