Талап – тұлға тәрбиесі

0
43

Мемлекет басшысының халыққа биылғы Жолдауында да білім беру саласына жете назар аударып отырғанына тәнті болдым. Расында да, келешек кілті білімді ұрпақ қолында. Елбасы тәуелсіздігіміздің бастапқы баспалдақтарында-ақ осы мәселені ерекше көтеріп, арнайы жолдамамен жастарды шетелдерде оқытқан-ды. Қазір түлектердің алды өндіріс тұтқасын ұстай бастады. Игіліктің нәтижесі – осы.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағда­йын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы ұсынған 10 міндеттің жетіншісі «Адами ка­питал – жаңғыру негізі» деп аталып, білім берудің жаңа сапасына қалай жетуді нақ­тылап берді.
Елбасы: «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», деп білім беру саласындағы дара даму, ерекше оқыту сапасы, білім бәсекелестігін арттыру жолындағы өзгерістер мен жаңартылған мазмұны туралы нақты қадамдарды анық жеткізген. Елбасы мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту да «Рухани жаңғырудың» маңызды екенін: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», деген сөзі арқылы білдірді. Елбасы мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажеттігін айтып, білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырды.
Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауларын жүзеге асыруда біздің оқу орнымыз да өзіндік үлес қосып келеді. Облысымызға аса қажет маман кадрлар дайындайтын агротехникалық колледжде 1500 астам студент білім алуда. Оқытудың ҚТ СТ ISO 9001-2016 «Сапа менеджменті жүйелері. Талаптар» жүйесі оқу-тәрбие процесіне толықтай енгізілді. Колледждер арасында республикада алғашқылардың бірі болып институттық аккредитация куәлігіне ие болуымыз халық­аралық дәрежедегі кәсіби білікті мамандар дайындауға мүмкіндік беріп отыр.
«Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаты – білім сапасын көтеру. Осы орайда, колледж әкімшілігі облысымыздың 70-тен астам өндіріс мекемелері және шетел компанияларымен тығыз байланыста болуының нәтижесінде оқу-өндірістік, технологиялық, дипломалды тәжірибелерін базалық мекемеде өткізген студент жастардың өндірістік тәжірибе жинақтауына және оқуын бітіргесін мекемелерде мамандығына сәйкес жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасап отыр. Бұл жұмыс кәсіби білікті маман дайындап қана қоймай, сонымен бірге білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Осындай бағыттағы жұмыстарды халықаралық дәрежеде де іске асыруды бастадық. Ресей Федерациясының Астрахань қаласында орналасқан Теңіз және өзен көлігі Каспий институты базасында біздің «Кеме жүргізуші» мамандығының студенттері тәжірибеден өтіп, халықаралық сертификатқа ие болады. Бұл осы мамандық түлектерінің толық мамандығына сай Қашаған кеніші сынды басқа да өндіріс орындарына жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге кадрлар дайындаудың дуалды жүйесін оқу-тәрбие процесіне енгізу бағытында біршама игі шара атқарылуда.
«Жұмыспен қамту-2020», «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламалары жос­пар­лы түрде жүзеге асып келеді. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес, «2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдар­лама­сы» аясында оқу-тәрбие жүйесінде электронды оқыту жүйесінің қанатқақты жобасы іске қосылды.
Техникалық жағынан толықтай қамтамасыз етілді. Колледж базасы мемлекеттік бюджет есебінен электронды подиум, 30 моноблок, 20 компьютер, 17 ноутбук, 3 интерактивті проектормен толықтырылды. Сонымен бірге колледж есебінен оқу кабинеттеріне арнал­ған 12 интерактивті тақта алынды. Колледжіміз бойынша барлық моноблок пен ноутбуктер сымсыз интернет желісіне (WiFi) қосылды.
Электронды оқыту жүйесі платформасы оқу процесін басқаруға, яғни кадрлармен білім алушылар контингентімен жұмыс, оқу, іс қағаздарды жүргізу сияқты үдерістерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Арнайы электронды портал жасақталып, порталға кез келген адам кіріп, мәліметпен таныса алады, сонымен бірге колледж студенттері мен ата-аналарының өздеріне берілген жеке логиндері арқылы оқу барысын қадағалап отыруына мүмкіндік жасалған. Әлемдік деңгейдегі саяси оқиғаларды, заман талабына сай болып жатқан рухани-әлеуметтік өзгерістерді ескере отырып, Отанын сүйетін, өз тілі мен әдет-ғұрпын сыйлайтын, әртүрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрін құрметтейтін білікті, мәдениетті жастарды тәрбиелеу жұмысы осындай оқу орындары қабырғасында жүзеге асырылатындығын баса айтқым келеді. Бүгінгінің талабы тек білікті маман дайындау емес, адамгершілігі мол, адами қасиеттері танылған тұлға тәрбиелеу.

Ислам ЖАНҰЗАҚОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор.
Атырау қаласы.

Жауап қалдыру