Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде ұсынған 5 институционалдық реформаның басты бағыттарының бірі ретінде «Заң үстемдігін қамтамасыз етуді» атап өткені белгілі. Осы реформалық бағдар және оның орындалу жолындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыруға байланысты біраз міндеттер қойылған еді.
Үстіміздегі жылдың 1-қаңтарынан Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі қолданысқа енгізілді. Жаңа кодекс азаматтық сот iсiн жүргiзудi жеңiлдетуге көптеген мүмкіндіктер беруде. Кодексте бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшу, азаматтық-құқықтық даулар бойынша сотқа прокурордың қатысуын қысқарту, барлық сот процестеріне аудио-бейне тіркеуді енгізу, инвестициялық дауларды жаңа тәртіпте қарау туралы нормалар енгізілгенін айта кету керек. Сонымен қатар бітімгершілікке келу және сотқа дейінгі татуластыру шаралары да назардан тыс қалмады. Медиация институтын одан әрі жетілдіру көзделген. Осыған дейін де бітімгершілікке келтіру ісімен медиаторлар ғана айналысса, енді бірінші және апелляциялық сатылардағы судьялар мен адвокаттар да айналысатын болады. Бұған қоса жекелеген санаттағы істер бойынша дауды сотқа дейінгі реттеудің міндеттілігі де көзделген.
Жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі бойынша азаматтар мен заңды тұлғалар ҚР Жоғарғы Сотының сайтында орналастырылған талап арыз және өзге де құжаттарды беруге, мемлекеттік баж салығын төлеуге, өтіп жатқан процесстер туралы хабарландырулар алуға, сот актісі және іс материалдарымен танысуға, сот отырысы хаттамасының электронды нұсқасын алуға мүмкіндік беретін заманауи технологиялар мен қызметтерді пайдалана алады.
Сонымен қатар сот талқылауына істі дайындау кезеңі де өзгеріске ұшырап, 7 күннен 15 күнге ұзартылды. Сот шешіміне наразылық келтiру уақыты бұрынғыдай 15 күн iшiнде емес, 1 ай мерзiмге ұзартылды.
Жаңа Кодекстің басты мақсаты – бұл азаматтық процестік заңнаманы жаңарту және азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін қамтамасыз ету. Олай болса азаматтық іс жүргізу кодексіне енгізілген жаңашылдықтар әділетті сот талқылауын қамтамасыз етеді деп нық айта аламыз.
Бейбіт Тұрысов,
Талдықорған қалалық сотының судьясы.