Жекешелендіру ТҮҚЖБ-ны не күтіп тұр?

0
36

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Тұрғын үй құры­лыс­ жинақ банкін жекешелендіру ша­ра­ларын түсіндірді. Министр аталған шарадан кейінгі өзгерістер мен инвесторға қойылатын негізгі талап­тар­ды да жариялады, деп xабар­лай­ды ҚазАқпарат тілшісі.
– Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасының бір бағытын іске асырып келеді. Аталған міндет қала береді. Салымшыларға мемлекеттің 20 проценттік сыйақысы да төленеді. Барлық шарттар қалады. Бір ғана өзгеріс болады. Банктің қазіргі иесі – «Бәйтерек» xолдингінің орнына басқа инвестор келеді. Алайда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің негізгі рөлі өзгермейді, – деді Т.Сүлейменов Парламент Мәжілісінің отырысында.
Министрдің айтуынша, банкті жекешелен­діруден біраз пайда түседі. Ол ақшаның бәрі Ұлттық қорға салынады. Ал жаңа инвес­тордың келуімен корпоративті басқару жүйесі жақсарып, жұмыстың тиімділігі артады деген сенім бар.
– Біріншіден, барлық шарттар сақталады. Екіншіден, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасына қатыса береді. Бәлкім, «7-20-25»-ке де (ипотекалық бағдарлама – авт.) қатысады. Соның бәрі тиісті құжаттарда көрсетіледі. Инвестор келіспесе, банк сатылмайды. Үшіншіден, мем­лекеттің сыйақысы сақталады. Міне, осы шарттар инвестордың алдына қойы­лады. Оған келіссе, банк сатылады. Келіспесе, бас­қасын іздейміз, – деп атап көрсетті Т.Сүлей­менов.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы xолдингі бас­қарма төрағасының орынбасары Ға­лым­жан Тажияқовтың айтуынша, жеке­ше­лендіру кезінде банктің 49 пайызы инвес­торға сатылады. Ал акцияның 51 пайызы мемлекеттің иелігінде қалады.
– Бүгінде инвестор әлі анықталмаған. Жоспар бойынша жылдың ортасында біз нақты инвесторды таңдап аламыз. Нақты ұсы­ныстарды алып, бәрін жан-жақты пы­сық­тайтын боламыз, – деді Ғ.Тажияқов.

Арман АСҚАРОВ

Жауап қалдыру