Жаңғыру мен дамудың негізі: әлеуметтік бірлік

0
199

Алматы облысында ынтымағы жарасқан 100-ден астам этнос өкілдері өзара, тату-тәтті өмір сүруде. 71 этномәдени бірлестік, оның ішінде 26 облыстық, аудандардағы 39 және қалалардағы 6 филиалы тіркелген. Аймақта тұратын этнос өкілдеріне өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған.
Жуырда Талдықорған қа­ла­­сындағы І. Жансүгіров атын­­дағы Мәдениет са­ра­йын­­да Қазақстан халқы Ас­­самб­­леясының XXVII-ші сес­сия­сында берілген тап­­сыр­­­­маларды орындау, ай­мақ­­­тағы этносаралық тату­лық пен қоғамдық келісімді ны­ғайту, Қазақстан халқы Ассамб­­леясы алға қойған негізгі мақсаттар мен міндет­терді саралау және оны қорытындылау мақсатында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХV-ші сессиясы «Жаңғыру мен дамудың негізі: әлеуметтік бірлік» та­қы­рыбында өткізілді.
Рухани маңызы зор ша­раға Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің Әкім­шілігі Қазақстан халқы Ас­­самб­леясының төрағасы­ның орынбасары, хатшы­лық мең­герушісі Жансейіт Түй­ме­баев және Татар­стан Рес­публикасының делега­ция­сы арнайы қатысты.
   Сондай-ақ басқосуға рес­пуб­ликамыздың барлық об­­лыстарынан «Қоғамдық келі­сім» мекемелерінің қызмет­­керлері, этномәдени бірлестіктер басшылары, ҚХА мүшелері мен белсенділері, облыстық басқарма басшы­лары, аудан, қала әкімдері, әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің бас­шылары, облыстық және аудан, қа­ла, ауылдық округ­тердегі Қоғам­дық келісім, Аналар кеңестері, «Жаңғыру жолы» өңірлік штабы­ның мүшелері, өңірлік БАҚ өкілдері шақы­рылды.
Жиналғандар ең алдымен Мәдениет сарайының фо­йесіне орналастырылған экс­по­зициямен танысып, об­лыс­тық Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қыз­меті мен басты басым бағыт­тары жөніндегі әзірлен­ген бейнефильмді тамашалады.
Алқалы жиынға Алма­ты облысының әкімі, облыс­тық Қазақстан халқы Ассамб­леясының төрағасы – Бата­лов Амандық Ғаббасұлы кіріспе сөз сөйлеп, сессия жұмысын жүргізіп отырды.
Өңір басшысы үстіміздегі жылғы 29 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өткен ХХVІІ сессиясында атап көр­­се­тілген елімізде қоғам­дық келісім мен ынты­мақ­ты сақтау жөніндегі тапсыр­маларды орындау бағы­тын­дағы атқарылатын жұмыс­тар­ды саралап, алдағы тұр­ған міндеттерге тоқ­талды.
– Елімізде қоғамдық тұ­рақтылық пен этносаралық қа­тынастарды сақтауда этно­мәдени орталықтарының ролі ерекше. Осы жер­де Қазақстан халқы Ассамб­леясы облыстық хатшылы­ғының құрамындағы қоғам­дық ұйымдардың нәтижелі жұмыстарын атап өткен орынды. Талдықорған қала­сын­дағы осыдан 10 жыл бұрын салынған «Достық үйі» ұлтаралық қатынастарды дамытудағы негізгі орталыққа айналды, – деді Амандық Баталов.
Сессияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша негізгі баяндаманы облыс­тық Қа­зақстан халқы Ассамб­леясы төрағасының орын­­ба­сары, хатшылық меңге­рушісі Ғабит Тұрсынбай жасады.
– Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан халқы Ас­самблеясының XXVII сес­сиясы «Татулық пен келі­сім формуласы: әлеу­меттік бірлік және жаңғыру» күн тәртібімен ұйымдастырылды. Онда қо­ғамдық сананың жаңғыруы заңды қажеттілік екендігі, бұл бастама еліміздің да­муына тұтастық беретіндігі жайлы Үндеу қабылданған болатын. Ынтымақ пен бірлік ту еткен жиынға Жетісу жерін мекендейтін 100-ден астам этнос өкілдерінің басын қосатын этномәдени бірлестіктер басшылары мен белсенділері қатысты, – деп, бастаған хатшылық меңгерушісі одан әрі аймақ­тағы қоғамдық келісім мен этносаралық қарым-қаты­насты нығайтуға арнал­ған және олардың орын­да­луы жөніндегі атқа­рылған бі­р­қатар жұмыс­тарды атап өтті.
Атап айтқанда облыс­тық Қазақстан халқы Ассамб­леясы жанын­да тұрақты не­гізде ғылыми-сарап­та­ма­лық топ, этно­саралық та­қы­рып бойынша жетекші жур­­налистер мен сарапшы­лардың клубы, «Ұлағат» ақсақалдар кеңесі, «Аналар кеңесі», «Облыстық Қоғам­дық келісім кеңесі» және «Бірлік» жастар қауымдас­тығы, өңірлік «Жаңғыру жо­лы» жастар қозғалысының штабы, «Парасат» тіл жана­шырлары, «Айбын» әскери-патриоттық клубтары, «Өр­нек» би ансамблі, «Көркем-ай» өнер-тәлім отауы жұ­мыс істейді. Бүгінгі күні 422 Қоғамдық келісім, оның қатарында 1 облыстық, 20 аудан, қалалық, 393 ауылдық деңгейде және ірі кәсіпорындарда 8 қоғам­дық келісім кеңестері қыз­мет етуде. Барлық деңгей­дегі Қоғамдық келісім кеңес­терінің мүше­лері 4209 адамды құрайды. Олар: қоғам қайраткерлері, этномәдени орталықтардың өкілдері, ар­дагерлер, аналар, жас­тар, үкіметтік емес ұйымдар, кә­сі­подақ өкіл­дері және ауыл­дық округ әкімдері мен полиция­ның учаске­лік инспекторлары тар­тыл­ған. Өткен жылы барлық дең­гейдегі қоғамдық кеңестер тарапынан 1800-ден астам шара ұйым­дас­тырылған. Тұр­ғындар ара­сында қандайда бір жағ­дай болма­сын, өзара түсі­ністікті қалып­тастыру бағы­тында медиацияның тиім­ділігін атап көрсетті.
Сесссияда мінбеге шығып, сөз алғандар жер жанаты Жетісудағы қоғамдық ке­лісімді нығайту, сол ар­қылы ел бірлігін сақтау мақ­са­ты­надағы жұмыстар жө­нін­дегі пікірлерімен бөлісті.
Саяси маңызы зор алқалы жиынға қатысқан Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы орын­­­басары, хатшылық мең­ге­рушісі Жансейіт Түйме­баев сөз сөйлеп, Алматы об­лы­сының еліміз­де бейбіт­шілік пен ынтымақ­ты қалып­тастырған Елбасының туған жері екенін алға тартты. Сонымен бірге, аймақта тұрғындар арасында этноса­ралық түсіністік жағдайдағы қарым-қа­ты­насты нығайта отырып, ын­ты­мақ пен бірлікті сақтау жөнінде атқарылған жұмыс­тарға оң баға берді. Жетісу халқы аркасында осындай саяси жұмыстардың барынша нәтижелі жүргі­зілуіне облыс әкімі Амандық Баталовтың басшы ретіндегі еңбегі зор екендігіне жан-жақты тоқталды. Өз сөзін қорытындылай келіп, Жан­сейіт Түймебаев Алма­ты облысының әкімі Аман­дық Баталовқа «Мейірім» меда­лін, достық пен ынтымақты үйлестіру саласын­­­дағы бел­сенді жұмыс істеп жүр­ген азаматтарға «Алғыс хаттар» тапсырды.
Өз кезегінде өңір басшысы Амандық Баталов та үлгілі жұмысымен көзге түскен бірқатар азаматтарға облыс әкімінің «Алғыс хаттарын» табыс етті.
Басқосуды қортындылаған облыс әкімі алда тұрған міндет­терге тоқталып, қара­мағын­дағыларға нақты тап­сырмалар берді.
Бірлік пен ынтымақты ту еткен шараға Татарстан Рес­публикасынан келген арнайы делегацияны облыс әкімі Амандық Баталов қабыл­дап, жерұйық мекен Жетісудың
бүгінгі даму бары­сы мен мәдени-рухани өмірін жан-жақты баян етті.
– Татарстанда болған сапарымда ІТ орталық, индустриалдық зона, стартап жобаларды көріп, қызыққан едім. Оның кейбірін облыста іс-тәжірибемде қолдандым да. Қазан қала­сындағы спорт­тың дамуы да тәнті еткен. Бүгін осындай мекеннің өкілдерін Жетісу жерінде көріп отырғаныма қуаныштымын, – деді ол.
Өз кезегінде сөз алған Татарстан Республикасының Қазақстандағы Өкілетті өкі­лінің көмекшісі Аяна Акин­жанова, Татарстан Респуб­­ликасының Халық әртісі Фатхи Фердинанд, «Зу-Ляй-Ля» музыкалық ұжымының әншілері Ляйсан Закирова, Лейсан Махмутова облыс басшысының ізгі ниетіне, қабылдауына ризашылығын білдіріп, қазақ жеріне қуана келетіндіктерін жеткізді.
Облыс басшысы екі ел ара­сындағы мәдени-рухани байланыстардың үзілмей­тінін, оған жыл сайын өткізі­летін «Сабантой» сынды ме­рекелердің дәл келуі екендігін алға тартты.
Облысқа арнайы келген қонақтар Жастарға қызмет көрсету орталығында бо­лып, Жетісу жастарының жа­лынды тілегі мен ән-ша­шуын тамашалады. Бикен Римова атындағы облыс­тық драма театрына да бас сұғып, «Достар серті» атты спектакльді қуана көрді. Жетісу жерінің әсем таби­ғаты мен қайта түлеген Талды­қор­ғанның көрікті жерлерінен ерекше әсер алғандықтарын да жасыра алмады.
Иә, Бейбітшіліктің бесігіне баланған Қазақстанда қай ұлт өкілі болсын салт-дәстүрі мен мәдениетін қаймағын бұзбаған қалпы сақтап келеді. Соның бірі – еліміздегі татар этносының ұлттық дәстүріне енген «Сабантой» мерекесі. «Жастар» саябағында өткен думанды шарада татар ұлтының дәстүрі дәріптеліп, арнайы көрме қойылды. Ме­рекеге облыс әкімі Аман­дық Баталов қатысты.
Думанға Татарстан Респуб­ликасынан құрметті қонақтар келді. Құрметті меймандарды жергілікті тұрғындар дәм-тұзбен қарсы алды. Баян­да ойнаушылардың сүйемел­деуі­мен қазақ, татар, орыс тіл­дерінде частуш­ка­лар шыр­қалды. Ал, ұлт мәде­ниетін, әдет-ғұрпын, өнері мен тұрмысын айшықтайтын көрме екі ел өкілдерін жақын­дастырып, бір-бірін толық­тырып тұрды.
Айта кетерлігі, мерекеге орай «Татар» этно-мәдени орта­лығы мен «Fortuna Food» ас­паздары бірлесе 15 метр­лік чак-чак әзірледі. «Көр­­меге өзіміздің ұлттық тағамдарды ұсындық. «For­tuna food» дәмханасына бү­гінде балаларым иелік етеді. Бүгінгі мерекеге ерек­ше дайындалдық», – дейді «Татар» этномәдени бірлес­тігінің мүшесі Галиа Мансуровна.
Іс-шара аясында спорттық ойындар да ұйымдас­ты­рылды. Солардың бірі – қой көтеру. Жеңдерін түріп, мықтымын деген 20-дан аса білекті бақ сынасты. Сонымен бірге, арқан тартыс, армрестлинг сияқты түрлі спорттық жарыстар өткізілді. Кішкентай балаларға арналған ойын­дар да қызықты болды. Қа­тысушылардың бәріне бірдей сыйлықтар үлестірілді. Бі­лектілер ішіндегі жеңімпаз сабантойдың дәстүрі бойын­ша бір қошқарды арқа­лап қайтты.
Мерекеде Татарстан Рес­пуб­ликасынан, Шығыс Қа­зақстан, Түркістан, Жам­был, Қызылорда, Алма­ты об­лысынан және Шым­­кент, Алматы қаласынан кел­ген өнер шеберлерінің кон­церті барша жұртшылық­тың жүрегіне жол тартты. Татарстан Республикасының Халық әртісі Фердиннат Фатхи және ҚР Мәдениет қайраткері Кенжекей Ақжо­лова, ҚР Мәдениет сала­сының үздігі Бақытгүл Әбе­нованың өнері көпшілікті сүй­сінтті.
Әрбір мерекенің межелеген мақсаты болатыны секілді, «Сабантой» да салт-сананы, наным-сенім, мәдениетті сақтау және ұлтаралық ынты­мақ­тастықты нығайтуды көздеп, өз деңгейінде сән-салтанымен атап өтілді.

Алма ЕСЕНБАЕВА
Еңлік ҚАБДЕШ

Талдықорған қаласы

Жауап қалдыру