Тәуелсіздік идеясының алтын қазығы

0
132

Аспантаудың таусылмайтын қырқаларындай жылдар легі жөңкіле көкжиекке сіңіп барады. Қазақ Елі міне, өз тәуелсіздігінің 26-шы жылын артқа тастағалы тұр. Бұл жылдарда Қазақстан экономикалық қысталаң шақтарды да, өрлеудің өсекелең кездерін де бастан өткерді. Елімізді кемел келешекке бастап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты тыныштық пен тұрақтылыққа, ұлтаралық татулыққа, экономикалық дамуға қызмет етіп келеді.
Алдымен барша ағайынды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтағым келеді. Тәуелсіздік күні мерекесі өткенімізге көз тастап, келешекке тың міндеттер белгілеуімен қымбат. Мемлекет басшысының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұғырнамасы осы бағытта нақты бағдарларды белгілеуімен халық тарапынан қызу қолдау тапты. Бұны ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуі­ріндегі рухани кеңістігімізді қалыптастыруымыздың жаңа бастауы деп бағалауымыз керек. Сөз жоқ, «Ұлттың рухани коды» дейтін академиялық ұғым кешелі-бүгін ғана емес, мемлекет басшысының ой-санасында әлденеше рет елекке түскен, таразыға тартылған, сан жылдардан бері сарапталып, пісіп жетіліп, өзінің сын сағатын күтіп келген дүние екені даусыз.
Осы кезеңдерге дейін еліміздегі жүзеге асырылған ірі-ірі жобалар мен стратегиялық бағдарламалардың дені саяси-әлеуметтік, экономикалық ендіктерге құрылған болатын. Бәрі де рет-ретімен жүзеге асырылып келді. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – енді ұлттық идеологиялық бағытымызды айқын­даудың кепілі. Өз басым бұл құжатты ұлттық дамуы­мыз­дың негізгі тірегі деп есептеймін.
Өз алдымызға жеке отау құрып, бабалар аманатына қол жеткізіп, шекарамыздың бәрін айқындап жаңа тұрпатты Тәуелсіз мемлекет құрдық. Алыс-жақындағы алып елдермен саяси-әлеуметік, экономикалық және рухани қарым-қатынасты жолға қойдық. Бұл, әрине, бір ауыз сөзбен түйіп айтуға ғана оңай. Әйтпесе, Тәуелсіздіктің осы ширек ғасырында қаншама қиындықтармен, шиеленістермен, күрмеуі қиын әлеуметтік және ұлттық мәселелермен бетпе-бет келгеніміз рас. Сол бір қысталаң кездерде көшімізді сүріндірмей, қайығымызды қай­раңдатпай осы кезге дейін жеткізген Ел Президентінің сарабдал саясаты екенін баршамыз жан жүрегіміз сезіндік, сезініп те келеміз.
Біз қақпа-тереземізді жауып алып, есігін іштен іліп отырған ел емеспіз. Елбасы алғашқы сәт-сағаттардан бастап-ақ жаңа даму жолына түскен елдің көшін алыс-жақын елдермен тығыз қарым-қатынас және бейбіт өмір сүруге бағыттады. Төрт тараппен еркін байланыс орнатып жатқан соң жайын ауыздай жаланған жаһандану дәуірімен бірге келген сан түрлі құбылыстардан бас тарта алмайсың. Сондай кездері, рас, түрлі діни ағымдар мен ұлттық жадымызға, жандүниемізге қай­шы келетін келеңсіздіктер ден­деп еніп кетті. Ал, мұндай жағ­дайларға табандап қарсы тұратын Президент айтқан – «Ұлттың рухани коды!».
«Ұлттың рухани коды» дегеніміз не? Ол – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, мирас болып келе жатқан атамұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұратын дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз, тілдік ерекшелігіміз, діни ұстан­мымыз, білім-ғылымымыз, қор­­­шаған ортамыз, қыл аяғы ошағы­мыз, отымыздың басы. Президентіміздің бағдар­ламаға құрылған мақаласында ендігі жерде біздің дамуымыздың не­гізгі бағыттары болатын ал­ғышарттар нақтылы көрсетіл­ген.
Елбасы «ХХ ғасырдағы ба­тыстық жаңғыру үлгісінің бү­гінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?» деген сауалды жалпы бұқараға қоя отырып, «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқа­ралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортаға салуды жөн көрдім. Халқымның тағылымы мол тарихы мен  ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын!» деп кесіп айтты. Және екі тарау мен алты тармаққа, алты тапсырмаға құрылған Елбасы бағдарламасы – рухани кеңістігіміздің жаңа жаңғыруының жарқын нышаны!
Президент Үкімет пен тиісті құзырлы мекемелерге, қоғамдық ұйымдарға нақты тапсырмалар берген.
Үй сыртында кісі бар. Соған қарамастан Ел Президенті: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тілі­міз бен музыкамыз, әдебие­тіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.
…Мен қазақ­стан­дық­­тардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын: Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды; екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек!» – деп шегелеп, керең естіп, соқыр көретіндей етіп айтып отыр. Елдің, қалың зиялы қауымның күткен әңгімесі еді бұл.
«ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты бірінші бөлімнің «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюция­лық дамуы», «Сананың ашық­тығы» атты алты тармақ және «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімдегі ойлар мен идеялар ұлттық – мемлекеттілікті нығайту мен сақтаудың айқын да нақты көрінісі.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы.

Жауап қалдыру