Қызылша – табысты өнім

0
153

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев 2014 жылы тамыз айында Алматы облысында болған сапарында аймақтың табиғи зор ресурстарын пайдалана отырып, бір кездері жер жәннаты – Жетісудың төл дақылдары болып саналған қант қызылшасы мен ж8гері өсіруді жедел түрде қолға алу жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын.
Бұл рас сөз. Бұрын жән­натты өңірдің диқандары қант қызылшасын өсіріп, одан ре­кордтық өнім жинап, ел эко­номикасының дамуы­на елеулі үлес қосқаны мәлім. Де­ген­мен, тоқырау жыл­дарын­дағы бар­лық саланы қам­тыған қиын­дықтар қант қызыл­ша­сын өсіруші дихандарды да айналып өтпеді. Атап айт­қанда, суармалы жер көлемі су жүйелерінің бұзылуынан еріксіз қысқартылды. Сонымен бірге, егілетін қант қызыл­ша­­сының тұқымдық сапасы да агротехникалық талап­тарға сай келмеді. Өскін­дерді арам шөптен тазарту жұ­мыс­­тарында да адам қолы жетіс­педі. Көп қиындықпен өсіріл­ген қант қызылшасын жинау кезін­дегі техниканың тап­шы­лығы да кедергі келтірді. Ал, қызылшашылардың алтай жаз табан ақы, маңдай тері­мен өсірілген өнімді қабыл­­дай­тын зауыттардың жа­былуы ди­хандардың бұл ба­ға­лы да­қылды өсіруге деген құлшы­ны­сына бөгет болды. Тіпті, аса көп қол еңбегін қажет ететін дақылды өсіру тіпті ұмыт бола бастағандай еді.
Дегенмен, қазіргі кезде Елбасы тарапынан берілген нақ­ты тапсырманы орындау мақ­сатында облыста бірқатар игілікті істер атқарылуда және ол өзінің оң нәтижелерін беруде.
Атап айтқанда, 2015 жылы облыста жаңа сервистік-дайындау орталығы ашылып, қа­жетті техникалар алынды. Фран­ция мен Германиядан қант қызыл­шасының жоғары сапа­лы өнімді тұқымы жеткізіл­ді. Өндірілген өнімді өндеу мақ­сатында шикі­зат­тың тапшылығынан бірнеше жыл жұмысын тоқтатқан Көксу қант зауыты жедел түрде күрделі жөндеуден өткізіліп, іске қосылды. Қызылша өсіруші шаруашылықтар мен зауыт арасында екі жақсы шарт жасалынды. Қант қызылшасын өсіруге бұрын қант қызылшасын өсірумен айналысқан Сарқан, Ақсу, Ескелді, Көксу, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласы жұртшылығы жұмыл­дырылды.
Осындай тиянақты әзірліктен кейін облыс бойынша 4000 гектар жерге қант қызылшасы егіліп, жыл аяғында 125 мың тоннаға жуық тәтті түбір жиналды. Мұның өзі, егер шаруаларға қажетті көмек, қалыпты жағдай жасалса, олардың өнім өндіруге ынталы екендігін дәлелдей түсті.
Ал, өткен мерекелі жылы қант қызылшасын өсіруге 600-ден астам шаруақожалықтары тар­тылып, 6 мың гектардан астам жерге қант қызылшасы өсірілген еді. Жыл аяғында алқаптардан 240 мың тоннадан астам қант қызылшасы алынып, дайындау орындарына жөнелтілді. Ал, Ескелді ау­данындағы
«Есімжанов», «Хильниченко и К», «Нам Елена»  шаруақо­жа­лықтары әр гектардан 624-755 центнерден өнім алы­п, 2015 жылғы рекордтық көр­сеткіштерін қай­талады. Мол өнім алуға Сарқан, Көксу, Қаратал аудандары мен Тал­дықорған қала­сының диқан­дары сенімді үлес қосты.
Нәтижелі іске мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау да көрсетілді. Мәселен, 600-ге жуық қызылша өсіруші ша­руашылыққа 190 млн тең­геден астам қаражат бөлінді. Оған қосымша өңдеуге орындарына жөнелтілген қант қызылшасына 290 млн теңгеге жуық қаржы төленді. Көксу қант зауытыннан алшақ жатқан Ақсу, Сарқан, Қаратал аудандары мен Қапшағай қаласындағы қант қызылшасын тасымалдауға 120 млн теңге субцидия берілді. Минералды тыңайтқыштар, гербициттер мен сапалы тұқым үшін де қомақты қаражат бөлінді.
Үстіміздегі жылы жетісу­лықтар алдында 9 мың гектар жерге қант қызылшасын өсіріп, одан 305 мың тонна өнім алу міндеті тұр. Аз уақыт ішінде толайым табысты дақылды өсіруге машықтанып алған дихандар мол өнім жолындағы әзірлікті ерте бастан қолға алды. Бүгінгі күнге дейін 8 мың гектардан ас­там жердің тереңдетілген сүді­гері жыртылды. Ал, жа­ңадан ашылатын сервистік да­йындау орталықтарына шетелдік «Штрубе Рус» тұқымын алу үшін об­лыстық бюджеттен 1 жарым млрд теңге шамасында қаржы бө­лінді.
Биылғы жылы қызылшашылар өткізген қант қызылшасының әр тоннасына 17 мың теңге алатын болады. Оның 8 мыңын өнім қабылдаушы зауыт, ал 9 мыңын облыстық ауыл­шаруашылығы бас­қар­масы төлейді. Бұл ди­қан­дарды ынталан­дырудың бір тармағы.
Екі жыл бойы өңірде тек қана Көксу қант зауыты жұмыс істеді. Мұның өзі өнімді қабылдау жұмыстарында біраз қиындықтар туғызды. Осыны ерекше назарға алған облыс басшылары биылғы жылы аймақтағы Ақсу қант зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Сонда екі қант зауыты күніне 5700 тонна өнім қабылдайтын болады. Осы бағытта жуырда Алматы облысы әкімдігі мен «Энергомост» консорциумы арасында Ақсу қант зауытын іске қосу жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Дегенмен, өңірдегі ірі қант зауытының іске қосылуы жаңа жұмыс орнының ашылуына негіз болса, зауыттың жылдың төрт маусымында тұрақты жұмыс істеуі үшін оны жеткілікті мөлшерде шикізатпен қамтамасыз ету міндеті де тұр.
Сондықтан да, қазіргі кезде техникалық дақылды өсіріп, одан мол алуға дағдыланған  жетісулықтар қант қызылшасы себілетін алқап көлемін кеңейту мақсатында бұрынғы пайдаланылмай қалған егістіктерді қайта іске қосу және қосымша суармалы жерлерді игеру есебінен 2021 жылға дейін 14 мың гектарға дейін жеткізуді межелеп отыр. Осы бағытта Ислам Даму Банкінен облыстың 8 ауданына инвестиция тартылатын болады. Бұл алдағы уақытта 56 мың гектар суармалы жерді пайдалануға жағдай жасайды. Сонымен қатар, 2019-2020 жылдар аралығында Покатиловка, Бүйен, Кіші Дихан, Тиірмен және Қызылағаш су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосу жоспарлануда.
Иә, бүгінгі күні облыстағы қант қызылшасын өсірудегі атқарылған ауқымды жұмыстар мен тәжірибелер болашақта егіс көлемін ұлғайтып, сапалы өнім жинауға толық жағдай жасайтыны сөзсіз.
Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«Президент және Халық»
Алматы облысы

Жауап қалдыру