Ким СЕРІКБАЕВ: Еліміздің жер бетіндегі, жер астындағы байлығының қорғаны – қазақ!

0
182

Еліміздегі әскерилердің ішіндегі ең әйдік тұлғалардың бірі, отандық әскер саласындағы алғашқы ғалым, полковник, Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері Ким Серікбаев 14 қаңтарда өзінің жеті мүшеліне – 85 жасқа толмақ. Сексеннің сеңгірінен асса да ақсақал әлі де сергек, қимылы ширақ, ойы тұнық, сөзі нық. Зейнеттемін деп үйде жатқан емес. 2007 жылдан Алматы қаласы Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Түрлі оқу орындарының шақыруымен барып, жастармен жиі жүздеседі. Төмендегі сұқбатта әскери ардагердің Қазақстан армиясын қалыптастырудағы еңбегі мен шынайы патриоттық бейнесі айшықталады.
– Ким аға, есіміңіз елден ерек. Оның мағынасын көбісі, әсі­ресе қазіргі жастар біле бер­меуі мүмкін.
– Біле бермейтіні рас. Оның тарихы былай ғой. Әкем өле-өлгенше партия, кеңес үкіметі деп қызмет қылған адам. Озі кезінде ферма бастығы болыпты. Одан бұрын орыстардың бақшасында бригадир болып істегендіктен орысша жақсы сөйлеген. Шамалы арабша білетін. Партия қызметіне шын беріліп, идеясын қолдаған кісі. Сол тұста «Коммунистический ин­тер­национал молодёжи» деген жастар ұйымы болған. Қысқартып айтқанда КИМ. 1948 жылы ол ВЛКСМ болып өзгертілді. Әкем өзі шын беріліп қызмет еткен қоғамға деген құрметінің белгісі ретінде «комсомолдың аты менің ұлымда қалсын» деп маған осы есімді берген екен.
– Алайда әкеңіз де, анаңыз да дүниеден ерте өтіпті. Оның үстіне балалық шағыңыз соғыс­пен тұспа-тұс келді. Сол бір қиын-қыстау кездерде кім сүйе­ніш болды?
– Соғыстан кейінгі жылдар, әсі­ресе 1947 жыл өз басыма оңайға соқ­қан жоқ. Ақтөбе өңіріне жауын жаумай, егін шықпай, халық қиыншылық көрді. Ол кезде әкем бұл дүниеде жоқ еді. Анам қатты науқастанып жатты. Сол кезде үйдегі жалғыз сиырды сатып, қашар алып, оны сойып, анамызға сорпа ішкізгенім есімде. Ұзамай анамыз да дүниеден өтті. Жетім қалдық. Мен жалпы өткенді жамандамайтын жанмын. Кеңес заманында жақсы күндер де, қиын күндер де болды. Біржақты қаралай беруге болмайды. Үкімет бізді далада қалдырған жоқ. Әуелі ауыл, кейін қала интернатында оқыдым. Мен сияқты жетім балаларды адам қылған үкіметтің тәрбиесі. Қазір де жетімдер бар. Бірақ оларға бізге жасалғандай қамқорлық өкінішке қарай жасалып жатқан жоқ. Біздің мұғалімдеріміздің бірсыпырасы соғыстан келгендер еді. Олар ажалдан аман қалдым деп еңбектерін адал істейтін. Басымыздан сипайтын. Сол кісілердің арқасында көштен қалмадық.
– Өзіңіз өмір сүрген замандағы оқиғалар, көріністер әскери адам болуыңызға қаншалықты әсер етті?
– Бала болсақ та соғыстың салдары, ондағы аға-апаларымыздың ерлігі санамызға ерте қонды. Бас­тауыш сыныпта оқығанда Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғаб­дул­линнің, Әлия мен Мәншүктің атын естідік. Солардай батыр болсақ дедік. Балалық қой, 45-ші жылы соғыс біткенде басымызда «қап, соғыс жылдам бітіп қалғаны-ай, біз соғысқа қатыса алмадық-ау» деген ой жүретін. Отанның қорғаны, Бауыржан, Мәліктердей батыр болам деген балалық арман алға жетелеп отырды. Сол кісілердің ізін жалғау өмірімнің мәніне айналды.
– Еліміз егемендік алған тұста әскери доктрина қабылдау, соған сәйкес әскер жасақтау мәселелесі туды. Осы маңызды істің басынан өзіңіз табылдыңыз. Әскери доктриналық құжат дүниеге қа­лай келді?
– О баста әскери доктринаның қаңқасын білгенімізбен, құрылымын то­лықтай білмейтін едік. Өйткені ол – құпия болатын. Әсіресе ке­ңес әскерінің доктринасы. Сол кез­де ҚР Қорғаныс министрі Са­ға­дат Нұрмағамбетов «Мен өмір тәжірибем, соғыс тәжірибем негізінде әскери құрылыс мәселесімен айналысамын. Ал сен білімің бар, тәжірибең бар, әскери доктрина жа­­зумен, заңдарды әзірлеумен ай­на­лыс!» деп тапсырды. Әуелі қор­ға­ныс комитетінде істедім, кейін Пре­­зидент әкімшілігінде ашылған қор­­­ғаныс бөлімін басқардым. Сауаты, тәжірибесі, білімі бар, әскери ғылыммен айналысқан азаматтарды жинадым. Мәскеуге барып, кезінде аспирантурада бірге оқыған жігіттерден сыр тартып көрдім. Олардың әрқайсысы бір-бір генерал болып алыпты. Әскери достық деген бір керемет қой. Солар өйтіп-бүйтіп Ресей доктринасының жөн-жобасын айтып берді. Арғы жағын жұмысшы тобы болып өзіміз бітірдік. Сол доктрина әлі күнге күшінде. Тек жағдайға байланысты шамалы өзгерген болуы керек.
– Сол кезде әскери техниканы Ресейге тасу әрекеттерінің орын алғандығы туралы естіп едік…
– Ондай оқиғалардың болғаны рас. Сондай әңгіменің шеті шыға бас­тағанда мәселенің анық-қаны­ғына көз жеткізу мақсатымен арнайы комиссия құрдық. Оған ұлттық қауіпсіздік қызметінен, қаржы ми­нистрлігінен, парламенттен өкіл­дер кірді. Барлығын тексеріп, қоры­тынды баяндаманы Нұрсұлтан На­зар­баевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысына алып келдік. Мән-жайды алдын ала Елбасыға айтқанымда, ол кісі сабыр қылып, жауапты адамдарды тыңдап көрелік, кейін шешім қа­былдармыз деді. Отырыста салаға жауапты бірі орыс, бірі белорус екі генерал ештеңе болмағандай баян­дамаларын оқып шықты. Ар­тынша мен генералдардың әре­кетін әшкерелейтін тексеріс қоры­тын­дысын таныстырдым. Президент екі генералды да орнынан алып, көп ұзамай «Қазақстанның аума­ғындағы барлық әскери техника, қару-жарақ – Қазақстанның мүлкі, Үкімет қаулысынсыз мұны сыртқа шығаруға болмайды» деген жарлық шығарды. Еліміздегі әскери техниканы осылай сақтап қалдық.
– Әскер санмен ғана емес, сапамен де өлшенеді. Сапалы әскер көп жағдайда әскери ғылымның дамуына байланысты. Осы орайда әскери ғылымның еліміздегі жай-күйін, оның маңыздылығын айтып өтсеңіз…
– Тәуелсіздік алған тұста «ғылым­ды қоя тұрайық, алдымен әскерді құрып алайықшы» деген пікірлер айтылды. Ал мен әскери ғылымды қолға алуды кешеуілдетпеуге ша­­­қы­­рып әлекпін. Сол уақытта әс­ке­­ри кадр дайындау бойынша Қа­зақ­­стан мен Ресей арасында уағда­­ластық бар еді. Оған сай 400 адам­ды Ресейде оқыту мүмкіндігі бол­ды. Солардың арасынан 50-ін аспирантураға түсірейік деген ұсы­ныс білдірдім. Бірақ ол қолдау тап­пады. Арада бірнеше жылдар өт­ті. Әскери салада қателіктер орын алып жатты. Оны ашық ай­туыма тура келді. Арада 8-9 жыл­дан кейін ғана әскери ғылымға көңіл бөліне бастады. Бұл істе та­рихшы Манаш Қозыбаев көп еңбек сіңірді. Оған Елбасының «Келе­шекте қорғаныс мәселесін ойласақ, егеменді еліміздің тәуел­сіздігі тұрақты болсын десек әс­керді дұрыс құруымыз керек. Ол әскер әр уақытта өткен тәжірибе бойынша құрылуы керек» деген мәлімдемесі де қозғау болды. Кейін ресейлік, белорустық тәжірибелер қолданылды. Солардың негізінде әскери аспирантура – адъюнктура ашылды. Қажетті мамандарды Ре­сейде, Белорусьте оқыттық. Со­лардың арқасында қазір 40-қа жуық әскери ғылым кандидаты, 9 әс­кери ғылым докторы бар. Қа­зіргі әскери ғылым жағдайы жаман емес. Тек бір айтарым, әскери ғылымға бол­лондық жүйе келмейді. Осы жүйе­ге сай P&d докторы атанып жүрген­дердің білім-біліктілігі бұрынғы жүйе бойынша оқыған кандидаттардан әлдеқайда төмен. Оның үстіне студент алмасу деген бар. Ал біздің әскери оқу орындарында ше­тел­дік­тердің оқығаны қанша­лықты қажет? Әскери, мемлекеттік құпия деген бар емес пе?! Соны ойлану керек.
– Соңғы жылдары елімізде әскер санын азайтып, келісім-шартпен қызмет етушілерді көбейтуге басымдық берілуде. Бұған қалай қарайсыз?
– Келісім-шарт жақсы, бірақ кәсіби әскер одан да жақсы деген ұстанымдағы адаммын. Келісім-шарт бойынша қызмет етуге келген адам кәсіби маман болса, әскери тәжірибесі, әскери ынтасы болса жақсы. Бірақ шынын айту керек, қазір әскерге жұмыс таба алмай келіп жатқандар баршылық, көбі әскери мәселеден алыс адамдар. Ал бізге кәсіби әскер керек. Тым болмаса келісім-шартпен қызмет етушілер санын елу пайыз, қалған жартысын әскерге шақырылған жастар бойынша жасаған дұрыс шығар. Өйткені қалайда Отанды қорғау керек қой. Ертең ел ба­сына күн туса сол жауынгерлер қорға­нымыз болады. Соған жауын­гер­леріміз әрдайым дайын болуға тиіс.
– Дайындық демекші, бүгінгі бір жылдық әскери борышты өтеу мерзіміне пікіріңіз қандай?
– Бұл мәселеге қатысты нақты айтар болсам, бір жыл әскери істі меңгеруге, жауынгерді то­лық даярлауға жеткіліксіз. Қа­зір қару-жарақ түрі өзгерген, техника жаңарған, түрлі әскери көліктер шықты. Бір жылда бала неге үйренеді? Жауынгер етіп қалыптастыруға кемі 2 жыл керек.
– Жастармен жиі кездесіп тұ­расыз. Өскелең ұрпақтың пат­риоттық рухына қандай баға берер едіңіз?
– Мектептерге, жоғары оқу орындарына барам. Сонда кейде «қандай маман болғың келеді?» деп сұраймын. «Бизнесмен бо­лам» дейтіндер көп. Ал әскери маман болғысы келетіндермен мақ­тана алмаймыз. Бұл заманға бай­ланысты шығар. Бұл жөнінен үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ұлттық қауіпсіздік мәселесін алға қою қажет. Жастарға осынау бай­тақ жерді бізге мұра еткен баба­ларымыздың ерлігін айтуымыз керек. Еліміздің жер бетіндегі, жер астындағы байлығының қор­ғаны тек қана қазақ. Ұлттың бола­шағы, ұлттың тұтастығы солардың қо­лында. Соны құлақтарына құйып, қаперінен шықпастай етуге тиіспіз.
– Бүгінде мектептерде ер мұ­ға­лімдер тапшы. Бұның теріс салдары болуы мүмкін бе?
– Бұл да күрделі проблема. Кейбір мектептерде тіпті ал­ғашқы әскери дайындық пәнін әйел мұғалімдер жүргізеді. Ер мұғалімдер жоққа тән. Ер адам иә, отбасын асырау керек. Сондықтан олар «мұғалім болсам менің келешекте жағдайым қалай болады?» деп уайымдайды. Сол үшін мұғалімдердің жалақысын көтеріп, ұл балаларды мұғалім болуға ынталандыру керек. Бала тәрбиесінде ер адамның орны ерекше. Ұлтымыздың тәрбиесі оңды, ұлдары отаншыл болсын десек, осыған аса мән берген жөн.

Сұқбаттасқан
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Өмірдерек

Ким Серікбайұлы Серікбаев 1934 жылы 14 қаңтарда Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Көптоғай ауылында дүниеге келген. Анасы 14 құрсақ көтеріпті. Ким Серікбаев солардың кенжесі әрі еркек кіндіктіден жалғыз тұяқ. 1952-1956 жылдары КазМУ-де, Уфа әскери училищесінде оқыды. Оны үздік бітіреді. 1956-1966 жылдары Қиыр Шығыс, Прикарпатье, Мәскеу, Орта Азия әскери округтерінде взвод, рота, батальон командирі, мотоатқыштар полкында штаб бастығы, полк командирі болды. 1970 жылы Мәскеудегі әскери академияны бітірді.
1970-1973 жылдары Мәскеудегі әскери академияда Кубадан, Моңғолиядан келген офицерлерге жалпы тактикадан сабақ берді. 1974 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, қазақ халқының тұңғыш дипломды әскери ғалымы атанды. 1973-1975 жылдары Алматы жоғары әскери командалық училищесінде кафедра бастығы, 1975-1988 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде кафедра бастығы болды. 1988 жылы полкловник шенінде запасқа шықты. 1988-1991 жылдары Б.Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернаттың бастығы, 1992-1993 жылдары Мемлекеттік қорғаныс комитеті төрағасының кеңесшісі, ҚР Президенті аппараты мен Минстрлер Кабинеті жанынан құрылған Қорғаныс бөлімінің жетекшісі болды. 1996-1999 жылдары ҚР Парламентінің Мәжіліс аппаратында қорғаныс және қауіпсіздік мәселелер жөніндегі кеңесші қызметін атқарды. 2000 жылдан ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-ғылыми орталығында бас ғылыми қызметкер.
«Ер парызы», «Бауыржан Момышұлы ме­нің өмірімде», «Еліміздің әскери қауіпсіз­дігі: проблемалары, болашағы», «Батыр аға­ның шапағаты», «Перзенттік парыз», «Қайы­рымды істің ғұмыры қашан да ұзақ», «Жеңіп алынған Тәуелсіздікке – берік қорған» секілді еңбектердің авторы.

Жауап қалдыру