Халал ас – денсаулық кепілі

0
141

«Халал» деген жазуы бар түрлі өнімдер бүгінде дүкен сөрелерінде сіресіп тұр. Әсіресе, ет, шұжықтардың сыртқы қап­тамаларында. Иә, мол табыс табуды ғана көздеген кейбір кәсіпкерлер ет, нан өнімдерінің сыртына «халал» деп жазып, нарықтық сатылымға шығарып жатқаны жасырын емес.
Ас – адамның арқауы. Адал тағам – денсаулық кепілі. Сондықтан әлемнің көпте­ген мемлекеттері, соның ішінде біздің еліміз де адам денсау­лы­ғына пайдалы әрі қауіп­сіз халал тағамға тиісінше мән бере бастады. Тіпті дамы­ған мемлекеттер тек халал азық-түлік саласына ғана емес, жеңіл өнеркәсіп, парфюмерия мен фармакология және басқа да салалардың ха­лал­дығына айрықша ден қоюда.
Осыдан екі жылдай бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан осы ба­­ғытта жұмыс істейтін халал өнімдерін стандарттау бөлімі құрылған болатын. Енді биылғы ақпанда аталмыш басқарманың құрылтайшылығымен халал стандарттарын енгізумен және өнімді сертификаттаумен айналысатын «Халал даму» ЖШС ашылды.
Осы уақыт аралағында «Халал даму» ЖШС-нің арнайы сертификатына еліміз бойынша 50-ге жуық кәсіпорын иеленіпті. Оның екеуі күні кеше ғана облыс орталығында орналасқан екі мейрамханаға табысталды. Бұл жөнінде Алматы облы­сы­ның өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ жанынан ашылған «Халал даму» ЖШС-нің директоры Бейбіт Мырзагелдиев айтып берді.
– Бүгінгі таңда бізде өнім­дерге гендік сараптама жасайтын озық үлгідегі аппараттар да бар. Сондықтан кез келген кәсі­порын өнімдерінің халал стан­дартының талаптарына қаншалықты жауап бере ала­тындығын тиісті деңгейде анық­тай аламыз. Біз еліміздегі халал индустриясының дамуын, ел азаматтарының мейлінше жақсы өмір сүруін қам­тамасыз етуді мақсат етеміз. Дұрыс бауыздалмаған малдың еті де денсаулыққа зиян. Ал азық ретінде пайдаланатын жануарлар­ды элекр тогымен өлтіру еттің сапасына нұқсан келтіреді. Мұндай әдіспен малды жансыздандырғанда мал денесінен қанның біркелкі ағып кетуіне кедергі болады және қан ағзадан толық шықпай қалады. Осының нәтижесінде әсіресе ісік ауруларын тудыратын концероген сақталып қалады, бұл адамның денсаулығына өте қатерлі. Сондықтан біз респуб­лика көлемінде қасапшыларды оқытуды қолға алып жатырмыз. Қойылған талаптардан сүрінбей өткен қасапшыларға арнайы мөр басылған құжат беріледі, – деді Б.Мырзагелдиев.
Халал астың денсаулық кепілі екені рас. Олай болса, өнімнің стандартқа сәйкес болуын жіті бақылайтын кәсіпорынның ісі оң болғай.
Алматы облыстық ішкі
саясат басқармасы

Жауап қалдыру