Жаңа әліпби жобасы

0
125

Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә.НАЗАРБАЕВҚА

Құрметті
Нұрсұлтан Әбішұлы!

2017 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы «Ғалымдар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі тарапынан Сіздің атыңызға Ашық хат жолданған болатын. Онда Сіздің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақалаңыздың басым бағыты болған латын әліпбиін жетілдіруге қатысты ұсыныстар баяндалған еді. Орталық баспасөзде жарияланған Ашық хатқа байланысты соңғы бір ай көлемінде 12 мыңнан астам пікір келіп түсті. Қоғамдық жұртшылық Сіздің рухани жаңғыру жолындағы идеяларыңыз бен бастамаларыңызды қолдайтын­дығын білдіре отырып, қазақ тілінің табиғи заңдылықтарын сақтау, әрбір қоғам мүшесінің қазақ тіліне деген сұранысын одан әрі арттыру, сөз мәдениетін және жазу сауаттылығын жоғары деңгейде одан әрі қалыптастыру үшін латыннегізді әліпбиді жетілдіру бойынша маңызды ой-пікірлер ұсынды.
Осыған байланысты латыннегізді әліпбиді жетілдіру мүддесінде «Ғалымдар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі тарапынан қазақ жазуының ғылыми мәселелерімен тікелей шұғылданатын және әлем елдеріндегі әліпби проблемаларын жан-жақты зерделеп жүрген мамандар іріктелген жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының кеңесшілері – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик Рәбиға Сыздық және академик Әбдуәли Қайдар.
Жұмыс тобы қазірге дейін ұсы­ныл­ған латыннегізді әліпбидің барлық дер­лік нұсқаларын көзшалымға, жазылымға түсінікті болуы, қабыл­дау шапшаңдығы тұрғысынан, техно­ло­гиялық оңтайлылығы жағынан әбден зерделеді. Мәтінді жазудағы, жазылған мәтінді көзшалыммен шап­шаң игерудегі ерекшеліктерді, әр­бір варианттың тиімділігі мен ке­дер­гілі жақтарын айқындау мақса­тын­да бірқатар латыннегізді әліпби нұс­­қа­лары бойынша сараптама жүр­гі­зіл­ді.

Құрметті
Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақстандық қоғамның пікірі мен сұранысы, әлем тілдеріндегі тәжірибелерді қорыту бойынша ғалымдар тұжырымдары, сараптама қорытындылары әлі де болса латыннегізді әліпбиді жетілдіруге қа­тыс­ты проблемалардың бар екендігін дәлелдейді. Осыған байланысты тағ­дыршешті бұл мәселеге ғалымдардың, әсіресе гуманитарлық ғылымдар сала­сындағы осы мәселемен ғылыми тұрғыда айналысып келе жатқан тіл­танушылар ұсынып отырған латыннегізді әліпбидің жаңа Жобасын ескеруіңізді сұраймыз.

Латыннегізді әліпбидің жаңа Жобасы туралы
КОНЦЕПЦИЯ-НЕГІЗДЕМЕ

1. Жалпы түсініктеме.
Негізгі міндет – қоғам жұрт­шылығының пікірлерін ескере оты­рып, латыннегізді әліпбидің жаңа Жобасын жасау, тиімділігін дә­лел­деу, оның ғылыми-прак­ти­калық негіздемелерін қалып­тас­­тыру және негізгі идеяларды тал­қылауға ұсыну.
Қазақ қоғамының тарихында қа­зақ әліпбиін қалыптастыруға қа­тысты іс-шараларды талқылауда және жүзеге асыруда қазақ тілінің фонемалық жүйесі мен фонетикалық құрылымының өзіндік сипаттарын мейлінше сақтау, әсіресе қазақ тіліне тән ерекше дыбыстарды таңбалау аса өзекті мәселелердің бірі болғаны белгілі. Өйткені қазақ тіліне тән ерекше дыбыстар (ә, і, ң, ғ, қ, ө, ү, ұ, һ) – қазақ этносының ұлттық кодын, ұлттық болмысын, қазақ сөзінің ұлттық табиғатын танытатын маңызды фонемалық-фонетикалық категория. Осыған байланысты қоғам дамуының ал­дыңғы кезеңдерінде қазақ алфавитін өзгерту істерінде қазақ тіліне тән дыбыстарды таңбалауда диакритикалық белгілерді пайдаланып көру тәжірибесі болды. Диакритикалық белгілердің басты қызметі – дыбыстың мағыналық айырмашылығын нақтылау, дыбысты дербес таңбалау. Бұл – қазақ тілі үшін аса маңызды. Алайда қазіргі компьютерлендіру дәуірінде көзшалым мен жазухат үшін апостроф белгілер оңтайлы бола алмайтын сипаттары да анықталып отыр. Қазақ әліпбиін латыннегізге көшірудегі басты мақсаттың бірі – әлемдік тіл – ағылшын тілін үйрену мен меңгеруді жеңілдету, екіншіден, қазақ әріптерін сан жағынан ықшамдай отырып, интернет-тех­нологияларға бейімдеу. Бұл ретте латыннегізді таңбаларды пайдаланатын әлем тілдерінің тәжірибесін ескеру қажет.
2. Латыннегізді таңбалар қолданылатын әлем тілдерінің жалпы сипаттамасы.
Негізгі нұсқасында 26 әріптен тұра­тын латын алфавиті – роман-герман, кельт, финн-угор, семит-иран, аф­рикан, түркі тілдері топтарының көпшілігінде қолданылады. Алайда тілдерде латын әліпбиінің таңба­лары бірден орныққан жоқ, олар бірте-бірте жетілдіру, модификация­лану сатыларынан өтті, сонымен қатар әрбір тіл өз ұлтына тән табиғи заңдылықтарды беретін таңбаларды қалыптастыруға қатыс­ты баламалы тәжірибелер жүргізді.
Фонологиялық жүйелері дамыған тілдер болып саналатын ағылшын және француз тілдерінде 26 әріп бар және бір әріп бірнеше фонеманы қамтиды.
Испан тілінің әліпбиі 27 әріптен тұрады. Негізгі әріптеріне Ñ дауыссызы қосылған.
Неміс әліпбиінің негізгі әріптеріне 3 умлаут және 1 лигатура қосылған. Фонемалардың умлаут аллофондары дербес фонемаларға айна­лып, графемаға сәйкес келген. Тіл­дің даму барысында фонологизация құбылысының нәтижесінде фоне­ма­лардың саны өскен. Әріп саны – 30.
Шығыс және скандинавиялық еуропа тілдерінің әліпбилері шамамен 29-42 әріпті қамтиды.
Латыш тілінде негізгі латын әліп­биіндегі 4 әріп (Q, W, X, Y) алын­баған, оның орнына өздерінің специ­фикалық дыбыстарын белгілеу үшін 11 диакритикалық таңба және (Āā, Čč, Ēē, Ģ, Īī, Ķķ, Ļļ, Ņņ, Šš, Ūū, Žž) әріптері қосылған. Дауыстылардың созылыңқы жұптарын көрсету үшін әріпүсті диакритикалық таңбасы қолданылған. Дауыссыздар әріпүсті және әріпасты диакритикалық седиль және бревис таңбалары арқылы берілген. Әріптердің саны – 33.
Түрік тілінде латыннегізді таңба­лардың таңдалуына, ұлттық болуына, дыбыстар арасындағы өлшем­дестіктің сақталуына, емледегі түсін­бестікті болдырмауына, эстети­ка­лық ұстанымдарға сәйкес келуіне ай­рық­ша мән беріліп, түрік әліпбиі бір­­неше рет өзгертілді. Қазіргі қол­даныстағы түрік алфавитінің саны – 29.
Әзірбайжан тілінің әліпбиі 32 әріптен тұрады. Негізгі латын әріп­терінен бір-ақ W әрпі алынбаған, 7 графема қосылған. Әзірбайжан тілінің фонологиялық жүйесіне тән төл фонемалар диакритикалық таңбалар (Çç, Ğğ, Iı, Öö, Şş, Üü) арқылы және кеңейтілген латын әліпбиінде қолданылатын Ә әрпімен берілген. Дауыстылардың жіңішке жұп­­тары умлаут диакритикалық таң­бамен көрсетілген, дауыссыз ды­быстар седиль және бревис диак­ритикалық таңбаларымен белгіленген.
Латыннегізді алфавитті қалып­тастыруда өзбек тілінде бірқатар проблемалар болды.

3. Жаңа Жоба бойынша түсінік­теме.
Жаңа Жоба үшін академик Әб­дуали Қайдардың басшылығы­мен жасалған тілтанымдық әліпби негізге алынды;
Шығыс Еуропа (латыш) және түркі (түрік, әзірбайжан) тілдеріндегі әліп­билерінің тәжірибелері ес­керіл­ген;
диакритикалық таңбалар қазақ тілінің фонологиялық жүйесін толық көрсетеді;
төл дыбыстар мен кірме дыбыстар бірдей таңбаланады;
әліпбидегі 23 әріп ағылшын-латын әліпбиіндегі әріп таңбаларына сәй­кес;
кирил графикалы қазақ әліп­биін­дегі жіңішке ә, ө, ү дыбыстары умлаут белгі қою жолымен таңбаланады: ä, ö, ü: älem (әлем), öleŋ (өлең), ümit (үміт);
қазақ тілінің жіңішке і дауыстысы кеңейтілген латын әліпбиіндегі ı таңбамен белгіленеді: ını (іні), ılgek (ілгек), kısı (кісі);
жуан төл ы дыбысы латын у әр­пімен белгіленеді: Almaty (Алматы), aqyldy (ақылды), qyryq (қы­рық);
кирил графикасындағы у әрпі латынның u әрпіне сәйкес келеді: kelu (келу), jazu (жазу) және кірме сөз­дерде: universitet (университет),
кирил графикасындағы ұ әрпі кеңейтілген латынның ū әрпімен белгіленеді: ūl (ұл), ūrpaq (ұрпақ), almūrt (алмұрт);
г дыбысының жуан ғ сыңары ке­ңейтілген латын әліпбиіндегі ğ таң­бамен белгіленеді: ğasyr (ғасыр), ğalym (ғалым), mağan (маған), tağy (тағы);
қазақтың төл қ дыбысы латынның q графемасымен беріледі: qasqyr (қасқыр), qabat (қабат), laq (лақ), aqyldy (ақылды);
ш дауыссызын белгілеу үшін түрік алфавитінде қолданылатын ş деген латын графемасы ұсынылады: naşar (нашар), şamaly (шамалы);
қазақтың ң дауыссызын белгілеуде өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қолданылған ŋ графемасы ұсынылады: menıŋ (менің), oŋai (оңай), tyŋ (тың);
латын графикасындағы кейбір әріптер кирилшедегі екі дыбысты таңбалауда жұмсалады: і (и және қысқа й): inabat (инабат), ine (ине), кірме сөздерде import (импорт) және qaimaq (қаймақ), qoi (қой); h (х және һ): halyq (халық), habar (хабар), qaharman (қаһарман);
с әрпі кірме сөздердегі ц аффрикатын белгілейді konstitucia (конституция);
дауыссыз дыбыстар әріпүсті және әріпасты диакритика белгілерімен таңбаланады (g-ğ, n-ŋ, s-ş).
4. Жаңа Жобаның тиімділігі мен артықшылықтары:
Бірінші. Бұл әліпби қазақ жазуы­ның фонологиялық негізі мен фонематикалық принципіне және фонемографиялық типіне сәйкес 1 дыбысқа 1 әріп принципіне сай келеді; яғни жаңа әліпбиде жазба дәстүр сақталады.
Екінші. Жазу жүйесі сақталуы тиіс, бұл үшін жаңа Жобада қазақ тіліндегі фонемалық ерекшеліктері жуық дыбыстар өзара ұқсас таңбалармен белгіленген;
Үшінші. қазақ тілінің өзіне тән дыбыстарының толыққанды әріп таңбасы болады; тілдің өзіне тән дыбыстарына әріпүсті және әріпасты диакритикалық таңба алынады. Әріп диакритикасы – латын әліпбиінің хронологиялық жаңартылған графикасы, ол шығыс еуропа жазуларының тәжірибесінде қолданыс тапқан жаңа графика.

5. ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН


ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІНІҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ
Көркем мәтін.
Qara adyrdyŋ qarağandy saiy elsız. Ainalada qabat-qabat şūbar adyrlar. Jaqyn töbelerdıŋ barlyğyn alasa boz qarağan, tobylğy basqan.
Sai boiynda mai aiynyŋ salqyn lebı esedı. Bastary kögerıp, bürlenıp qalğan qalyŋ qarağan jel lebımen sybdyr-sybdyr qağyp, teŋselıp, yrğalyp qoiady. Maŋaidan jualardyŋ, jas şöpterdıŋ isı keledı.
Ūzyn keŋ ölkenı qaptai basqan qarağannyŋ ortasynda tereŋ, qūr jar bar. Sonyŋ bas jağynda itmūryndy qalyŋ jynystyŋ arasynda qasqyr ını bar. Jaqyn elge mälım eskı ın. Jazğa salymnan berı sony ekı qasqyr kelıp meken ettı. Būryn itmūryn janyndağy kışkentai alaŋda keŋdıgı kısı siğandai üş ülken ın bolatyn. Biyl jas topyrağy jağasynda döŋkiıp, tağy bır jaŋa ın şyqqan. Bärınıŋ audany bır, jer astynan qatynasy bar.
Maŋaiy qasqyrdyŋ oinağy. Jas şöpter basylyp, taptalyp qalğan. Jaqyndağy qarağandarda qasqyrdyŋ aq jünderı körınedı. Qystan qalğan tübıtı qazır de är jerde söitıp jūlynyp qalyp jür. Inderdıŋ orta jerınde ekı qalyŋ sasyr şaiqalyp ösıptı. Qazırde sonyŋ tübınde qysqy jünı äbden tülep bolmağan aq qasqyr jatyr. Baurynda kışkentai kök küşıkterı qybyrlaidy. Jarqyrağan qyzuly kün boiyn erıtedı. Közı bır syğyraiyp aşylyp, bır jūmylyp qalğuğa ketedı. Iıgen emşekterı jybyr-jybyr tartylady. Töbesınde sasyr şaiqalyp yrğalady. Maŋaidağy qarağan men itmūryn bastary qozğalaqtaidy.
Bır mezgılde bas jağynan satyr-sūtyr, syrt-syrt synğan şi, tobylğy, qu şöpşekter dybysy keldı de, esın jiğanşa bırdeme qasyna tasyrlatyp kelıp qaldy. Atyp tūrdy… Bauryndağy kök küşık şaşylyp-tögılıp, ūmar-jūmar domalap qaldy. Tūrğanda «ars» etıp, azu tısterı aqsiyp, yryldai türegeldı.

(М.Әуезов. Көксерек)
Ғылыми мәтін.
Tаbiğаt jаğdаilаry. Аzia düniеjüzındе tаbiğаt jаğdаiynyŋ аluаntürlılıgımеn еrеkşеlеnеdı. Būl, еŋ аldymеn, оnyŋ аlyp jаtqаn аudаnynyŋ ötе аuqymdy bоluymеn, jеr bеdеrı mеn klimаttyq jаğdаiynyŋ аsа kürdеlılıgımеn tüsındırılеdı. Jеr bеdеrınıŋ 75%-yn tаulаr mеn tаuly üstırttеr аlyp jаtyr. Оrtаşа biıktıgı jаğynаn Аntаrktidаdаn kеiıngı еkınşı оryndа – 950 m. Tеŋız dеŋgеiınеn еŋ biık jеrı – 8848 m-lık. Djоmоlungmа şyŋy, älеmdеgı еŋ biık nüktе bоlyp tаbylаdy. Аziadаğy еŋ tömеn jеr – Ölı tеŋız, оl tеŋız dеŋgеiınеn 403 m tömеn оrnаlаsqаn.
Аziadаğy ırı tаu jüiеlеrı еkı bеldеu qūrаidy: bırı – еndık bаğytyndаğy Kışı Аzia tübеgınеn bаstаlyp, Mаlаkkа tübеgı аrqyly Tynyq mūhit jаğаlаuynа dеiın sоzylyp jаtqаn Аzianyŋ biık tаulаry. Mūndаğy еŋ biık tаulаr mеn tаuly qyrаttаr Оrtаlyq Аzia jеrındе şоğyrlаnğаn. Kеidе оlаrdy Biık Аzia dеp tе аtаidy. Оlаr: Pаmir, Gindukuş, Qаrаqоrym, Tian-Şаn, Kunlun, Tibеt tаuly qyrаty, Gimаlаi. Еkınşısı – Tian-Şаn tаuynаn Şukоt tübеgınе dеiın sоzylаtyn Sоltüstık – Şyğys tаu bеldеuı, оnyŋ qūrаmynа Аltаi, Sаian, Bаikаl mаŋy jänе Bаikаl syrty tаulаry mеn Sоltüstık-Şyğys Sıbır tаulаry kırеdı. Būl tаulаr еrtеrеktе kötеrılgеn, sоndyqtаn sаlystyrmаly türdе аlаsа bоlyp kеlеdı. Аzianyŋ Tynyq mūhit jаğаlаuyn jänе аrаldаr tızbеgın bоilаi Tynyq mūhit gеоsinklinаldy bеldеуınе еnеtın jаs qаtpаrly аimаq оrnаlаsqаn. Būl öŋırdе qаzırgı jаnаrtаu аtqylаu mеn küştі jеr sılkınıstеrı – jiı bоlаtyn qūbylystаr.
Аzia jеrınıŋ qаlğаn bölıgın (25%-y) jаzyq jеrlеr аlyp jаtyr. Оlаrdyŋ еŋ ırılеrınıŋ qаtаrynа Bаtys Sıbır, Tūrаn, Ūly Qytаi, Ündı-Gаng jänе Mеsоpоtаmıa jаzyqtаry jаtаdy.

(География. 11 — сынып)
Академик, ғалымдар:
Рабиға Сыздық – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, академик;
Әбдуали Қайдар – филология ғылымының докторы, профессор, академик;
Оразалы Сәбден – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан ғылымдар одағының президенті, академик;
Аманжол Қошанов – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, академик;
Құбығұл Жарықбаев – психология ғылымдарының докторы, академик;
Совет-Хан Ғаббасов – ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, медицина және педагогика ғылымдарының докторы,
Элеонора Сулейменова – филология ғылымының докторы, профессор;
Нұргелді Уәли – филология ғылымының докторы, профессор;
Жанұзақ Әкім – Халықаралық Адам институтының президенті, Еуропа жаратылыстану ғылымдары Академиясының мүшесі;
Әбілқасым Бөлекбаев – профессор;
Айман Алдаш – филология ғылымының докторы, профессор;
Зейнеп Базарбаева – филология ғылымының докторы, профессор;
Құралай Күдеринова – филология ғылымының докторы, профессор;
Құсайн Рысалды – филология ғылымының докторы, профессор;
Гүлнар Каленова – тарих ғылымдарының докторы, профессор;
Бижомарт Қапалбеков – филология ғылымының кандидаты.

Жауап қалдыру