Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнінен соң басталады

0
23

Елордада желтоқсандағы мерекеге орай қаланы безендіру тәртібі бекітілді. Соған сәйкес Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен кейін басталады. Бұл туралы Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Мемлекеттік және Ұлттық мерекелер – Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президен­ті күнін, Қазақстан Респуб­лика­сының Тәуелсіздік күнін және Жаңа жылды елорданың аума­ғында мерекелеу аясында қаланы безендіру туралы Астана әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасын орындау мақсатында жүргізілуде.
Ал еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күніне арналған безендіру жұмыстары 12 желтоқсанда басталады. Атаулы мереке кезінде Астананы 1280 жалау, 2 жалауша панносы, 64 саябақ элементі және жарық аспаның бір жиынтығы сәндейді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Отан қорғаушылар монументіндегі су бұрқақтардың орнына жарық диодты инсталяциялар орнатылады. Жарық фонтаны металл каркасының негізінде жасалады. Конструкцияның биіктігі 3,5 метрді құрайды. Жарықтандыру ақ және көк түсте болады.
Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен соң ғана, яғни 18 желтоқсанда басталады.  Ол мақсатта шаһарда 25 жаңа жылдық шырша, 12 хоккей алаңы, 15 мұз айдыны, 10 мұз төмпешігі, 2 мұз қалашығы («Astana ЕХPO-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ аумағында және Астана қалалық әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда) бой көтереді. Бұған қоса 2 жарық панносы, 18 жарық иллюминациясы, 52 жарық иллюминациялық аркасы, 830 панель-кронштейн, 106 КСП, 5 көпір мен көлік жолайрығы орнатылатын болады. 3300 ша­ғын және орта бизнес нысан­дарының қасбеті, 255 ағаш, 2 қала саябағы мен 1 гүлзар безендіріледі.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпаратына сәйкес,  ШОБ кәсіпкерліктері өз еркімен қалада елуден ас­там шыршаны орнататын бо­лады. Елордадағы «Керуен», «Рахмет», «Хан Шатыр», «Са­рыарқа» сияқты ойын-сауық орталықтары шыршаларды орнатып, безендіру шараларын бастап кеткен.
Айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қаладағы жекелеген нысандардың Жа­ңа жылға дайындығы мен Тәуел­сіздік күнін елеусіз қалдыр­ғанына қатысты бірқатар пікірталас туындаған болатын. Осыған орай Астана әкімі өз ойын білдірді.
– Жаңа жылдық шыршаларды Тәуелсіздік күнін атап өткен соң, 18 желтоқсаннан бастап орнатамыз деп жоспарлаған едік. Кейбір жекелеген нысандар шырша орнатып, оны безендіре бастады. Бұған қатысты наразылық білдіргендер бар. Тәуелсіздік күні еліміздің басты мерекесі болғандықтан, басымдылық сол мерекеге беріледі. Шағын және орта бизнес нысандары қаланың мерекелік безендіруін қатаң ұстанатын болсын.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру