ЖЕЛТОҚСАН – ҚАЗАҚТЫҢ АР-НАМЫСЫ, МАҚТАНЫШЫ

0
164

Тәуелсіздік – тағзым етер асқақ ұғым. Еркіндік үшін қаймана қазақ басынан не кешпеді? Бостандық жолында қаншама есіл ерлер мен қайсар қаракөз қыздар құрбан болды. Олардың ерлік ісін өскелең ұрпақ ешқашан ұмытпақ емес.
Таяуда Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде Тарих және дінтану факультетінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру және тәуелсіздік» атты салтанатты кеш болып өтті. Желтоқсан күрескерлері – белгілі ақын, қоғам қайраткері, Бүкілтүркі дүниесі ақындары фестивалінің лауреаты Болат Шарахымбай, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық ұйымының мүшелері Гүлзат Темірбекова, Ержан Күреңбаев, тағы басқалар кештің құрметті қонағы болды.
Желтоқсан құрбандарын еске алуға арналған бір минуттың үнсіздіктен кейін Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры, педогогика ғылымдарының докторы, профессор Сабири Хизметли сөз алып, бүгінгі кештің маңызына тоқталды.
Одан кейін кезегімен мінбеге көтерілген қонақтар, сол бір 86-ның ала­сапыран күндері жайында еске алып, естеліктерімен бөлісті. Желтоқсан көтерілісінің
егемендікке қосқан үлесі туралы баяндай отырып, «Желтоқсан – еркіндік аңсаған қазақ ұлтының ұлы ерлігі» деп атап өтті. Көтерілістің шығу себебіне тоқталған Б.Шарахымбай мырза, оның негізінде ұлттық кемсітушілік, тілдік шектеу­лер мен «екінші сортты» халық ретінде қараушылық жатқанын айтты. «Тәуелсіздік идеяларын басшылыққа алған қазақ жастары аяусыз жазаланып, қудалауға ұшырады. Қаншама зорлық-зомбылықты бастан өткерді. Бірақ, олар жер тізерлеген жоқ, қайта сол ерлік істерімен 1991 жылы жарияланған Тәуелсіздікке орасан зор үлестерін қосты. Ел рухының сынбағандығын көрсетті. Сондықтан да өскелең ұрпақ 1986 жылы Желтоқсан күрескерлеріне қарыздар», – деді ол.
Жастардың патриоттық сезімін тәрбиелеуде өз үлесін қосқан бұл әдемі кешті Тарих және дінтану факультетінің деканы, профессор Ұлан Әбдіхалықов жүргізіп отырды.

Жомарт МҰХАМЕДҚАЛИ

Жауап қалдыру