Ықпалдастықпен – ізгілікке

0
328

Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ғалымдар үнемі айтып жүр­гендей, ұлтты ұлт етіп сақтап қалатын ұлттық ерекшеліктері ғана. Бұл ең алдымен тілі, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі яғни мәдени өзгешеліктері. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарламалық еңбегінде: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп атап көрсетеді.
Адамзат тарихының дамуында мәдениет пен әде­биеттің халықтарды жақын­­дас­тырудағы рөлі орасан зор болғаны анық. Ерте дәуірлердегі мифтерден бастап бүгінгі әдебиетке дейін, көне тұрмыстық мәдениеттен бүгінгі өркениеттік дамуға дейін бәрі біте қайнасып жатыр. Оған Бабыл (Вавилон) мен Мысырдың  (Египет), Қытай мен Үндістанның, Араб әлемі мен Түркі қағанатының ықпалдары дәлел. Әдетте батыс елдерінде Еуропаның мәдени дамуының төркінінде Грек өркениеті тұр­ғаны жиі айтылады. Алайда сол Грек өркениетінің өзі мәдениет ұғымдарының теориясы мен практикалық білімдерінің қа­лыптасуы тұрғысынан алсақ ол  шығыс халықтарына борышты. Бұл айырықша атап өтерлік жайт.
Қазақстанда бүгінде 18 мил­лионнан астам адам тұр­са, соның 12,5 миллионы қазақ халқы. Қалғаны басқа ұлт­тардың диаспоралары. Қа­зақ халқын құраған ежелден келе жатқан 45 ру-тайпаның бәрі оның құрамында түгелдей сақталынып қалған.  Қазақ халқы өзінің қалыптасу жолында небір қиындықтарды бастан кешірсе де ол өзін ұлт ретінде қалыптастырып, дамудың жаңа жолына түсті. Қазақ халқын құраған ру-тайпалардың әлемдік өр­кениетке қосқан үлестері де аз емес. Мәселен, қазақ хал­қының құрамындағы қаң­лы тайпасының өкілдері біздің жыл санауымыздан 35 ғасыр бұрын доңғалақ ойлап тапқаны туралы аңыз бар. Мұндай аңыз украиндарда да кездеседі. Қалай болғанда да доңғалақтың ойлап табылуы әлемдік өркениетке орасан прогресс болғаны анық. Сөз арасында айта кеткен жөн болар, украиндардың домра дейтін музыкалық аспабы мен қазақтың домбырасының тегі бір. Мәдениеттердің ықпал-дастығына бұл да бір мысал.

Түркі халықтарының құра­мындағы ру-тайпалардың елеулі мәдени жетістігі қатарында көне руна жазуын ойлап тапқандығын да жатқызар едік. Көне Түркі жазулары сөздегі дыбыстарды таңбалап жазуға негізделген. ҮІ-Х ғасырларда үлкен аймаққа таралған Көне Түркі жазулары  Енисей ескерткіштері, Талас ескерткіштері, Орхон ескерткіштері сияқты үш топқа бөлініп қарастырылады. Табылған орны болмаса, бұлардың қол­да­нылған кезеңінде және жал­пы жазу таңбаларының қол­да­нылуы арасында елеулі айырмашылықтар жоқ. Жа­зылу үрдісі, таңбаларының қолда­нылуы ұқсас, оқылуы біркелкі. Яғни түркі халық­тарының жақындасуына ке­зінде бұл фактор айтарлық­тай үлес қосқаны кәміл. Ха­лықтардың ұлы қоныс аударулары кезінде бұл жазу мәдениеті жойылып кетке­німен ол әлемдік жаңа жазу нұсқаларының пайда болуына түрткі болды.
Одан кейінгі кезеңдерде исламның таралуымен араб-парсы мәдениетінің элементтері бабақазақ (протоқазақ) арасына дендеп енді. Олар­дың бүкіл әлемге тараған ондық сандық жүйесінің қалыптасуына түркілердің санамақ тәсілдері әсер еткені тағы бар. Алашордашыл Елдес Омарұлы өзінің «Қазақ тарихынан» деген мақаласында цифр әлеміндегі «ондық жүйені» алғаш ғұн ханы Мөденің мемлекеттік жүйесі қолданғанын алға тартады. Оның әскері ондық, жүздік, мыңдық бөліністерден тұрғандығын ежелгі Қытай мен Әбілғазы ханның шежіресіне сүйене отырып дәлелдейді. Түркілердің ондық жүйесі арабтар арқылы бүкіл әлемге тарады.  Осының өзі түркілер мәдениетінің әлемдік өркениетке өз үлесін қос­қан­дығын көрсетпей ме?!
Шыңғыс хан шапқыншылы­ғынан кейінгі кезеңде Еуразия кеңістігінде орасан өзгерістер жүзеге асты. Бүгінде мұрагері Қазақстан болып табылатын Алтын Орда мемлекеті көне Московияның қалыптасуы мен дамуына шешуші ықпал етті. Көптеген тарихшылар мен зерттеушілер  орыс хал­қы­ның тегінде түркі халық­тарының үлесі мол екендігін айтады. Мысалы, француз ғалымы, этникалық поляк Франциск Духинский кешегі московиттердің  яғни бүгінгі орыстардың тегі еуропалықтар емес азиялық «тұрандықтар» екендігін өз еңбектеріне арқау еткен. Орыс халқы мен түркі халықтарының  жақын болғанына орыс патшалары мен қолбасшыларының көбінің тегі татар (түркі) болғандығы дәлел. Айталық, Ресей билеушілері Иван Грозный, Борис Годунов, Бірінші Петрдің бойында түркі қаны болған.   Ресейдің көптеген дворяндық тектері Апраксиндер, Аракшеевтер, Державиндер, Ермоловтар, Шереметьевтер, Булгаковтар, Годуновтар, Строгановтар, Мансуровтар, Салтыковтар, Буниндер, Юсуповтар, Юшковтар, Суворовтар, Алмазовтар, Ка­рамзиндер, тағы басқа жүз­деген, мыңдаған әулеттер арғы түбінде түркі тайпаларынан өрбігендер.
Орта ғасырларда, дәлірек айтқанда 1465 жылдары құрылған қазақ ордасы өзінің даму барысында көп­теген елдермен, көптеген мәде­ниет­термен шендесті.  Өз кезегінде араб-парсы, қытай, түркі дүниесімен белгілі бір дәрежеде мәдени қарым-қа­тынастары да болғаны анық.
Сөз жоқ, ХҮІІІ ғасырдан бастап ұлы далада мәдениет пен әдебиеттің қалыптасуына Ресей мәдениеті мен әде­биетінің ықпалы айтарлықтай болды. Орыс елінің басқын­шылық саясаты Ермак бас­таған казачество құрылым­дарының  шығысқа шапқын­шылығын жан-жақты қол­дауынан көрінеді. Тіпті бұл ұмтылыс қазақтың Сәтбек батыры 1581 жылы Ермактың көзін жойған соң да тоқтаған жоқ. Бүкіл қазақ сахарасын жаулап алу ХІХ ғасырдың аяғына таман ғана аяқталды. Алайда азаттық сүйгіш қазақ халқы Ресей отаршылдығына қарсы 400-ден астам көтеріліс жасады. 260 жылға созылған бодандық Қазақстанның тәуелсіздік алуымен аяқталды.
Әлбетте, орыс мәдениеті мен әдебиетінің қазақ жеріне айтарлықтай әсері болды. Ол ең алдымен тұрмыстық заттар мен бұйымдардың таралуынан байқалды. Мәселен, тұрмыстық өміріне темір кереует, таба, самаурын, үтік  т.б дүниелер өзінше әр берді. Қазақтардың қолына атыс қарулары тиді.
Орысша оқыған Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құ­дайбердіұлы сияқты ағар­тушылар осы арнада туған халқына қызмет етті. Солар арқылы қазақ даласына Пушкин, Лермонтов, Крылов, Некрасов, Белинский, Чернышевский, Тургенев, Салтыков-Щедрин, Толстойдың шығармалары еніп, олардың өлеңдері, мысалдары  қазақшаға аударыла бастады. Ағартушылардың негізгі идеясы ғылым-білімге ұмтылу, балаларды оқытуға бағытталған. Орыс революционерлерінің қазақ зиялылары мен оқымастыларына тигізген өзіндік ықпалы аз емес.
Бұл тұста академик Манаш Қозыбаев айтпақшы, «Ре­сей­дің мұсылман зия­лы­лары ұлттың өзін-өзі ай­қындау, орыс халқымен сая­си, діни теңдес құқықты бо­лу, бірігіп күресу сияқты проб­лемалардың басын қо­сып, конституциялық демок­ратиялық бағыттағы стра­те­гияны тұжырымдады».
Патша өкіметі құлаған соң 1917 жылы Орынборда мау­сым және желтоқсанда өткен жалпықазақтық құрыл­тайларда Алашорда өкіметі құрылды. Қазақ халқы Ресей­дің үлкен қалаларында бі­лім алған, көзі ашық 15 азаматқа қазақ жұртының болашағын сеніп тапсырды. Алашорда қазақтың өз алдына ел болғанын қалады. Бо­дандықтан біржола құты­лудың қиынға түсетіндігін аң­ғарып, Қазақ мемлекеттілігін Ресей құра­мындағы автономия тұрғы­сында қалпына келтіруді көздеді. Бұл сол кездегі саясат тұрғысынан алғанда дұрыс та еді. Алашорда жолын ұстанған азаматтар жа­зықсыз атылып кетсе де олар құрған Алаш автономиясы төрт жыл өмір сүріп, 1925 жылы Қазақ автономиясына, 1936 жылы Қазақстан одақтас республикасына айналды.
Орыс мәдениеті мен әде­­биетінің Қазақстанға айтар­лық­тай әсері тиді. Әсіресе, 1940 жылы қазақ халқымен санас­пастан бір­ден кіріл әліп­песіне көшіру көптеген бұр­­ма­лау­шылықтарға соқ­тыр­ды. Орыс сөздерін түбірін сақтап жаздырту тәртібі қазақ тілінің үндестік заңын бұзды. Уақыт талабымен қазақ тіліне көптеп орыс сөздері енді. Қазақ әдебиеті кеңестік социалистік реализм талаптарымен таптық көзқарастарға қарай бұрмаланды. Дегенмен тұтастай алғанда қазақ мәдениеті айтарлықтай алға басты. Қазақ театры, қазақ операсы, қазақ киносы, қазақ циркі, қазақ оркестрі сияқты өнер салалары пайда болды. Тіпті әлемдік деңгейден көрініс берді.
Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тан кейін орыстың им­пе­риялық астамсушылығы мен ұлы­державалық шовинизмі күрт өріс алды. 1986 жылғы Алматыда басталып, бүкіл рес­публиканы шарпыған қазақ жастарының Желтоқсан кө­те­рілісі ең алдымен сол им­периялық астамшылыққа қарсы бағытталған болатын. Мұ­ның соңы Кеңес Одағының ыдырауына соқтырғаны мә­лім. Одақтық республикалар бөлініп, на­рық­тық қатынастар дендеп енген тұста Ресейдің мәде­ниеті мен әдебиеті жетекші рөлінен айырылды. Тіпті кері кету яғни деградация байқалды. Ресей мәдениеті пен әдебиетінің тоқырауға ұшырағанына қа­ра­мастан Қазақстан орыс мәдениетінің көрнекті өкіл­дерін елімізге шақыру арқылы қолдау көрсетіп келеді.
Тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақстан қарым-қатынасын бұрынғыдай тек Ресеймен шектемей алыс-жақын шетелдермен мәдени байланыстарын қарыштап дамытты. Ең алдымен көрші түркі мем­лекеттері Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Түркменстан, Әзір­байжан және Түркия ел­дерімен байланыс орнады. Түркі мемлекеттерінің ода­ғын құру туралы идеялар айтыла бастады. 1992 жылы Түркі мемлекеттері мә­де­ниет министрлерінің ке­ңе­сі ТҮРКСОЙ (Түркі мә­де­ниетін және өнерін дамыту халық­аралық ұйымы) құ­рыл­ды. Мәдениет пен әде­биет­тердің жақын­дасуына бұл айтарлықтай ықпал жасады. Түркі әлемінің ортақ құндылықтарын насихат­тау үшін белгілі бір жылды белгілі бір тұлғаға арнау дәстүрі қалып­тасты. Айталық, 2016 жыл – «Жүсіп Баласағұн жы­лы», «2017 жыл – Молла Панах Вагифты еске алу жылы», 2018 жыл – Шыңғыс Айт­матов жылы болып белгіленілді. Осы әлемдік тұлғаларды түркі мем­ле­кеттерінде кеңінен на­си­хаттау қолға алынды. 2017 жылы Қазақстанның Түр­кістан қаласы бүкіл түркі әле­мінің мәдени астанасы бо­лып тағайындалғаны бар. Бұл орайда ТҮРКСОЙ халық­аралық ұйымы мен Еуразия Жазушылар одағының сіңірген еңбегі қомақты. Айта­лық, Түркиядағы «Мағ­жан Жұ­мабаев жылы» аясын­да жыр­ларынан от шар­­пыған әй­гілі ақынның «Алыс­тағы +бауырыма» деген атпен түрік тілінде жина­ғы жа­рық көрді. Кітапқа Мағ­жанның «Түр­кістан», «Қа­зақ тілі», «Алыс­тағы ба­уы­рыма», «Ай­да атыңды, Сәр­сембай», «Абақ­тыда» сын­ды көптеген өле­ңі енген. Жыр­ларды Түр­кия­ның белгілі ақындары­ның бірі – Али Акбаш және ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйы­мының Қазақстандағы өкі­лі Асқар Тұрғанбаев тәржі­ма­лаған. Соңғы жылдары қа­зақ – қырғыз, қазақ – өзбек, қа­зақ – әзірбайжан, қазақ – баш­құрт мәдени және әдеби бай­ланыстары едәуір жақ­сарды.
Сондай-ақ түрік жазушысы Халдун Танердің «Қызғаншақ кісінің қу әйелі» атты кітабы қазақшаға аударылып, тұ­саукесері өткізілді. Әзіз Несиннің «Нау емене?» әң­гіме­лер жинағы Ғаббас Қабышұлының аудармасында қазақ тілінде сөйледі. Қазақтың белгілі жазушысы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» атты романы түрік тілінде «Arasat Meydan?» (Ға­расат майданы) деген атпен оқырманға жол тартты. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Сырлас буын. Атажұрттан әңгіме­лер» деген атпен 25 қазақ қалам­герінің шығар­ма­лары түрік ті­лінде жарық көрді. Еліміздің біртіндеп латын әліпбиіне көшуі де Қазақстанның түркі дүниесімен жақындай түсуіне ықпал етеді.
Қазақстан үшін Батыс әде­биеті мен мәдениетінің де ықпалы айтарлықтай. Қуа­ныштысы Батыс мәде­ниетін бұрынғы кеңес кезіндегідей сол қалпы қабылдай бермей сүзгіден өткізіп қабылдау байқалады. Яғни ұлттық, отба­сылық құндылықтарды сақ­тай отырып, неғұрлым прогрес­сивті үлгілер ғана қол­да­нысқа өтуде.
Қорыта келгенде мәдениет пен әдебиет халықтардың жақын­дасуында елеулі рөл атқаратындығын ба­са айт­қымыз келеді. Бұл халық­тарды өркениет бағытында дамытуға сеп­теседі. Халықтар арқы­лы мемлекеттердің қа­лып­та­суына да ықпал етеді. Бүгінгі Қазақстан мемлекет құраушы қазақ халқының түркі-мұсылман және орыс мәдениетінің ықпалдасуынан дүниеге келгенін атап өткен орынды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 67-ші сессиясында «Әлем­ара­лық бейбітшілік үшін кон­фес­сия­аралық және мә­де­­ниетаралық үнқаты­су­ды, өзара түсіністік пен ынты­мақтастықты дамы­туға жәрдемдесу» атты қа­рар қабылдағаны мәлім. Осы қарарда Қазақстанның баста­масымен 2013-2022 жыл­дар «Мәдениеттерді жа­қын­дастырудың халық­ара­лық онжылдығы» болып жа­рия­ланған. Қазақ­стан бағ­дар­ламасы қазіргі және болашақ ұрпақ үшін әлем­дік бейбітшілікті нығайтуға бағыт­талып отыр. Әрі адами құндылықтарды сақ­тау мақсатымен жаңа мә­дени диалогтың негізін қа­лай­ды. Өткізіліп отырған іс-шара соның бір жарқын мысалы.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Prezident & Halyq» газетінің Бас редакторы,
жазушы-публицист
(Форумда жасалған
баяндама)

Жауап қалдыру