Жол апаты құрбандарына 20 млн теңге көмек

0
18
????????????????????????????????????

25 қараша күні Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы Теңге ауылының маңындағы теміржол өткелінде тепловоз жолға шығып кеткен «Газель» маркалы шағын автобусты соғып, соның салдарынан 9 адам қаза тапты. 27 адам түрлі дене жарақаты бойынша ауруханаға түсті, олардың тоғызының жағдайы ауыр күйде.
Оқиғаға бойынша ҚР Қыл­мыс­тық кодексінің 344-бабы (темiржол… көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) және 345-бабы (көлiк құралдарын басқа­ратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы­нан абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша тергеу жүргізілуде.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жол апатынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына 20 миллион теңге бөлуді тапсырды. Ол бойынша апатта қаза болғандардың отбасыларына 1 млн теңге, ауыр халде жатқан 9 адамға 500 мың теңге беріледі. Тағы жапа шеккен 18 адамға 300 мың теңгеден бөлінбек.
Сонымен бірге, аймақ бас­шысының төрағалығымен өткен аппараттық жиында об­лыс­тағы барлық мемлекет­тік ор­ган­дар­дың 1 күндік жала­қы­сын жол апатында зардап шеккендердің отбасыларына аудару туралы шешім қабылданды.
Жаңаөзен қаласы әкімдігінің жанынан 15 адамнан тұратын комиссия құрылды. Комиссия мүшелері жол апатынан көз жұмған және жараланған отба­сыларға көмек көрсетумен айна­лыспақ. Сондай-ақ, материал­­дық көмек көрсету үшін қа­йырымдылық қоры құ­рылды. Комиссия мен қайы­рым­дылық қорының жұмыс барысын облыс әкімі Ералы Тоғжанов тікелей қадаға­лайтын болады.

Маусымжан ДИХАНБАЕВА

Маңғыстау облысы

Жауап қалдыру