І «Burabay Summer Fest» халықаралық фестивалінің бас жүлде иегері 11 жасар Ансар Елбасы атынан ақ рояль иеленді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан» концерт залында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған І «Burabay Summer Fest» жасөспірім таланттардың халықаралық фестивалінің аяқталуына арналған Гала-концерт өтті.
Байқауға республикамыздың барлық жерінен және шетелден (Қытай, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия) 400-ден астам дарынды бала қатысты. Олар вокал, хореография, мәнерлеп оқу және аспапта орындау түрлері бойынша өнер көрсетті.
Ақтық кезең қорытындысы бойынша бас жүлде иеленгендер: «Көркемдік оқу» номинациясы – Тілек Нұрқожа (Қызылорда облысы), «Халық би» номинациясы – Жұмалиев Ратмир (Алматы қаласы), «Дәстүрлі өнер (жеке орындаушылық)» номинациясы – Әлімқұл Сұлтан (Жамбыл облысы), «Классикалық өнер» номинациясы – Ыдырысова Камила, «Дәстүрлі өнер (ансамбль)» номинациясы – «Жетіген» ансамблі (Түркістан облысы), «Дәстүрлі ән» номинациясы – Ілиясова Айжан, «Эстрадалық ән» номинациясы – Баситова Карина (Алматы қаласы), «Академиялық ән» номинациясы – Жүсіп Ансар (Ақтөбе облысы). Фестивальдың бас жүлдесін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының Президенті Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы атынан ақ рояль мен Лос-Анджелестегі әйгілі «UNIVERSAL STUDIOS HOLLYWOOD» киностудиясына бару мүмкіндігін Жүсіп Ансарға табыстады.
Айта кетейік, Бас Жүлде иеленген Жүсіп Ансар Ақтөбе облысының тумасы. Ансар «Академиялық ән» номинациясы бойынша байқауға қатысып, мықтылар қатарынан табылды. Ансар Ақтөбедегі №1 Балалар музыкалық мектебінде «вокал» бөлімінен дәріс алған.
ҚР МСМ Баспасөз қызметі