Жастарды жігерлендірген жиын

0
28

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрыл­ғанына 25 жыл толуы қарсаңында Алматы облысы Шелек ауылдық округі әкімінің орынбасары Мәди Бектасов пен ардагер ұстаз, запастағы капитан Әсет Алжанбайдың ұйымдастыруымен Шелек ауылының Мәдениет үйінде «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты әскери-патриоттық кездесу жиын өтті.
Жиынға құрметті қо­нақ ре­­­тін­де әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық уни­версите­­тінің Қазақстан тарихы кафед­расының профессоры, тарих ғылым­дарының докторы, ҚР білім беру ісінің үздігі, Ау­ған соғысының ардагері, аға лейтенант, Болат Сайлан, Құр­лық Әскерлері Әскери инсти­тутының әлеуметтік-гума­нитар­лық пәндер кафед­расының оқытушысы, бауыржантанушы Қайрат Қарамаңдаев, Райымбек ауданы Қайнар ауылдық округінің әкімі, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, полковник Серік Шалов, Еңбекшіқазақ ауданында прокурор болған запас­тағы майор Еркінбек Им­ма­­дуллаев, ардагер ұстаз, запас­тағы капитан Әсет Алжанбай, Шелек ауылының ақ­сақал­дар алқасының төрағасы Әбілбек Айтақынов, Ауған соғысының ардагері Қуаныш Алғабаев бастаған ардагерлер шақырылды.
Кездесу барысында 2 колледж бен 8 орта мектептің сту­дент­тері мен оқушылары және әс­кери шенді алғашқы әске­ри дайындық (АӘД) пәні мұ­ғалімдері әскери тұлғалардың мәнді де маңызды әңгімелерін тыңдады.
Жиынды жүргізген Абай орта мектебінің АӘД пәні мұғалімі лейтенант Азамат Үскенбаев келген қонақтарды таныстыра отырып, бірінші сөзді Шелек ауылдық округі әкімінің орынбасары Мәди Бектасов мырзаға берді.
– Бүгін міне, 34 мыңнан аса халқы бар, 26 этнос өкілі тұратын бұрынғы аудан орта­лығы болған Шелекте жас­тар бойындағы отансүйгіштік, ел­жан­дылық, адамгерші­лік пен кісілік қасиеттерді қа­лып­­­тастыру мақсатымен Әсет аға екеу­міз өздеріңіздің бастары­ңызды қосып отырмыз. Сіздердей аға буынның ақыл-кеңестері мемлекет болашағы – жастар үшін өте маңызды, – деді Мәди Бектасов.
Мұнан соң Ауған соғысының ардагері әрі ғалым, 5 кітаптың және 100-ден аса ғылыми мақаланың авторы, Болат Сайлан сөз алып, Кеңестік Қазақ­станның фашизмге қарсы күресін жаңа тарихи көзқарас тұрғысынан әңгімелеп берді.
Сөз кезегін алған Серік Шалов жастарды патриотизмге тәрбиелеудегі осындай іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, Әсет Көшербайұлы басы-қасында жүрген жиындар­дың берер мол пайдасы туралы әңгіме қозғады.
Жиын барысында Құр­лық әскерлері әскери инс­титутының әлеу­меттік-гума­ни­тарлық пән­­дер кафед­ра­сы­ның оқы­тушысы Қай­рат Қарамаңдаев екінші дүниежүзілік соғысына қа­тыс­қан қазақтың сардар қыз­дарының жарияланбаған батыр­лықтары мен ерліктері жөнінде кеңінен әңгіме өрбітті.
Кездесуге келген құрметті қонақтардың мәйекті де тағы­лымға толы сөздері залды лық толтырған әскери формадағы колледж студенттері мен 10-11-сынып оқушыларына ерек­ше әсер етіп, отанды қор­ғау, еліне адал қызмет етудің қасиетті парыз екендігін тағы бір мәрте жүректерімен сезіндірді.
Қонақжай халқымыздың «Қуыс үйден құры шықпа» деген нақыл сөзін берік ұстанған ұйымдастырушылар келген қонақтардың иығына шапан жауып, сый-құрметін көрсетті.
Сыр-сұқбатқа толы өткен келелі кездесу жастардың жігерін жанып, отаншылдық сезімді асқақтатты.

Майгүл САТЫМБАЙ
Есік гуманитарлық-педагогикалық
колледжінің
3-курс студенті

Жауап қалдыру