Жаса, жайна, Талдықорған!

0
99

Алтын күздің арайлап атқан шуақты күні табиғаты тамылжыған, кең тынысты әсем, тәлейі мен бағы зор Талдықорған қаласының мерекесін ажарландырып жіберді. Көше бойындағы тербелген теректер мен сәмбі талдардың түрлі түске енген бояулы жапырақтары мерекелі көрнекіліктермен астасып қаланы ерекше жасандырған. Жетісудың кіндік қаласының әрбір көшесі мен алаңдарында көңілді әуендер қалықтап, жастардың шаттыққа толы күлкісі естіледі. Әсіресе, қаланың жас тұрғындары – балалар мәз-мәйрам. Үлкендер де мерекеге аса жоғары көңіл-күйде келгені мейірімге толы кейіптерінен байқалады.
Ең алдымен Отанымыздың – жүрегі, тәуелсіздігіміздің – тірегі ару Астана мен рухани ордамыз әсем Алматыдан арнайы атбасын бұрып, қуанышқа ортақтасуға келген Қазақстан Республи­касы Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен республика­лық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен талдықорғандықтар «Жас­тар» спорт сарайының ал­дындағы мерекелік шаралармен танысты. Жиналған қауым қаладағы орта мектеп оқушылары ұйымдастырған «Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ» көрмесін тамашалап, «Мама мия» балалар шығармашылық байқауымен танысты. Сонымен бірге шараға қатысушылар об­лыстық Қазақстан халқы ассамблеясы дайындаған концертті көрді. Бұдан соң, жиналғандарға «Жайна Тал­дықорған!», «Талдық­ор­ғанда жасалған» атты қаладағы өнеркәсіп кәсіпорын­дары мен шағын және орта бизнес орындары дайындаған тауар түрлері көрсетілді. Әсі­ресе жиналғандарды жалпы ұзындығы 6 метр болатын мерекелік торт тәнті етті. Одан ауыз тимеген жан қалмаған шығар, сірә!
«Жастар» мәдени-дема­лыс паркінің сахнасында «Қала күнінің» мерекелік сал­танатты шарасы басталып, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тал­дықорғандықтарды айтулы мерекелерімен құттықтады.
– Құрметті талдықорған­дықтар мен қала қонақтары! Сіздерді Қала күні мерекесімен шын жүректен құт­тықтаймын! «Жетісу жүре­гі­нің» мерекесі – әр талдық­орғандыққа қуаныш сыйлай­ды. Алатаудай асқақ, Жетісу төріндегі Талдық­орғанның келбеті күн санап көркейіп келеді. Қазір Қазақстанның барлық қаласы Елордамыз – Астанаға қарап бой түзейді. Осы орайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қала күні – ол тек мерекелеуге себеп қана емес, есеп беріп, қорытынды жасаудың бір мүмкіндігі», – деп айтқан еді. Біз ежелден бақ-береке, құт қонған жерімізді мақтан етеміз. Отанға, туған жерге, елге құрмет көрсету – туған ауылды, туған қаланы сүюден басталары сөзсіз. Сұлу қаламыздың өркендеп дамуына, жарқырап жайнауына үлес қосып келесіздер. Сол үшін Сіздерге шын жүректен рақмет айтамын, – дей отырып, өңір басшысы өткен мерзім ішінде қалада атқарылған жұмыстарға тоқ­талды.
Атап айтқанда, соңғы жыл­­дары облыс орталығы – Талдықорған қаласының тұрғындары 173 мыңнан (173, 1 мың адам) асып, он жылда 2 есеге дейін өсті. Өткен 8 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 44, 6 млрд теңгеге жетті. Тұрғынүй құры­лысы жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қалада 47, 3 мың шаршы метр тұрғынүй қолданысқа берілді (2017 жылдың деңгейінен 2, 7 есеге көп). Қала экономикасына 33, 2 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.
Қалада заманауи сәулет үлгісімен салынған бірегей ғимараттар – Көрме ор­талығы, Салтанат сарайы ел игілігі үшін қызмет етуде. «Жастар» саябағы, Қаратал өзенінің жағалауы – облыс орталығының ажарын айшықтап, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына ай­налды. Білім күні қарса­ңында 1200 орынды екі орта мектеп іске қосылды.
– Тарихы терең қазақтың әр даласы – бір шежіре. Жеті өзені тасып, мерейі асып жатқан Жетісу жері – біздің алтын қазығымыз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, біздің мекенге атбасын бұрған әр қонақ «жұмақ жер» деп мақтайды. Біздің осындай жерде тұрып жатқанымыздың өзі – бақыт. Ендеше, бүгінгі қуаныш пен мерекенің орны – бөлек. Қала күні құтты болсын! Талдықорған қарыштап да­мып, мәртебесі биіктей берсін! – деп, құттықтау сөзін аяқтаған Амандық Баталов жұртшылық алдында спорт саласында жоғары көрсеткішке қол жеткізген спортшыларды марапаттады.
Облыс басшысы 2018 жылы Джакарта қаласында өткен Азия орындарында самбодан алтын медаль алған Ділдаш Күрішбаеваға пәтер кілті мен 3 750 000 теңгенің сертификатын табыс етті. Сондай-ақ қола медаль иегері, жеңіл атлетші Иван Иванов пен регбиші Владе Однолетоктің әрқайсысына 1 125 000 тенгенің сертификаты берілді.
Одан соң қала әкімі Дастан Шалтабаев жыл сайын өткізілетін «Үздік учаскелік инспектор», «Үздік аула тазалаушы», «Үздік қоғамдық көлік жүргізушісі», «Үздік әлеуметтік қызметкер» ата­лымдары байқауының жеңімпаздарын марапаттап, қала экономикасы мен мәдениетін дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» белгісін тапсырды.
Мерекелік гала концертке арнайы шақыртумен кел­ген қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Рымбаева, 70-80 жылдары қазақ жастарының жүрегіне әсем әуенімен нұр құйған, халықаралық жарыстардың жүлдегері, студенттер арасында елімізде алғаш рет вокальды-аспаптық өнер ұжымы болған «Дос-Мұқасан» ан­самблі мен «Жігіттер» тобы­ның шырқаған әуендері талдық­орғандықтардың мерейін бір көтеріп тастады. Қо­нақ­тар арнайы әзірленген ме­рекелік дастарханнан дәм татты.
Кешкісін жастардың көңіл­ді бағдарламасы аясын­да әуезді әндер шырқа­лып, мерекелік отшашу Талдықорған аспанында қа­лық­тады. Жаса, жайна Тал­дықорған!

Ғалым
ЖАЗЫЛБЕКОВ.
«P&H»
Талдықорған қаласы

Жауап қалдыру