«Жас отан» жұмысы жаңғырады

0
110

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия Саяси кеңесінің кеңейтілген оты­рысында еліміздегі басты саяси күштің жұмысын жаңғырту жөнінде нақты тапсырма бергені белгілі. Соған орай «Нұр Отан» партиясы бірқатар тың бастамаларды табысты жүзеге асыруда. Олардың қатарында «Жас Отан» Жастар қанатының жұмысынан да оң өзгерістер байқалуда.
Жалпы партиялық жаңғыру «Жас Отандағы» күрделі өзгерістермен басталды деуге толық негіз бар. Бүгінде аталған құрылым қалыптасқан басқару жүйесінен бас тартып, жастар ұйымына сай еркін негізге көшірілді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының ғимаратында жас­тардың шығармашылығын шың­­дайтын, ойын тынықтырып, жаңа жобаның жай-күйін талқылай­тын арнайы орын да пайда болды.
Жаңғыру аясында қайта жасақ-талған «Жас Отанның» жаңа кеңсесінің тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға «Нұр Отан партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы қатысып, «Жас Отанның» тың бас­тамаларына сәттілік тіледі. Сон­дай-ақ, ол жасотандықтардың жаңа жобаларының табысты жүзе­ге асырылуына партия тарапынан жан-жақты қолдау көрсеті­летінін айтты.
– Елбасы атап өткендей, «Жас Отан» барлық жастар ұйым­дары­ның басын қосып, Қазақстан жастары мен барша саяси иннова­циялардың ұйытқысы болуы керек. Партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы, партия Тө­рағасы «Нұр Отан» партиясымен қатар оның Жастар қанатының да жұмысын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондықтан биыл жасотандықтардың алдында аса маңызды сынақ – «Жас Отанның» IV съезін өткізу міндеті тұр. Біздің жастарымыз бұл сынақтан сүрінбей өтіп, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып шығады деп есептеймін. Өйткені, жастар біздің қоғамның ең белсенді, арманшыл, өршіл, өкілдері, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Салтанатты рәсімнің «ашық есік» форматында өткізілуіне байланысты «Жас Отанның» жаңа кеңсесімен және жаңа бағыттағы жұмыс барысымен танысуға кез келген азамат мүмкіндік алды. Жастар қанаты құрылған күннен бастап оның жұмысына алғаш рет толықтай жаңғырту үдерісі жүргі­зілуде. Өйткені кеңседен басқа да атқарылған игі істер аз емес. Мәселен өткен жылдың желтоқсан айынан бастап барлық қызметкерлер тестілеуден өткізілді. Сынақтан сүрінбегендер ғана қайта жұмысқа алынып, бос қалған орындарға ашық байқау жарияланды. Соған сәйкес қаңтар айының соңына дейін білімді де білікті, «Жас Отанда» жұмыс істегісі келетін жастар қызметке қабылданбақ. Осы ретте «Жас Отанның» барлық өңірлік филиалдарында да аталған тың бастамалар қолға алынғанын атап өткен жөн. Нақты айтқанда, облыс орталық­тарындағы бөлім­дерге қо­­сым­ша жұмыс күші беріліп, жастар ұйымы белсенді жас ма­мандар­­мен толығуда.
«Жас Отан­ның» жұмыс жүйе­­сінде де ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер болды. Бұрынғы жүйе енді «Жүрек»,
«Да­му» және «Са­на» деп атала­тын үш басты бағыт-бағдарға ауыстырылды. Соған сәйкес «Жүрек» бағыты бойынша «Жас Отан­ның» жобалары жүзеге асы­­рылмақ. Ал «Даму» арқылы Қа­зақ­стан бойынша барлық жа­со­­тан­дықтармен жұмыс жүр­гізілсе, «Сана» бағыты ұйым­ның идеологиялық жұмысын жүйе­лей­ді.
Маңызды өзгерістердің тағы бірі ретінде «Жас Отан» Жастар қанатының бағытын айқындайтын жоғары өкілетті орган Орталық кеңес мүшелері сайлауының жариялануын айтуға болады. Осы уақытқа дейін өнер мен спорттағы белгілі жастардан құралған кеңес енді әр аймақтың белсенді жастарынан сайлау арқалы қайта жасақталады. Одан бөлек, бұдан былай «Жас Отан» мүшесі атанғысы келген әрбір жас азамат еліміздің кез келген жерінде отырып-ақ онлайн тіркелуге мүм­кіндік туды.

Бет қатталып жатқанда
Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед Қазақ­стан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайын­далғаны жөнінде хабар жетті.

Жауап қалдыру