Төрт өңір «жүрісінен» жаңылды

0
94

Ұлттық банктың хабарлауынша, 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,2% құрады, – деп жазады inbusiness.kz.
Көрсеткіштің өсуіне ең көп үлес қосқан өңдеу өнер­кәсібі, Қашаған кешенінде жөндеу жұмыс­тарының бас­­талуына байланыс­ты ондағы құрылыстың қар­қын алуы және шикі мұнай өн­діру және оны сату көле­мі­нің ұлғаюы әсер етіп отыр.
Жыл басынан бері үшінші ай қатарынан тұрақты өсіп келе жатыр демесеңіз, жалпы республиканың қысқа­мерзімді экономикалық ин­дикаторы былтыр жел­тоқсан айында 2%-ға дейін құла­ғанынан кейін әлі қал­пына келе алмай жатыр. Былтыр қарашада шамамен 5%-дан, желтоқсанда 3%-ға дейін құлдырап кет­кен еді. Өңірлер бойынша қысқамерзімді эконо­мика­лық индикатордың макси­мал­ды мәні Атырау облысында (12,9%) байқа­луда. Оның себебі шикі мұнай өндірісі мен аймақтағы кө­терме сауданың көбеюі жә­не көлік қызметі мен құры­лыстың қарқын алуы болса ке­рек.
Өз кезегінде жыл басынан бері байланыс қызмет­терінің көлемінің төмендеуі аймақтың дамуына кері әсерін тигізуде. Атырау облысынан кейін экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан өңір Шығыс Қазақстан облысы. Облыстың экономикасы жылдың алғашқы үш айында 10,6% өссе, Қостанай облысындағы көрсеткіш 8% өсім көрсетіп отыр. Одан кейінгі Солтүстік Қазақстан облысындағы индикатор да жаман емес, 6,3% шамасында. Ал Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе, Ақмола облыстарының эко­номикасы жылдың алғаш­қы тоқсанында 2-4%-ға жоға­­рылады. Көрсеткіш бол­машы ғана көбейген өңір Пав­лодар облысы. Бұл об­лыстың экономикасы жыл басынан бері 1,4% ғана көтерілген.
Экономикасы жыл басынан бері минусқа кеткен өңірлер де бар. Атап айтар болсақ, қысқамерзімді эко­номикалық көрсеткіші қат­ты төмендеп кеткен өңір Маңғыстау облысы. Мұн­дағы өнеркәсіп, құры­лыс, сауда және байланыс саласының тоқырауы өңір­дегі көрсеткіштің 2,5% аза­йып кетуіне түрткі болған. Одан кейінгі Қара­ған­ды облы­сындағы өнеркәсіпте өндіріс көлемінің азаюына шойын, болат және оқшау­ланған сым өндірудің төмен­деуі өңір экономикасын 2,4%-ға төмендетсе, Қызылорда және Батыс Қазақстан об­лыс­тарының экономикасына кері әсер еткен фактор шикі мұнай және газ конденсатын өндіру көлемдерінің төмен­деуі екен. Тиісінше бұл екі өңірдің көрсеткіші жыл басынан бері 1,9% және 1,4% төмендеген.

Бауыржан Мұқан

Жауап қалдыру