Халықты өнімді жұмысқа тарту –болашаққа сенім арту

0
24

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында Өнімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру барысы және мемлекеттік бағдарлама мәртебесінде оның өзектілендірілуі жобасы қаралды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің мәліметіне сәйкес, Өнімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017–2021 жылдарға арнал­ған бағдарламасының қолда­ныс­тағы тетіктерінің тиімділігін арттыру және жаңа шаралармен толықтыру мақсатында өзгерістер енгізу көзделген. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбек ресурстарының біліктілігін арт­тыру, жаппай кәсіпкерлікті да­мыту және өзін-өзі жұмыспен қам­тығандарды, жұмыссыздарды өнім­ді жұмысқа тарту.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқа­сы­мованың баяндауынша, 2018 жылы бағдарламаны іске асыруға 113 млрд-қа жуық теңге бөлінген, жылдың соңына дейін 571 мың азаматты жұмыспен қамту шара­ларына тарту жоспарланып отыр.
«Осы жылдың 10 айының қоры­тындысы бойынша 82,5 млрд теңге игерілген. Қазандағы жағдай бойынша қолданыстағы бағдар­ламаны іске асыру 563 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тар­туға мүмкіндік берді, бұл жылдық жоспардың 99% құрайды. Олардың ішінен 458 мың адам, оның ішінде 327 мың адам немесе 71% тұрақты жұмысқа орналастырылды», – деді министр М. Әбілқасымова.
Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бо­йынша жаппай оқытуды көздейді. Тегін техникалық және кәсіптік оқыту шеңберінде 1 қыркүйектен бас­тап 20 мың жас адам оқуға кірісті, бұл жылдық жоспардың 99% құ­райды. М. Әбілқасымованың мә­лімдеуінше, қазандағы жағдай бойынша бағдарламаға 40 мыңға жуық қатысушы қысқа мерзімді оқытуға жіберілді, бұл жылдық жоспардың 107%-ын құрайды. Жалпы республика бойынша қыс­қа мерзімді кәсіптік оқытуды аяқ­та­ған 18 мың адам жұмысқа орна­ластырылды.
Сонымен қатар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова бірінші бағыттың іске асырылуын ескере отырып, мемлекеттік бағдарлама жобасында оқуды аяқтаған адамдарды толық жұмысқа орналастыруды қам­тама­сыз етуге бағытталған жаңа те­тік­тер көзделгенін атап өтті.
Біріншіден, оқу орталықтары мен оқу орындарына талаптарды күшейту ұсынылады, атап айтқанда тиісті материалдық-техникалық ба­заның, білікті педагогтардың бо­луы, қосарлы білім беру эле­мент­терін пайдалану және оқуды бі­ті­ рушілердің кемінде 60% жұмысқа орналастыру.
Екіншіден, оқыту ұйымдарын са­палы құраммен қамтамасыз ету мақсатында «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары мен оқу орындарының реестрін қалыптастыруды қарас­тыруда.
Үшіншіден, еңбек нарығында сұ­ра­нысқа ие кәсіптер бойынша оқы­туды қамтамасыз ету мақса­тын­да қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылардың тізбесін кеңейту және бекіту көзделген.
Төртіншіден, отандық экономика салаларын цифрландыру және тех­нологиялық жаңғырту жағда­йында «Индустрия 4.0» үшін еңбек ресурстарын қайта даярлаудың жаңа тетігі ұсынылады. Ол үшін жұмыс берушілерге жұмыскерлерді, оның ішінде қысқартылатын жұмыскерлерді қайта даярлауға мүмкіндік беріледі, бірақ оқудың кемінде 50%-ын қаржыландыруы керек.
Бесіншіден, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін»)» жобасы бойынша жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды да­йындау бойынша мемлекеттік қолдау шаралары біріктірілді, тү­лек­тер оқыған өңірлеріне жұмыс іс­теуге жіберіледі.
Бағдарламаның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. ҚР ЕХӘҚМ деректеріне сәйкес, ауылдарда және қалаларда шағын несие беру аясында қазандағы жағдай бойынша 42 млрд теңге, оның ішінде ауылдарда – 31 млрд теңге және қалаларда 11 млрд теңге игерілді.
М. Әбілқасымова жыл басынан бері барлығы 9 801 шағын несие берілгенін немесе жылдық жоспар­дың 70%-ын, оның ішінде ауылдарда – 8 778 құрайтынын айтты. Берілген шағын несиелер стартап-жобалары бойынша – 6 717, зәкірлі кооперацияны дамыту бойынша – 620, өз ісін кеңейту бойынша – 2 464 құрайды. Шағын несие алғандар қосымша 9 117 жұмыс орнын ашты. «Бастау – Бизнес» жобасы бойынша осы жылдың 10 айында 24 мың адам немесе жылдық жоспардың 86%-ы оқытылды, оның ішінде 16 мың қатысушы бизнес-жобаларын қорғап шығы, олардың ішінен 5,1 мың адамға шағын несие берілді.
Министр М. Әбілқасымова ша­ғын несиелерді соңғы қарыз алу­шы­ларға жеткізуді тездету үшін мем­лекеттік бағдарлама жоба­сында бірқатар өзгерістер қарас­тырыл­ғанын айтты. Олар: ауылдық елді мекендерде зәкірлі кооперацияны дамыту үшін шағын несие мөлшері 5000-нан 8000 АЕК дейін ұлғайтылды, зәкірлі кооперация қатысушыларына, ауылдардағы және шағын қалалардағы жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге жұмыс орындарын құру бойынша қойы­латын талаптар жеңілдетілді, Бағ­дарламаға қатысушылар саны жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлермен толықты.
Бағдарламаның үшінші бағыты аясында қазандағы жағдай бойынша 128 мың адам немесе жоспардың 136%-ы субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды, оның ішінде 22 мың адам (125%) әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, 26 мың адам жастар практикасына (123%) және 80 мың адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді (107%). Электрондық еңбек биржасы арқылы 336 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орын­дарына орналастырылды.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағ­дарламада мемлекеттік бағдар­ламалар, инвестициялық және ша­ғын және орта бизнес жобалары шең­берінде жұмыс орындарын құруға мониторинг жүргізу бо­йынша мемлекеттік органдардың үйлестіру функциясын күшейту көз­деледі. Ол үшін жобалық бас­қару құралдары арқылы өңір­лер мен экономика салалары бойын­ша құрылатын жұмыс орындарының интеграцияланған картасы әзір­ленеді. Бұдан өзге, бағдар­ла­маның жекелеген бағыт­тары жаңа құралдармен және көрсет­кіш­термен толықтырылды.

Жауап қалдыру