Жүрегі шәкірт үшін соғушы еді

0
27

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік универ­ситетінің алғашқы ректоры, көрнекті ғалым, ұтқыр ұйымдастырушы, профессор Жомарт Жапаров марқұмның өмірі ұрпаққа өнеге боларлық.
Жапаров Жомарт Жапарұлы 1942 жылы 15 желтоқсанда Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында қарапайым көпбалалы жұмысшының жанұя­сында дүниеге келген. Әкесі Жапар Рахымбеков – колхоздың іргетасын алғашқы қалаушылардың бірі, сауатты, білімгер, мал фермасының меңгерушісі, агроном қызметін атқарып жүріп, Ұлы Отан соғысына қатысқан қайраткер, ел сыйлаған азамат болған. Анасы Әшихан Рахымбекова – мал фермасында сауыншы болып, соғыс уақытында ауылдағы ер-азаматтармен бірге ең ауыр жұмыстарды белсене атқарған, Түркісіб теміржолын салушылардың бірі, көпбалалы жанұя анасы болған жан.
Жасынан алғыр Жомарт Сарыөзек кентіндегі №270 мектепті 1959 жылы алтын медальмен бітіреді. Сол жылы Ресейдегі Новосибирск университетінің физика факультетіне оқуға түсіп, атақты физик ғалымдар М.А.Лаврентьев, С.А.Христианович, С.Л.Собо­лев­тің дәрістерін тыңдап, ғылымға деген көзқарасы қалыптасады. Еңбек жолын Көкшетау педагоги­калық институтында ұстаз ретінде бастаған. Кейінірек Жамбыл технологиялық институтында дә­ріс берген.
1970-1975 жылдары өзі бала кезінен аңсаған ғылым жолын сол кездегі КСРО ғылым ака­демиясының Ленинград қала­сындағы А.Ф.Иоффе атындағы ФТИ-нің аспирантурасында, бел­гілі академиктер А.Р.Регель, Л.С.Стильбанс сияқты ғалым­дардың басшылығымен бастап, «Вис­мутқұрамды жартылай өткіз­гіш халькогенидтерге жан-жақ­ты қысымның және Холл эффек­тісінің көрсететін әсерін зерт­­теу» атты тақырыпта физика-математика ғылымдарының кан­дидаттық диссертациясын қор­ғайды. Сол кездегі оның алғаш­қы ғылыми мақаласы бірден КСРО ҒА баяндамасында басылып шығып, темоэлектрлік электр энергия көздерін зерттеуші ғалымдардың жоғары санатты бағасын алған.
Осындай қажырлы ғылыми ізденісте жүрген ол өзінің туған өлкесіне оралады. 1977 жылы Талдықорған педагогикалық инс­титутының теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, кейін физика-математика факультетінің деканы, ал 1980-1989 жылдары ғылыми жұмыс жөніндегі проректор қызметін атқарды. Осы уақытта оның қолдауымен педин­ституттың алғашқы бола­шақ жас ғалымдары: Қ. Майлина, М. Жомартова, М. Шакенов, Т. Тоқарбаев, М. Мальтекбасов, А. Рахымбеков, Б. Есімқұлов, Ж. Әбішева, С. Әлмұхамбетов Мәс­кеу, Ленинград, Киев, Алматы сияқты одақтағы ірі ғылым орта­лықтарында кандидаттық ғылыми диссертацияларын ой­дағы­дай қор­ғап оралды.
Жомарт Жапарұлының қа­жыр­лы еңбегінің жұлдызы жарқы­раған уақыты – 1989 жылы 22 желтоқсанда ҚазКСР Білім минис­трлігінің бұйрығы бойынша Талдықорған пединститутының ректоры болып, халық қол­дауы­мен демократиялық түрде сайланған кезі еді. Білікті жетекші институттағы қайта құру ісін дамытып, аталған оқу орнын университет дәрежесіне дейін көтеруге бар күшін белсендіре жұмсады. Бұл уақыт респуб­ликамыздың эко­номи­калық күй­реуге түсіп, тоқырау заманына тап болған кезі еді. Сондықтан да жас ректордың алдында алдыменен білімгерлердің, оқытушы-профессорлық құрамының әлеу­меттік жағдайын көтеру бірінші орында тұрды. Институтта оқытушылар жалақы, ал білімгерлер стипендияларын 2-3 айлап ала алмады. Өйткені бюджетте қаржы болмады.
Осындай қиын уақытта Елбасы оқу ордасына жағдай жасауға тапсырма беріп, іс оңға басқанды.
Көп ұзамастан жас ғалымдар ректордың көмегімен қаржылы еңбек атқара бастады. Солардың қатарында Н.Т. Ермеков, К.Б. Бопаев, К.У Тұмағанбетова, А.Ж. Рахымбеков белсене еңбек етіп, рес­публикалық конкурстардан ауқымды грантқа ие болып, білімгерлерді, оқытушыларды ғылыми ізденіске тартты.
Жомарт Жапарұлының бі­рін­ші басшы ретінде ұйым­дастырушылық, іскерлік қабілеті табиғатынан дарынды еді. Ол университет факультеттерінің шетелдермен әсіресе ТМД елдерінің жоғары білім, ғылым мекемелерімен және құрылымдарымен іскерлік байланыспен ғылыми тұрғыда тәжірибе алмасуына мүмкіндіктер жасады. Мысалы, «Кәсіптік оқыту» мамандығының білімгерлері алғаш рет өздерінің өндірістік іс-тәжірибелерін Ресей­­дің Кеңес дәуіріндегі ауыр маши­нақұрастырушы Ле­нин­­град, Нижний Новгород, қалалаларындағы «Киров атын­дағы машина құрас­тыру­шы зауыт», «Горький авт­о­мобиль зауыты» секілді өндіріс флагмандарында техника ғылым­дарының кандидаты, доцент Сар­басовтың жетекшілігімен қызыға өткізді.
Ректордың бастамасы арқылы университетте бастауыш оқу факультетінде музыкалық білім, дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесі кафедралары, ҚР Білім министрлігінің арнайы бұйрығымен университетте екі мамандық «Педагогика теориясы және тарихы», «Педагогика және жас ерекшелік психологиясы» бойынша аспирантура бөлімі ашылды. Сыртқы қарым-қатынас бойынша, алғашқы рет филология факультетінде Түркия, Иран, Қытай, Моңғолиядан келген жастарға жоғары білім беру ісі жүзеге асырыла бастады.
Жомарт Жапарұлы өзінің соншама жауапты, тығыз еңбек графигіне қарамастан білімгерлер алдында оқу үрдісіне сәйкес жалпы және теориялық физикадан міндетті түрде дәріс оқып шығып, бор жағылған қолымен, маңдай терін құшырлана сүртуші еді.. Ұлы ұстаздың еске сақтау қабілеті барлығымызды таң қалдыратын. Кез келген білімгердің аты-жөнін қай мамандықта, қалай оқитынын жатқа білуші еді. Ол кісінің нәзік жанын, қайырымдылығын, білімгерлер мен ұстаздар өте жақсы біліп, қарапайым түрде барлық жеке, не болмаса оқу, шаруашылық сұрақтарымен арнайы қабылдауға жазылмай, тікелей кіре беретін.
Өзінің әріптестеріне деген қамқоршылығы мен мақтанышын жасырмай, қолынан келгенше қайғыда да, қуанышта да терең көрсетуші еді. «І. Жансүгіров атындағы Талдықорған универ­ситетінің құрметті профессоры» деген академиялық атақ беру туралы шешім қабылданғанда, ол зор қуанышпен физика-математика ғылымдарының кандидаттары, доценттер Р.С.Сакибаевқа, С.І.Касабековке, Ө.І.Ураза­лиевке, физика ғылымының кандидаттары, доценттер В.С.Верещагинаға, Л.В.Зоринаға алғашқы профес­сорлық атақты табыстаған еді. Өз елінің мәдениеті мен дәстүрін ерекше қастерлеп, университетімізге, білімгерлер мен оқытушы-профессорлық құрамының ғылыми-іскерлік деңгейін көтеру үшін шет елден арнайы түрде дәріс өткізуге Ленинградтың А.Ф.Иоффе атындағы әйгілі академиктері Б.П.Захарченя, М.В.Ведерников, профессорлар Н.Е.Тимощенко, Ю.М.Гербштейн сияқты атақты мамандарды шақырып жоғары санатта ҚР Білім министрлігінің аттестациясынан өткізді.
Жомарт Жапарұлы университет қалашығын, жатақхананы өзінің Америкаға Канзас штатына КСРО ҒА Космостық орталық директоры академик Р.З.Сагдеевпен барған іс сапарында көрген әсем кампустарға ұқсатып саламыз деп армандаушы еді.
Жомарт Жапарұлына 1992 жылы ВАК шешімімен профессор атағы берілді. Ол 100-ден астам ғылыми еңбектің, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Ол «Жоғары білім саласы жұмыстарындағы үздік жеңістері үшін» белгісімен, «Қазақ ССР халыққа білім беру озаты» атты атағымен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Өзінің саналы жиырма жыл өмі­рін осы Жетісу білім қара­шаңыра­ғымен бай­ланыстырған дара ұстаз, көрнекті ғалым, ғылымның көк жиегінен аққан жұлдыздай болып 1995 жылы 28 қыркүйекте мезгілсіз ауыр науқастан қайтыс болды. Тірі болса бұл күндері 75 жасқа толар еді. Жарқын жүзді, үлкен жүректі, мейірбан ғалым, жастардың тәрбиешісі, қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің терең білгірі, сүйікті жар және әке, жаны жайсаң Жомарт Жапарұлының бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Бақыт МҮСӘПІРОВА,
Ж.Жапаров атындағы
Қызылжар орта мектебінің
директоры

Алматы облысы
Кербұлақ ауданы
Қызылжар ауылы

Жауап қалдыру