Ұстаздар күні құрметіне

0
175

25 қыркүйек күні Қоғамдық атақтар мен марапаттар жөніндегі Республикалық кеңес мұғалімдер күні қарсаңында қоғамдық негіздегі «Білім беру саласының үздігі» құрметті атағы мен медалін салтанатты тапсыру шарасын өткізді. Шараға оқу-ағарту саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан көрнекті ғалымдар, арнайы қонақтар мен республиканың түпкір-түпкірінен жиналған үздік ұстаздар қатысты.
Марапаттау рәсімі Қоғамдық кеңес төрағасы, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Мұнан соң арнайы шақырылған құрметті қонақтар марапатталды. Олардың қатарында Алматы экономикалық колледжі­нің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қасымбек Жақсыбай, күйші, өнер зерттеушісі, «Көкіл» мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов, филология ғылымдарының докторы, Нұр-Мүбәрак университетінің профессоры Ислам Жеменей бар.
Мұнан кейін марапаттау алқасының мүшесі, Қазақ­станның Еңбек Ері Аягүл Миразова құттықтау лебіз білдірді. Арнайы марапаттау алқасының сүзгісінен өтіп, іріктелінген ұстаздардың кеудесіне төсбелгі тағылып, сертификаттар табыс етілді. Оқу ісінің 100-ден астам үздігінің басын қосқан шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Дана халқымыз «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп тәрбие жұмысындағы мұғалімдердің орнын баяғыдан-ақ екшеп қойған. Осы бір әдемі үрдістің жалғасуына Қоғамдық кеңес өз тарапынан осылайша үлесін қосып келеді.

Меліс СЕЙДАХМЕТ.

Суреттерде:  марапатталған ұстаздар тобы.

Суреттерді түсірген Қ.МАРАТ

Жауап қалдыру