Талап арызды берудің тәртібі

0
35

Қазақстандағы сот билігі мемлекет пен халықтың үйлесімді қарым-қатынас орнатуы мен республика азаматтарының конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін барлық жағдайларды қамтиды. Кез келген азамат өз бетінше сот органдарына құқықтары мен мүдделерінің қор­ғалуын талап етіп, арыздана алады.
Сот алдындағы қорқыныш көптеген адамдарды өз құқығы тапталып жатса да, күрессіз беріле салуға мәжбүрлейді. Шын мәнінде, қарапайым адам­дар­дың өз құқықтарын қор­ғап, бір қарағанда қиын болып көрінетін сот істерінде билік органдарын, кейде ірі компа­ния­ларды сотта жеңіп алған жағдайлар жиі кездеседі. Сон­дықтан соттың қатысуын талап ететін жағдайларға тап болған кезде адамдарға өз күштерін сынау өте қажет.
Сот ісінің алғашқы кезеңі жүгінгелі отырған сот түрін таңдап, арыз түсірумен бас­талады. Арыз ҚР Азаматтық процестік кодекстің 31, 32, 35 және 150, 151-баптарына сәйкес жазбаша немесе электронды үкімет порталы арқылы элект­ронды құжат түрінде берілуі тиіс. Талап арызда дауды ше­шуде маңызы бар деректер көр­сетіліп, талап қоюшының өтініші баяндалуы керек. Арыз талап қоюшымен немесе оның жазылуына өкілеттілігі бар тұлғамен жазылады. Арызды электронды құжат түрінде бер­ген жағдайда, құжат арыз­дану­шының электронды сан­дық қол­таңбасымен куәлан­ды­ры­лады.
Талап арыздардың үлгі­лері­мен сіз ҚР Жоғарғы соты­ның www.supcourt.kz/ («Сот жүйесі» бөлімі, әрі қарай – «Сайтты ашушыларға арналған мәлі­меттер», әрі қарай – «Қа­был­данған сот актілеріне шағымдар беру тәртібі») ресми сайтында таныса аласыз.
Сотқа талап арыз түсіру ке­зінде мемлекеттік алым тө­леуіңіз керек. Мүліктік сипат­тағы талап арыздан мемлекеттік алым мынадай көлемде алы­нады:
жеке тұлғалар үшін – талап сомасынан 1%; заңды тұл­ғалар үшін – талап сома­сынан 3%; мемлекеттік орган­дардың және олардың лауа­зымды тұл­ғаларының жеке тұл­ғалар­дың құқықтарын шек­теумен байланысты заңсыз әрекеттеріне түскен арыздан – 30%; некені бұзу туралы талап арыздардан – 30%; тұрғын жайларды жалдау шар­тын өзгерту немесе бұзу, мұрагерлікті қабылдау мерзімін ұзарту, мүлікті қамаудан босату туралы талап арыздардан және басқа да мүліктік емес сипат­тағы немесе бағалауға жат­пайтын талап арыздан – 50%;
Талап арыз түскен күннен бастап бес жұмыс күнінің ішінде судья істі сот өндірісіне қабылдау, не қабылдамау жөнінде жауап беруге міндетті. Арыз­данушы судья талап арызды қабылдаудан бас тартқан жағдайда, оның үсті­нен жеке шағым түсіруге құқылы. Сон­дай-ақ арыз қа­нағат­тан­ды­рылмаса, арыз­да­ну­шы тө­ле­ген мемлекеттік жар­на қай­тарылады.
Айжан Устенова,
Іле аудандық сотының судьясы

Жауап қалдыру