Жылжу үшін ілгері бизнеске не кедергі?

0
30

Еліміз үшін биылғы қазан айы тек табиғаттың жемісті айы ғана болып қойған жоқ, сонымен қатар сезіне білген еліміздің әр азаматы үшін саяси маңыздылығы жағынан да жеміске толы ерекше ай болды.
Ел экономикасын да­мытудың тиімділігін арт­тыруды көздеген Елба­сы­ның дәстүрлі Жол­дауы­ның осы айда жария­лануы, биліктің әлеумет­пен етене жа­қын­дасуға деген бет­бұрысына жаңа рең бер­ген­дей.
Оны Елбасының өз Жол­дауында: «Әрбір қазақ­стан­дық жүргізіліп жатқан рефор­малардың мәнін және олардың Ота­нымызды өркендету жо­лындағы маңызын жете тү­сінуге тиіс. Реформаларды та­бысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды» – деп қадап айтуынан да айқын аңғаруға болады.
Жолдаудан соң іле-шала, осы айдың үшінші онкүндігінде Елбасы оның 6 блогы бойынша 100 ісшараны қамтитын, Жалпы халықтық іс-қимыл жоспарына қол қойды. Олар:
– халық табысының өсуі
– тұрмыс сапасын арттыру;
– өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру;
– азаматтар сұранысына бе­йім­делген мемлекеттік аппарат;
– тиімді сыртқы саясат;
– әрбір қазақстандықтың еліміз­дегі өзгерістер үдеріс­теріне атсалысуы.
Осы реформалар қалай жү­зеге асырылады және қа­лай бақыланады? «NUROTANT­RENDS» пікірталас сұқ­бат ала­ңының қонақтары осы жа­йында өз пікірлерін орта­ға салды.
Сұқбат алаңының алғашқы арнау сөзін «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының Бірін­ші орынбасары Мәулен Әшім­баев алып, Елбасы тапсырма­ларының тиімді орындалуын «НұрОтан» партиясы қалай қадағалайды, оны іске асыру мен түсіндіру жұмыстары қалай жоспарлануда деген сауалға жауап берді:
– Біз Жолдаудың орындалуын тиімді қадағалайтын белгілі бір жүйе құрудың тетіктерін жа­сақтап жатырмыз. Оның аясында Жолдаудың қалай орын­далып жатқандығы жө­нінде жан-жақтан: мемле­кет­тік органдар, үкіметтік емес ұйымдардан, аймақтар тара­пынан және мүдделі адамдар тарапынан ақпараттар жиын­тығы түсіп тұрса дейміз. Және осы жүйе арқылы Елбасы қойған тапсырмалардың Орталықта және жергілікті жерлерде қалай іске асырылып жатқандығын ба­қылап, оның толықтай орын­далуына ықпал еткіміз келеді, – дейді ол.
«Халық табысының өсуін қалай қамтамасыз етпекшісіздер? Нә­тижесінде халықтың шынайы табысы қаншаға өспек» деген модератор Рахым Ошақбаевтың келесі сұрағы ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сү­лейменов ке арналды.
– Қамтамасыз ету тәсілдері бар. Үкіметпен, әкімдермен, ірі кәсіпорындармен бірлесе оты­рып, біріншіден, жалақыны арт­тыру арқылы, одан соң шағын және орта бизнесті қолдау арқылы көптеген шараларды іске асыруға дайынбыз.
Бұл ретте өзін ақтаған бағ­дарлама ретінде «Бизнестің жол картасы» 2025 жылға дейін өз жалғасын таба береді. Ол қо­сымша қаражатпен толық­тырылатын болады. Инфляция қазір 6,1 пайызды құрап отыр. Баға өскенімен, біз осы жылға салынған дәліздің ортасын ұстап тұрмыз. Инфляцияға қарсы кешенді шаралар бар. Жол­дауда инвестициялық бағдар­ла­маларға тыңғылықты талдау жасау туралы айтылған, біз қазір осы бағытта жұмыс жасап жа­тырмыз.
2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет жоба­сына біздің жасаған тал­дауы­мыз, оның бұрынғыдан да әлеу­меттенгенін көрсетті. Тұтас­тай алғанда, 10,7 трлн теңгенің 4,8-і немесе 45 пайызы – бұл әлеуметтік шығындар. 2019-2021 жылдары әлеуметтік шығындар шамамен үштен бір бөлікке өседі.
Үш жылға арналған Жолдау­дың барлық міндеттерін іске асы­руға бюджеттің көп бөлігі және қосымша тағы 1,75 трлн теңге қарастырылған, – деді ұлттық экономика министрі.
– Ендігі маңызды мәселе, Ел­басының сөзімен айтсақ, «әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керек». Және Президент айтқан «бюджеттік ақшаға түбі жоқ бөшке ретінде қарайтындардың» әрекетіне және бюджеттің тиімді жұмсалуы жөнінде не айтасыз? – деген модератор Рахым Сәкенұлының талдама-сауалына ҚР Парламентінің Мәжілісінің депутаты, қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің мүшесі, Аманжан Жамалов былай деді:
– Биылғы Жолдау – пробле­маларды шешуде экономикалық-әлеуметтік және саяси жағынан үйлесімді мазмұндалған теңдесі жоқ Жолдау. Өйткені бүгінде бағдарлама өте қисынды құ­рылған. Қаржыландыру көздері белгілі. Бизнесті несиелеуге 600 млрд теңге бөлінген. Оның 300 млрд-ы кепілдендірілген 11 пайыз кіріспен БЖЗҚ-ға, қалған 300 млрд теңге қарапайым зат­тарға деген импортқа тәуел­діліктен құтылу үшін бизнесті жылжытуға ұлттық банкіге беріледі. Бұл соманы банктер нақты жетіспейтін тауарлар бойынша 7-8 пайызбен тек сол тауарларды өндіретін бизнеске жылжытады. Шағын және ор­та бизнес үшін мемлекет тарапынан жеңілдік жасалып, субсидияланады.
Бұдан өзге, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Айма­ғамбетов, Esquire Kazak­hstan басылымының бас редак­торы Гүлнар Бажкенова білім сапасын арттыру (үлгі ретін­де Назарбаев зияткерлік мектептерінің моделі таңдалын­ған) педагог мәртебесі туралы заң қабылдау, мұғалімдер жа­ла­қысын арттыру және оларды өзге мақсаттарда пай­да­ла­нуды жою мәселелері туралы пікірлерін ортаға салды.
Ал, «Стратегия» «Әлеуметтік және саяси зерттеулер орта­лығы» қоғамдық қорының же­текшісі Гүлмира Илеуова қоғамдық-саяси жағдаяттар қызметін бағалаудың ескірген­дігін, сондықтан бағалауға деген амал-тәсілдерді өзгертіп, адам­дардың белсендірек болуы керектігін және осыған мемле­кеттік қызметшілер тарапынан қарым-қатынастың өзгеріп, қызмет көрсетуге дайын болуы қажет деген пікір айтты.
«Атамекен» ҚР ҰКП Жаппай кәсіпкерлік және микроқар­жыландыру департаментінің бас­қарушы директоры Бауыр­жан Оразғалиев бір ай мерзім ішінде кәсіпкерлермен кеңесіп, ұсыныстар дайындала­тын­дығын және қазіргі кезде биз­неске кедергі болып отырған мәселе ретінде қаржының қол жетімсіздігі, курстың тұрақ­тамауы мен сатып алушылар қа­тарының құлдырап кетуін атап өтті.

Анаргүл САДИЫҚҚЫЗЫ

Жауап қалдыру