Табиғи газға қосылу белсенді жүруде

0
44

Алматы облысының орта­­лығы Талдықорғанға та­биғы газ келісімен, оның игілігін көруге асығушылар күн санап артуда. Қала тұрғындарының көгілдір отынды үйлеріне тарту белсенділігі күн санап жоғарылуы, оның қол жетімділігімен де түсіндірілуде.
Табиғи газға қосылуға қатысты пікірімен қаланың Панфилов көшесінде тұратын Николай Биллер есімді азаматы бөлісті. Қазіргі уақытта оның жер үйінің ауласында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүр­гі­зіліп жатыр. Жанұя отағасының айтуынша, оның отбасы алғашқылардың бірі болып, табиғи газға қосылу туралы ше­шім қабылдаған.
– Менің отбасым қалаға табиғи газдың келгендігі туралы хабарды естігенде өте қатты қуанды. Қазір менің көр­шілерім де газ жүйесіне қосылуда. Газ біздер үшін бір жағынан ыңғайлы болса, екінші жағынан өте тиімді. Менің есептеуім бойынша үйіме дейін тартылатын газ құбырының ұзындығы 20 метрден асып кетуіне байланысты барлық жұмыстарға 125 мың теңге ғана жұмсайды екенмін. Жылыту қазандығына қатысты айтар болсам, тұрғын үйім жайлы, жылы әрі тұруға қауіпсіз болуы үшін, басымдықты бірінші кезекте жылыту жүйесінің сапасына аударамын. Ал бөліп төлеу мүмкіндігінің бары мен үшін өте ыңғайлы болды, – деп атап өтті Николай.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы дирек­торының орынбасары Бауыржан Дүйсенов хабарлағанындай, Талдықорған қаласын газдандыру 4 кезеңге және 22 газ беру кешеніне бөлінген. 1-кезеңнің өзі 6 газ беру кешеніне бөлінеді. Бүгінгі күні бюджет қаражаты есебінен жоғары, орта және төмен қысымды 88 шақырым газ құ­быры жүйесі жүргізілген және 2 мыңға жуық жер үй мен 2 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үйдің пәтеріне газ құбыры тартылған. Осылайша, газ жү­йесімен қамтылған абоненттер ағымдағы жылдың өзінде-ақ табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі уақытта күніне 5-6 абонент табиғи газға қосылу туралы өтінішімен жүгінуде.
Б.Дүйсебековтің сөзіне сү­йе­нер болсақ, 1 текше метр табиғи газдың құны 33,6 теңгені құрайды. Мәселен, үйдің ішкі ауданы 100 шаршы метрді құрайды деп есептесек, жылыту маусымы кезінде тұрғын үйді табиғи газбен жылыту үшін орташа есеппен 70-80 мың теңге жұмсалады. Ал қосылуға қатысты есебін шығаратын бол­сақ, барлық құрылыс-мон­таждау жұмыстарымен қоса газ құбырының ұзындығы 20 метр болған жағдайда, әр абонент үшін 98 мың теңгені құрайтын болады. Бұл соманың ішіне жылыту қазандығы кірмейді. Қазандықтың құны 70 мың теңгеден басталады да, оның бағасы өндіруші фирмаға, үйдің ауданына және қосымша мүмкіндіктеріне байланыс­ты әртүрлі болады. Қала тұрғындары газ жүйе­сіне қосылумен қатар жылыту қазандығын қоса сатып алған жағдайда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы 3 айдан 6 айға дейінгі пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынады.

Кәусар ИМАНЖАН

Жауап қалдыру