Жалпыхалықтық диктант өтеді

0
58

14 қарашада Қазақ-Британ техникалық университетінде жаңа латын негізді қазақ әліпбиімен жалпыхалықтық диктант өткізіледі. Шара әліпбидің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының практикалық тұрғыда меңгерілуін жан-жақты қамту, соған бейімделу мақсатында ұйымдастырылмақ. Диктантқа 15 жастан асқан Қазақстанның барлық азаматы қатыса алады.

Диктант бір күнде, бір мезетте жазылады. 80-90 сөзден тұратын бекітілген диктант мәтіні аудиожазбалар арқылы таратылады. Диктант ұзақтығы – 30 минут.

Алматы қаласынан жалпыхалықтық диктантқа 120 мың адам қатыспақ. Оның ішінде жоғары оқу орындарының, колледждің оқытушылары мен студенттері, мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары, медицина саласының қызметкерлері бар. Олар диктантты өз оқу орындары мен мекемелерінің ғимараттарында жазады. Ал Алматы қаласы әкімі аппаратының, аудан әкімдері аппаратының және барлық қалалық басқарма қызметкерлері мен этномәдени бірлестіктің өкілдері диктантты Қазақ-Британ техникалық университетінің дөңгелек залында жазады.

Диктант қорытындысы бойынша статистикалық мәліметтерді тілдерді дамыту басқармалары жанынан арнайы құрылған жұмыс топтары жасайды.

Диктант мәтіні аудио құрылғыдан үш рет дыбысталады. Дыбысталу жылдамдығы тіл меңгеру деңгейінің талабына сай. Мамандар мәтінді бірінші рет оқығанда мұқият тыңдауға, екінші рет оқығанда жазуға, үшінші рет оқығанда орындалған жұмыстың орфографиялық дұрыстығын, аутенттілігін тексеруға кеңес береді. Әрбір дыбысталу аралығында үзіліс болады. Үзіліс ойды жинақтап, назарды келесі тапсырмаға бағыттау үшін беріледі.

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР

Жауап қалдыру