Өз тілің – бірлігіміз үшін!

0
148

1989 жылы 22 қыркүйекте «Тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып жария­ланған болатын. Содан бері, шүкір, «Көш жүре түзеледі» демекші, басы­нан небір қиын-қыстау кезеңдерді өткерген ана тіліміз өз тініне түсіп келеді. Ана тіліміздің тұғырын биіктете түсу жолында әртүрлі ұжымдарда түрлі шаралар ұйымдастырылып жүр. Соның бір айғағы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде өткен «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты мерекелік жиын .
Республикалық эстра­да-цирк колледжінде өт­кен жиында «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілің тірлік үшін», «Ана тілің алпыс тілге татиды», «Тілің – ділің» деген нақыл сөздер көзге оттай басылды. Бұл, әрине, ең алдымен ана тілімізге деген аса құрметтен туындап жатқаны белгілі.
Заманымыздың заңғар жа­зу­шысы Мұхтар Әуе­зов: «…Көз көрген қаза­ғыма қаратып, мін­бе құрып, сол мінбеге шы­ғарып: «Ақырғы діліңіз­ді айтыңызшы, Мұх­тар!» – десе, тілімнің ұшын­да жүрген сөз төмен­дегіше: Тас үгітіліп құмға айналады, темір то­зады, ұрпақ озады, дү­ниеде өлмейтін сөз ға­на, халқымызбен бірге жа­сасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып ал­ма­йық» дер едім» депті.
Осындай ұлының ұла­ғатты ойын көкірек көзіне ұялатқан біздің кол­ледж студенттері ә де­генде ортаны әнге бө­леп, күймен толқытты. Іле-шала үкілі бөрік, кәм­шат камзолды қыз­дар мың бұрала биге басты. Маған әннің асқақ биік шырқауы мен терең иірімінде, бидің сырғақсып саусақ создыр­ған қалыбында қазақ елі­нің қара сөзінің, өлең өр­негінің салмағы сағақ­тап тұрғандай сезілді…
Иә, мереке-жиын ба­ры­сында колледж сту­дент­тері – менің құрбы-дос­тарым ана тіліміздің төңі­регінде ой-пікір алы­сып, өлең-жыр оқып, ма­қал-мәтел айтудан жа­рысқа түсті. Бәсе­келес­ткендердің ешқай­сысы да қапы қалдыр­мады, бәрі де көңілімізді көкке көте­рісіп, желпіндіріп отыр­ды. Өйткені олар ерте заманнан келе жатқан, сыр-сандықтағы сөз мә­йегі – ма­қал-мәтелді жетік бі­летін­дігімен, оның тінін тереңнен түсіне­тін­дігімен, мәнісіне келтіріп айтуымен ерекшеленді.
Қорыта айтқанда,«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» айдарымен аталған мере­келік жиынымыз әсер­лі күйде өтті.
Барымыз да, нарымыз да – ана тіліміз аман болсын!
Айжан Түсіпбекова,
Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің 1–курс студенті

Жауап қалдыру