Түсіндірме жұмыстары жүргізілді

0
45

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес аз қамтылған азаматтарды қолдаудың жаңартылған түрі – атаулы әлеуметтік көмек әрекет ете бастайды. Жаңа бағдарламаның ережелерін түсіндіру бойынша ауқымды жұмыс күтілуде. Осы орайда Алматы облысы Қарасай ауданы Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында жаңашылдықты түсіндіру мақсатында оқу семинары өткізілді.
Семинарда облыстық жұ­мыс­­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Сания Наурызбаева жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің енгізілу тәсілдері туралы айтты. Жиынға сондай-ақ ауылдық округ әкімдері, орын­басарлары, мамандары, жұмыспен қамту бөлімінің және жұмыспен қамту орталығының мамандары, консультанттар мен ассистенттер және ауыл, қала тұрғындары қатысты.
Семинарға жиналғандар жаңа форматтағы атаулы әлеу­мет­тік көмек бойынша өздерін толған­дырған сауалдар­ға тұшым­ды жауап алды.
Атаулы көмектің келесідей ерекшеліктері болады.
– Біріншіден, бүгінде көпбала­лы аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақы­ның 3 түрі, атап айтқанда арнайы мемлекеттік жәрдемақы, балалар жәрдемақысы және атаулы әлеуметтік көмек енді Бірыңғай жәрдемақы түрінде берілмек. Бұл орайда, оның мөлшері қазіргі үш түрлі төлемнің жалпы сомасынан жоғары болады.
– Екіншіден, атаулы әлеу­меттік көмекке қосымша еңбекке қабілетті әр азаматқа кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, оқуы және кәсіп алуы, жеке ісін ашуы және оны жүзеге асыруы үшін шағын несие беру арқылы мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
– Үшіншіден, қиын өмірлік жағдайда жүрген отбасы мүше­леріне мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілмек.
Бүгінгі таңда жергілікті мамандар қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында оқытылуда.
Айта кету керек, 2014 жылдан бері еліміздің барлық өңірінде «Өрлеу» жобасы немесе жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмектің нұсқасы пилоттық тәртіпте енгізілді. Тек биылдың өзінде елімізде «Өрлеу» жобасына шамамен 161 мыңдай адам қатысты.
Жоспар бойынша, келер жылы мемлекеттен 350 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болады.
Атаулы әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыру мақ­сатында қызметті «жалқы терезе» ұстанымымен Жұмыспен қамту орталықтарында көрсету көзделіп отыр. Ендігі жерде азаматтар қазіргідей 3 жерге емес, құжаттардың бір пакетін жинап, бір ғана мекемеге жүгінбек. Көмекті алу үшін қалада – Жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық елдімекендерде – ауылдық округ әкімдеріне бару қажет.
Семинар барысында «Атаулы әлеуметтік көмек-жаңа фор­маты» бойынша ақпарат бе­ріліп, семинар соңында бар­лық қатысқан азаматтар тест сұрақтарына жауап берді.

Қайрош ЖУСАНБАЙ

Жауап қалдыру