Қуаныштың көз жасы

0
63

Таяуда «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында елімізге танымал тұғырлы әулеттің өкілі, кәсіпкер Болат Назарбаев Алматы облысы Қарасай ауданының Шамалған ауылында  өз қаражатына 17 үй тұрғызып, ауылдастарына тамаша тарту жасады!
Биылғы жылдың көктемінде басталған құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілгені бірден байқалады. Бір ғана жазда бой көтеріп, сәнді сап түзеген ақшаңқан үйлер ішінің еуропалық үлгіде әрленуімен ғана емес, сыртының көркемдігімен, аула іші­нің көгалдандырылуымен, жү­­ре­­тін жолдарға тас  төселіп, талғамға сай қоршалуымен де ерек­шеленіп тұр. Электр жарығы мен көгілдір отыны жет­кізіл­ген, ауызсу мен кәріз жүйесі жаса­лын­ған құтты қоныс көңілің­ді шуаққа бөлейді.
Деректерге сүйенсек, бұл жо­бадағы үйлерді салуға – 124 млн 465 мың теңге, газ құбырларын тартуға – 10 млн 500 мың теңге,  электр жарығын жеткізуге – 2 млн. 900 мың теңге, сыйымдылығы 50 текше метр су мұнарасын тұрғызуға – 15 млн 345 мың, ал су  құбырларын жүргізуге 7 млн теңге жұмсалған көрінеді.  Жалпы аумағы 120 шаршы метр болатын тұрғын үйлердің ас бөлмесі жиһаздармен қамтамасыз етілген. Бір сөзбен айтқанда, қоныс тойын тойла да, өмір сүре бер!
Өткен сенбі күні осы үйлердің кілтін табыс етуге арналған салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов арнайы келіп қатысып, қуанышқа жиналған қауымға ақжарма тілегін жеткізді.
– Елімізде  «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар жасалынуда. Тек биыл ғана Алматы облысында 35 мектеп салынып, оның 22-і пайдалануға берілді. Бұл білім шаңырақтарының  8-і – Қарасай ауданында, 5-еуі – Жамбыл ауданында бой көтерді. Қалғаны жылдың соңына дейін өз есігін ашпақшы. Ақпарат құралдарынан алып Ресей Федерациясында 76 мектеп салынғаны туралы мәлімет естігенім бар. Енді салыстыра беріңіздер, – деген-ді.
Одан әрі облыс әкімі «Туған жерге туыңды тік» деген бағ­дарламасына тоқталды.
– Облыста осы бағытта 90 жоба қолға алынған. Елге белгілі, тұлғалы азаматтармен пікірлесіп, жасалынатын жұмыстың бағдарын анықтап алдық. Менің бағзыдан білетін досым, үлкен әулеттен шыққан азамат, үлкен меценат Болат Әбішұлы өзі бастама көтеріп,  жер алып, 20 үй салуда. Оның 17-нің құрылысы аяқталып,  тағдыр тауқыметін тартып жүрген отбасыларына тегін берілмекші. Бұндай шаруаға бару үшін алдымен кең жүрек пен жан жылуы қажет-ау. Отанын, елін сүйген, халқының тағдырына бейжай қарамайтын азамат қана осындай ізгі іске  бара алады. Мұндай істер ешқашан ұмытылмайды. Өздеріңіз Қызылағашта болған табиғи апатты ұмыта қоймаған шығарсыздар. Қаншама адам қайғы құшып, баспанасыз қалған кезде  Болат Әбішұлы өзі келіп,  қиын жағдайға душар болған жандарға өз қаражатына  20 үй салып берген болатын. Онымен қоса сол үйлерге жиһаз қойып,  мал-мүлкіне дейін көмектескеніне өзім куәмін.
Сондықтан, баршаларыңыздың аттарыңыздан Болат Әбішұлына алғыс айтқым келеді. Отбасында әрқашан жақсылық пен қуаныш, өз басы аман болуын тілеймін! Жасаған жақсылықтарыңыз құ­­дай­­дан қайтсын! Елімізде ты­ныштық, аспанымыз ашық болсын! –деп аяқтады сөзін Амандық Баталов.
Осыдан кейін  Болат Әбішұлы салтанатты жағдайда тұрмысы төмен отбасылары мен мүгедек жандарға жаңа үйлердің кілтін табыс етті.
– Мен екі жанарымнан да ай­рылған бірінші топтағы мүге­декпін, – дейді бірінші болып жаңа қоныстың кілтін алған Шыңғыс Мұстафаев. – Ішкі тол­қынысымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Жұма күні Болат Назарбаев сізге үй сыйлайды деп хабарлағанда мүлдем сене алмадым. Мұндай болуы мүмкін деп ойламаппын. Несіне жасырайын, осыған дейін отбасыммен пәтер жалдап тұратынмын. Енді міне, өзімнің жеке үйім бар. Мен үшін түстей болған арманды ақиқатқа айналдырған Болат Әбішұлына айтар алғысым шексіз.  Өзге азаматтар Болат ағайымнан үлгі алып, қолұшын созар болса, біз сияқты баспанаға мұқтаж адамдардың қатары әлдеқайда азаяр еді.
Шыңғыстың жанында тұрған жары екі баласын қолынан ұстаған күйі көз жасына ерік беріпті. Қуанышқа келген жұрт­шылық  бұның қуаныштың көз жасы екенін қапысыз ұғып, ізгі тілектерін жеткізіп жатыр.
Міне,   жуырда ғана  «Қазақ­стан» теле­арнасында Бейсен Құ­ран­­­бек­тің «Айтуға оңай»  бағ­­дар­ламасына қатысып, өз жағдайын баяндаған  алты ба­ла­­­ның анасы Ділбарам Құт­тыбай да шаттығын жасыра алмай, көпшілікпен бөлі­суде: «Мен әлі Шым­кенттемін, – дейді ол. – Баспананың тау­қы­метін тар­тып жүргеніме талай жыл болып еді. Енді Болат Әбіш­ұлының арқасында балаларым өз үйлерінде өсетін болды. Ризалығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Алғысым шексіз!»
Аудан өнерпаздары да қуа­нышқа өз сыйлықтарын арнап келген екен. Олар күздің шуаққа сараң осы бір күнін әсем әнмен әспеттеп, көңіл қошын келтіріп жіберген. Сахна төріне шыққан танымал айтыс ақыны Мұхаметжан Тазабеков  жиналған жүртшылықты қуаныштарымен құттықтаса, ауданның құрметті ақсақалы Мырзабек Шымшықов ақ батасын арнады.
Осыдан кейін Амандық Ғаб­басұлы мен Болат Әбішұлы бастаған қауым жаңа үйлерге бас сұғып, құрылыс жұмысының сапасымен танысты. «Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» – дегендей, әдемі етіп әрленіп,  барлық инженерлік коммуникациялары жасалынған құтты шаңырақ тіршілік етуге дайын екенін аңғартады. Амандық Ғаббасұлы өз кезегінде  облыс әкімдігі атынан қоныс иелеріне теледидар сыйлап, қуаныштарын еселей түскен.  Салтанатты шараға жинал­ған жұртшылық болса: «Осындай  атқарған игі шара өзге­лерге де жұғысты болғай!» –  деген тілекпен тарасып жатты…

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,

журналист

Суретті түсірген
Ж. МҰСАБЕКОВ.

Қарасай ауданы.

Жауап қалдыру