Ынталандыру жүйесі құрылады

0
23

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде 30-шілде күні «100 нақты қадам – Ұлттық жоспарын іске асыру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үс­тел болып өтті. Шараға білім және ғылым вице-ми­нистрі Есенғазы Иманғалиев, Ақтөбе облыстық білім беру бас­қармасының басшысы Жанат Самұратова, техникалық және кәсіби білім беру, мектептер мен интернаттар, білім са­ласы орталықтарының, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Шара барысында ҚР Ғылым және білім вице-министрі Есен­ғазы Иманғалиев Ақтөбе об­лысының ҰБТ қорытындысы бойынша ұстаздардың тыным­сыз еңбегі мен ізденістерінің арқасында алда тұрғандығын айтып, құттықтап өтті. «Біздің басты мақсатымыз – бес институционалды реформа, Ұлт­тық жоспар – 100 нақты қа­дам» бағдарламасына бел­сене атсалысып, Елбасы алға қойған міндеттерді жү­зеге асыру жолында аянбай ең­бек ету. Жуырда ғана еліміз Дүние­жүзілік сауда ұйымына мүше болды. Бұның өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы ретте «Қазақстанның ин­дус­трияландыру және эконо­микалық өсімін қалай көтеруге болады?», «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет қандай болуы керек?» деген сауалдар біздің қай-қайсысымызды да мазалауы керек. Тек мазалап қоймай, осы жолда жетістікке жетудің қыр-сырын зерттеп, жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек», – дей келе вице-министр 2020 жылда алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына ену, «Мәңгілік ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үл­кен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру мәселесі төңі­регінде ой өрбітіп, сала маман­дарының пікіріне құлақ түрді.
Сондай-ақ Есенғазы Нұрті­леу­ұлы қазақ тілінің жай-күйіне байланысты да өткір ой айтты: «үш тұғырлы тіл, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту соны­мен қатар мемлекеттік тілі­міз қазақ тілінің қадір-қасие­тін жоғалтпағанымыз жөн. Ағартушы Ахмет Байтұр­сы­новтың «Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады», Елбасымыздың «Қазақ қазақпен қазақша сөй­лессін»,– деген талаптары әр­­қашан санамызда болуы ке­рек», – деді.
Сөз кезегінде Ақтөбе ғылыми-практикалық әдістемелік орта­лығының орынбасары Қар­лығаш Сатыбалдина «12 жыл­дық білім беруді кезең-ке­зең­мен енгізу, функциялық сауат­тылықты дамыту үшін мектептегі оқу стандарттарын жаңарту, жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, 76-қадамда көрсетіл­ген­дей табысты мектептерде ынталандыру жүйесін құру» қажеттігін баса айтып, мемлекет басшысының сарабдал саяса­тының дамуына барша қауым­ды жұмыла кірісуге үндеді.
Ақтөбе құрылыс колледжінен келген ардагер-ұстаз Камалхан Қуан Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында көптеген жетістіктерге жеткенімізді ай­та келе, «100 нақты қадам» бағдарламасына атсалысуға ша­қырды. Экономиканың 6 негізгі саласы үшін білікті кадрларды әзірлеу, білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-да ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді жүзеге асыру бойынша, бірқатар пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Вице-ми­нистр өз сөзін «Еліміз үшін аянбай еңбек етіп, еліміздің патриоты болуға – Елбасы бағ­дарламаларының іске асуына әрқайсысымыз міндеттіміз», – деп қорытындылады. Басталған істің жақсы аяқталуына әрбір қазақстандық өз үлесін қосады деген сенімдеміз.
Еркін БАҚТИЯРОВ.
Ақтөбе қаласы.

Жауап қалдыру