Теңіз кенішінде не болды?

0
149

Өткен сенбі күні Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз мұнай кенішінде орын алған жанжал бүкіл елдің назарын аударды. Әлеуметтік желіде желдей ескен түрлі видео­лар мен қауесеттер оқиға­ның себептерін жан-жаққа тартып кетті. Біреулер «қыз намы­сы» үшін десе, кейбірі «жұмыс­шы­лардың тұрмыстық наразы­лы­ғы» деп жатты.
Маусымның 29-ы күні Теңіз кенішінде болған жанжалдан ресми дерек бойынша 40-қа жуық адам зардап шеккен. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда жилет пен каска киген бір топ жұмысшы басқа жұмыс­шыларды тепкілеп, соққыға жыққан. Теңіз кенішін­де жұмыс істеп жатқан «Теңіз­шевройл» компаниясы (ТШО) жанжалды «жеке адамдар ара­сындағы төбелес» деп атаса, Атырау облысы әкімдігі оқиғаны «тұрмыстық жанжал» деді.
Ал көпшілік WhatsApp мессенджерінде тараған сурет түрткі болғанын айтқан. Суретте компанияда жұмыс істейтін Либия азаматы қолына рация ұстап, оның ұшын жанында тұрған жергілікті жұмысшы қызға бағыттап тұрған. Жергі­лікті жұмысшылар «сурет – қыз­дың ар-намысын таптау» деп есептеген.
Кейін Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев «Теңізшевройл» компаниясы жетекшілерімен өткен жиналыста «жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жасалған жағдай әртүрлі бол­ғандықтан жанжал шыққан. Бұл мәселені ТШО басшылығы жүйелі түрде шешуі тиіс» деген. Әкімнің сөзін Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.
Наразылыққа шыққан жұ­мыс­­шылармен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәп­кенов кездескен. Кездесу кезінде «тұрмыстық жанжалды ушықтыруға болмай­тыны», «кеніштегі еңбекті ұйымдастыру мәселе­лері» тал­қыланған. Оқиғаға байла­нысты ведомст­воаралық комис­сия құрылып, оған «Теңізшев­ройл» мен оған қарайтын мер­­дігер мекеме Сonsolidated Contracting Engineering and Procu­rement S.A.L Offshore (CCEP) өкілдері кіретіні айтыл­ған.
Әкімдіктің хабарлауынша, бүгінде жағдай тұрақтанған. Билік бұған дейін әлеуметтік желіде тараған «оқиғадан бір адам қаза тапты» деген ақ­парат­ты жоққа шығарды.

Жауап қалдыру