Халық саулығы – басты назарда

0
63

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жыл­дарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жемісті жүзеге асырылуда. Биыл осы бағдарламаның соңғы жылы, соңғы сатысы жүргізілуде. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы Маңғыстау өңіріндегі медицина қызметінің дамуына үлкен ықпал етіп, жоспарлы жұмыстар мезгілінде еңсерілді.

Руслан БЕКТҰБАЕВ, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Қазақстан Республикасы Пре­­зидентінің жыл сайынғы Қа­­зақстан халқына арнаған Жолдауының және «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ерекше көңіл бөлінетін негізгі басымды бағыттары ана мен бала денсаулығын қорғау және әлеуметтік маңызы бар сыр­қаттар болып табылады. 2014 жылы республикалық бюджет есе­бінен Маңғыстау облыстық ауру­ханасының «Г» блогы және Жаңаөзен қаласында жүз орындық перзентхана үйі пай­­­далануға берілді, жергі­лік­­ті бюджет есебінен жеті дәрігерлік амбулатория мен 1 фельдшерлік-акушерлік пункт­тердің құрылысы басталды. Сол жылы жергілікті бюджет есебінен №1 Ақтау қалалық ем­ханасында, №2 Ақтау қа­лалық емханасының балалар бөлімшесінің ғимаратында, Жа­ңаөзен қалалық балалар емханасында, Облыстық тубер­кулезге қарсы диспансерде, Маң­­ғыстау облыстық ауру­ха­насының тамақ даярлау бло­гы және мәйітханасында, об­лыс­тық стоматолгиялық ор­та­лықта күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп, үш нысан­ның күрделі жөндеу жұмыс­тарының жобалық-сме­талық құжаттамалары дайын­дал­ды.
Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы республикалық бюджет есебінен 2 млрд, жергілікті бюджет есебінен 6 млрд теңге сомасына нығайтылды.
Республикалық бюджет тран­сферті есебінен Жаңаөзен қа­лалық балалар емханасына 31 млн теңгеге рентгенттік кешен, жедел жәрдем қызметі үшін 94 млн қаражатқа реанимобильдер және 38 млн теңге сомасына санитарлық автокөліктер сатып алынды.
Медициналық жедел жәрдем қызметінің жабдықталуы, оның ішінде санитарлық автокө­ліктерді сатып алу үшін жергілікті бюджет есебінен 19 млн теңге қаржы бөлінді. Сурдологиялық кабинеттерді ашу мақсатында 10 млн теңге №1 Ақтау қалалық емханасына және Жаңаөзен қалалық балалар емханасына 10 млн теңге бөлінді. Өткен жылы Басқарма өз қызметін мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторлары­на қол жеткізу, яғни халық ара­сындағы өлім-жітім мен мүге­дектік көрсеткіштерінің негізгі себептерінің алдын-алуға бағыттады.
Облыста медициналық-де­мографиялық және халық ден­сау­лығының негізгі көрсет­кіштері бойынша ахуал­дың тұ­рақты жақсаруы байқалуда. Ста­тистика департаментінің ресми мәліметтеріне сай, Маң­­ғыстау облысындағы ха­лықтың саны биыл алғашқы ай­дағы көрсеткіш бойынша 605 158 мың адамды құраған. 2014 жылдың қаңтарымен са­лыс­тырғанда халық санында аздаған өсім байқалады.
Ағымдағы жылдың 1-қаң­тарындағы облыстағы туу көр­сеткіші 1000 адамға шақ­қан­да 32-ге тең болды. Был­тыр­ғы жылдың осы ке­зеңімен са­лыстырғанда туу көр­сет­кіш­тері 3%-ға өскен.
Облыстағы жалпы өлім көр­сеткіші осы жылдың алғашқы айындағы деректер бойынша 1000 адамға шаққанда 5 адамға жуықтайды, ал жалпы өлім көрсеткіші 4%-ға азайған.
Халықтың табиғи өсуі аталған мерзім бойынша 1000 адамға шаққанда 27 көрсеткішіне тең. Халықтың жалпы табиғи өсімі үш пайызды құрап отыр.
Қатерлі аурулар мәселесінде жағдайдың жақсаруы бай­қа­луда. Қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын сыр­қат­тарға 100 мың адамның 1500-і шалдыққан. Қан айналымы жүйесі ауруларының соңғы бірнеше жылдардағы көр­­сеткіштерін талдау бұл сырқаттардың көрсеткіші 22%-ға азайғанын көрсетті. Қан айналымы жүйесінің аурулары санының азаюын халық құ­ры­лымының арасында жас мөл­шері жастау тұлғалардың ба­сым болуымен түсіндіруге болады.
Соңғы бірнеше жылда қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітім санының 47% азаюы байқалды, яғни, 100 мың адамға шаққанда 163-тен 86-ға дейін кеміген.
Қатерлі ісіктермен сырқат­та­нушылық саны 2014 жылда 100 мың адамға шаққанда 123-ті құраса, 2013 жылы 106-ға тең болған. Аталған екі жыл­дардағы көрсеткіштерді талдау бұл сырқаттардың 16%-ға өскенін көрсетті. Ауру са­нының өсуі қатерлі ісік ауруларын диагностикалау ди­намикасының жақсаруымен және скрининг тексерулер ар­қылы ерте анықтаумен түсін­діріледі. 100 мың адамның 60-қа жуығы қатерлі ісіктен көз жұмуда. Былтырғы жылмен салыстырғанда қатерлі ісіктермен сырқаттанушылықтан болатын өлім-жітім көрсеткіші 1%-ға азайған.
Облыстағы қатерлі ісікпен сырқаттанушылардың арасында бауыр қатерлі ісігі белең алған. Бұл ауру түрі қатерлі ісік сырқаттары ішіндегі ең агрессивті түрі болып табылады. Сонымен қатар бұл аурулар бойынша скринингтік тексерулер жүргізу Ұлттық скрининг аясында біздің облысымызда тек биылдан бастап енгізу көзделген. Онкологиялық сырқаттанушыларды электрон­дық тіркеуге алуды енгізу бас­талғаннан бері статис­тикалық есептіліктің шынайы­лығы жақ­сара түсті.
Денсаулық сақтау орталық­тарын материалдық-техникалық жабдықтаумен және мамандар қамтамасыз ету үшін онко­логиялық қызметті жақсарту мақсатында облыста он екі онко және үш маммологиялық кабинет жұмыс жасайды. Жеті онколог және үш маммолог білімін жетілдіру курстарынан өтті. Жаңаөзен қалалық емханасы автоматикалық жуу құрылғысы бар гастроскоппен жабдықталған. Облыстық онкологиялық диспансерге ав­то­­матикалық жуу құрылғысы бар гастроскоппен бронхоскоп, қуық асты безінің қабынуын емдеуге арналған көпнүктелі жабдық сатып алынды. Сонымен қатар ион сәулелерін шашатын құрылғыны алмасты­рушы «Терагам» гамма тера­пиялық жабдығы ауыс­тырылған. Туберкулез ауруымен күресудің жүйелі түрдегі ұйым­дастырылған шаралары қолға алынуда. Туберкулезбен күрестің кешенді жоспары негізінде 2014-2016 жылдарда Маңғыстау облысында жүргізілетін жұмыстардың іс-шара жоспары құрылды.
Туберкулезден болған өлім-жі­тім көрсеткіші есептілік кезеңде 100 мың адамға шақ­қанда 23%-ға азайды. Атап өту керек, 2013-2015 жылдар кезеңінде облыста жасөспірім­дер мен балалар арасында өлім-жітім болған жоқ.
Туберкулезден болған өлім-жітімді азайту мақсатында науқастарды күштеп емдеу ор­талықтарына мерзімінде жөнелту, дәріге төзімді туберкулез формасын ерте анықтау, резервті тиімді препараттарды тағайындау, ошақтағы алдын алу жұмысын күшейту шарасы жасалуда. Одан әрі науқастарға және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету жұ­мыс­тарын жандандыру жал­ға­сады.
Облыста санитарлық-эпи­де­мио­логиялық жағдай: қызыл­ша ауруы республикалық көр­сеткіштен үш жарым есе артып отыр, биылғы тоғыз ай қоры­тындысы бойынша 292 науқас тіркелді, соның ішінде он төрт жасқа дейінгі бала саны – 63, қалғандары 15 жастан жоғары.
Жол-көлік оқиғаларында зар­дап шеккен адамдарға ме­ди­циналық көмек көрсету мақ­сатында 2014 жылдың соңында Ақтау – Жаңаөзен, Мұнай­шы – Шетпе тас жолда­рының айырығында медици­налық-құтқару пункттері құрылды. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде үш жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Олар Ақтау қаласында, Маңғыстау және Бейнеу аудандарында ор­налас­тырылды. Жылжымалы медициналық кешен мамандарымен облыстың селолық жерлерінде жүз көшпелі қызмет бар. Профильді мамандармен кеңес беру, зертханалық, құралдық, салалық тексерулер жасалды. Осылайша село тұрғындарына кеңестік-диагностикалық көмек қолжетімді болды. Сонымен қатар, шалғай аудандардағы сыр­қаттарды жедел түрде облыс орталығына жеткізу үшін Ақтау қала­сында тікұшақ жұмысы ұйым­дастырылған.
Дәрі-дәрмекпен қамтуға рес­пуб­ликалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қара­жат­тың мөлшері 2013 жылмен са­лыстырғанда 30%-ға өсті. Бұл амбулаториялық деңгейде әртүрлі сырқатпен диспансерлік есепте тұрған елу мыңға жуық науқасты толық мөлшерде дәрі-дәрмекпен қамтуға мүмкіндік берді. Бұдан өзге 2014 жылы облыстық мәслихат депутаттары кейбір науқастар санатын қымбат дәрі-дәрмекпен қамту туралы шешім қабылдады.
Кең көлемді күйіктерден кейінгі қабынудың алдын алу мақ­сатында облыстық ауру­ханаға екі күйікке қарсы кереует және облыстық балалар ауру­ханасына көптен күтілген жылжымалы компьютерлік томограф сатып алынды. Ол балаларды емдеудің дұрыс бағытын анықтауға көмек етеді. Бұдан өзге аурухана заманауи газбен қамту жүйесімен жабдықталған, палаталарға оттегі көгілдір артериялар бойынша түседі, ал қауіпті болып саналатын оттегі баллондары қауіпсіз орынға шығарылған.
Облыстық перинаталдық орта­лық пен Жаңаөзендегі пер­зентханаға флюорографтар орнатылды, олардың көмегімен босанатын әйелдерге дер кезінде флюротексеру жасалады. Онкологиялық диспансерде жөндеу жұмыстарынан кейін Тера­гам сәуле терапиясының жабдығы іске қосылды, ол науқастар үшін өзге өңірден ем іздемей, Ақтаудан ем қабылдау мүмкіндігін туғызды.
Биыл санитарлық автокөліктің он төрт бірлігі сатып алынды, оның алтысы реанимобильдер, аудандарға бөлінді, ал Жаңаөзен мен Мұнайлы ауданындағы жедел медициналық жәрдем қызметі навигация жүйесімен қамтылды. Ол өз кезегінде жа­қын маңдағы жедел жәрдем көлі­гін пайдаланып, сырқат адам­ға тез көмек көрсету мүм­кіндігін береді.
Бүгінде медициналық мекемелердегі білікті мамандарға деген сұраныс 170 дәрігерді құрап отыр. Әсіресе, анестезиолог-реаниматологтар, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, педиатрлар, неонатологтар жетіспеу­шілігі басым.
Жас мамандарды облысқа тарту тұрақты түрде жүргізіліп отырған істердің бірі. Бұл ретте үлкен көмек ретінде ҚР денсаулық сақтау министрлігі мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті және Маңғыстау облысы әкімі арасында қол қойылған жас түлектерді жұмысқа орналастыру, тарту бойынша Меморандум үлкен көмек болып отыр. Сонымен қатар көп­­теген кәсіпорындардың ша­­руа­шылық құқығындағы басқару түріне ауыстырылуы олардың өз қаражаттары есебінен жас мамандарға көтермелеу қаржысын төлеу, 2014 жылы он үш жас дәрігерге пәтер ақысын төлеу мүмкіндігін берді.
Жыл сайын медициналық ұйым басшылары Республи­ка­ның бес ЖОО-дағы бос орындар жәрмеңкесіне қатысады. Қаңтардың аяғында бос орындар жәрмеңкесінің өткізілуін күтпей, Батыс Қазақстан ме­дициналық университетінің соңғы курсының студенттерімен әңгімелесу өткізу тапсырылған.
Облыстық әкімшілікпен бюджеттік ұйымдар қызметкерлері үшін салынатын 500 орындық жатақханадан 100-150 медицина қызметкеріне жалдамалы тұрғын үйдің бөлінуі туралы мәселе қарастырылуда. Со­нымен, облыстың кардио­хирургиялық қызметін күшейту мақсатымен сегіз білікті кардиохирург, анестезиолог-реаниматолог, онколог мамандар шақыртылды. Жыл сайын Батыс Қазақстан медициналық университетінің оқу бітіруші жас түлектері облыс денсаулық сақтау мекемелерінің базасында тәжірибеден өтеді. 2013 жылы – елу, 2014 жылы – елу бес интерндәрігерлер клиникалық тәжірибеден өтті.

Жауап қалдыру