Табысы төмен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлінеді

0
29

Алматы облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталовтың жетекшілігімен «Nur Otan» партияның облыстық актив отырысы өтті, – деп жазады zhetysu.gov.kz.
Облыс басшысы партия­ның 20 жыл ішінде беделді ұйымға айналғанын айта келе, онда партияның әр мүше­сінің елеулі үлесі бар екенін атап өтті. Жуырда өткен партия съезінде қа­рал­ған мәселелерге тоқта­лып, ұйымның 20 жылда атқа­рылған жұмыстары сара­лан­ғанын, партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: 10 жылдыққа 10 мақ­сат» атты бағдарламасы қабыл­данғанын, партия жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті.
Актив алдында баяндама жасаған Амандық Баталов партияның бастамашыл жобалары аясында жыл бойы жүргізілген жұмыстарға сараптама жасап, ортақ жұмыс­тың жоспарымен таныстырды.

– Бүгінгі күні облыста 4 және одан да көп балалы 40 мың отбасы бар. Бұл жанұялардың табыс деңгейі әрқилы. Сондықтан біз бірінші кезекте табысы төмен көп балалы отбасыларына көңіл бөлетін боламыз. Аз қамтылған отбасыларды, соның ішінде көп балалы отбасыларды неғұрлым кең қамту үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерилері төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызына дейін, яғни 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін арттырылады. Мұндай отбасылардың кіріс жиынтығын есептегенде көп балалы отбасыларға, көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, балалардың мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақылар, стипендиялар есепке алынбайды. Соның негізінде біздің облыста атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 11 мың отбасынан (59 мың адам) 17 мың отбасына (87,4 мың адам) артатын болады. Сол сияқты мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы көлемі де 30 пайызға ұлғаяды, оны облыста 8 108 отбасы алады, – деді өз сөзінде Амандық Баталов.
Сонымен қатар көп балалы және аз қамтылған отбасыларына арналған әлеуметтік қолдау шараларына облыстан 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Оған көп балалы отбасыларына арнап салынатын екі көп қабатты үйдің жобалық-сметалық құ­жат­тарын дайындау, құ­рылысын бастау, коттеджді қалашықтан үй бөлу, 7-20-25 бағдарламасы бойынша 1 млн теңдеген тұрғын үй сертификаттарын бөлу, ЖОО-ға қосымша 100 грант бөлу, осы санаттардағы отбасы балаларын мектепте тегін ыстық тамақпен қамту және басқа да шаралар атқарылатынын егжей-тегжейлі баяндап берді.
Елбасының съезде берген нақты тапсырмаларын облыста сапалы іске асыруды орынбасарларына, жауапты басқарма басшыларына, әр аудан, қала әкімдеріне тапсырып, партиялық жобалардың ойдағыдай жүзеге асырылуына бағытталған міндеттер жүктеді.
Жарыссөзге шыққан Ра­йым­бек аудандық партия фи­лиа­лының төрағасы, аудан әкімі Жолан Омаров жаңадан құрылған аудандағы пар­тиялықтар атқарған жұ­мыс­тарға қысқаша тоқта­лып өтті.
– Жыл басынан аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға 400 тонна көмір, 2 млн теңгеге азық түлік, киім-кешек, сонымен қатар қаржылай көмек көрсетілді. «Мектеп спорт алаңдары» жобасы аясында Шәлкөде, Талас, Қайнар ауылдарында жастар өздері бастама көтеріп, оқушыларға арналған күрес залдарын, шағын спорт кешендерін салды. Өткен жылы 20 коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 83 тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр, – деп атап көрсетті.
Актив отырысында «Айналайын» балалар үйі ди­рек­­торының тәрбие ісі жөнін­дегі орынбасары, көп­балалы ана Мөлдір Жанай­бекова партияның әлеу­меттік мәселелерге ден қойып, ерекше күтімді қажет ететін балалары бар аналарға мүм­кіндіктер қарас­ты­рылға­нына қуан­ғанын жеткізді.
– Көпбалалы отбасы­ларына осы уақытқа дейін мем­лекет тарапынан бе­рілген жеңілдіктер мен қам­қорлықтар біздің жанұя­мызға да көрсетілді. Міне биыл екінші жыл, бір баламыз Назарбаев Зияткерлік мектебінде, екінші баламыз физика-математика бағытындағы «Дарын» мектебінде оқып жүр. Съезде көпбалалы ана­лар мәселесі қаралып, әр балаға ай сайынғы жәр­демақы мөлшері артқаны қатты қуантты, – деді өз сөзінде М. Жанайбекова.
Кәсіпкерлердің партиялық­тармен бірлесе атқарып жат­қан жүйелі жұмысын «Алматинские краски» ЖШС директоры, «Nur Otan» партиясының XVIII съезінің делегаты Римма Салықова жеткізсе, жастар атынан сөз алған Алмас Батырхан партия қатарына жаңадан қосылған жас толқынның атынан 20 жылдық мерей­тойға жылы лебізін білдіріп, Жастар жылында жас пат­риоттардың алдына қойған негізгі бағдарларымен таныстырды.
Актив қорытындысында облыстық филиал төрағасы, облыс басшысы Амандық Баталов аудан, қала әкімдері мен облыстық басқарма басшылары, депутаттар мен сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеп, іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және партияның жаңа бағ­дар­ламасы бойынша жұмыс­ты жүйелі жүргізуді, іс-шара­лардың мазмұны мен қажеттіліктерін қайта бір қарап шығуды тапсырды.

Кәусар ИМАНЖАН

Жауап қалдыру